21:32 19 Қараша 2018
Тікелей эфир
  • USD367.06
  • EUR416.17
  • RUB5.56
Әйел қан өткізіп жатыр

Қан тапсырудың пайдасы мен зияны: шариғат бұған не дейді?

© Sputnik / Александр Кряжев
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
296 0 0

Қазақстанда жыл сайын 220 мың донор қан тапсырады және осы қанды реципиентке жеткізетін 18 орталық жұмыс істейді

АСТАНА, 6 қараша — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Дәрігерлер қан тапсыруды әдетке айналдырған адамның ағзасы әртүрлі аурулар мен күйзеліске қарсы тұра алатынын, жүрек-қан тамырлары ауруына сирек шалдығатынын дәлелдеп шықты. Сонымен қатар, тұрақты донор қандай да бір ауыр жарақат алған жағдайда жоғалған қанды тез толтырып алуға бейімделетіні анықталған. Ал шариғат тұрғысынан алсақ, мұсылман бауырыңа қаныңды беріп, көмектесу өте сауапты іс болмақ. Сол себепті бұған мүлдем тыйым салмайды. 

Қазақстанда қан қызметі саласында жұмыс істейтін 18 орталық бар. Әр жылы елімізде 180 мың донор қан тапсырады, сондай-ақ, 220 мыңға жуық донация жасалады. Ал Астана қаласында жыл сайын 21 мың донор қан тапсырады. Бүгінде трансфузиология орталығы қаладағы 23 медициналық ұйымды қанмен қамтамасыз етіп отыр. Осылайша жыл сайын ерікті түрде қан тапсыратындардың саны артып келеді. 

Тағы оқыңыз:

Қазақстанда тегін қан тапсырған донорларға "Халық денсаулығы туралы" кодекске сәйкес, 2 күн демалысқа анықтама беріледі. Осы демалысты донор бір жыл ішінде кез келген уақытта алады. Сондай-ақ, донорлардың қан тапсырған күні жұмыс істемеуге құқы бар және оларға қан тапсырғаннан кейін күш-қуатын қалпына келтіруге арналған тамақ немесе белгілі бір мөлшерде ақша төленеді. Бұл — 0,25 АЕК.

Адамға қан құю қайдан шықты?

Адамға жануардың немесе басқа адамның қанын құю тарихы қайғылы оқиғалардан басталған. Уақыт өте келе бұл тұрақты түрде пайдаланылатын тәжірибеге айналып, артынша оған билік тыйым салған жағдайлар да болған.

Ежелгі заманда науқастарды емдеу кезінде жануардың қанын пайдаланған. Гомер құрбандыққа шалынған жануарлардың қаны пайдаланылғанын алғаш рет жазған. Ұзақ уақыт бойы адамзат қанды өмір жасын бірнеше жылға ұзартатын, жараланған кезде жоғалтқан қанның орнын толтыратын ғажайып сұйықтық ретінде қабылдап, ішіп келген.

Мысалы, Мысыр әскері жарақат алған адамдарға қан қажет болуы мүмкін деген оймен отар-отар қой алып жүретін болған. Мұнымен қатар, Гиппократ психикалық ауытқуы бар адамдарға дені сау құрдастарының қанын ішуді ұсынған. Плиний мен Цельс туындыларында қарт адамдар жасару үшін өлген гладиаторлардың қанын ішкені туралы хикаялар бар.

Тағы оқыңыз:

Папа Иннокентий VIII біраз жасқа дейін үш 10 жасар баланың қанынан дайындалған сусынды ішіп, жастық шағын қайтарғысы келген деседі. Сондай-ақ, алапес ауруына шалдыққан көне Грекия патшасы Константин емделу үшін қан құйылған ваннаға шомылатын болған. Яғни орта ғасырлар мен қайта жаңғыру дәуіріне дейін қан адамға тамыры арқылы құйылмаған.

1616 жылы Уильям Гарфей қан айналым заңын ашты. Осының негізінде қан немесе дәрілік сұйықтық тамыр арқылы құйыла бастады. Ғалым қан айналымы туралы пікірін алғаш рет 1616 жылы Лондон қаласында оқыған дәріс кезінде бөлісті.

Бұдан кейін ол 1628 жылы "Жануарларда жүрек пен қанның жылжуы туралы анатомиялық зерттеу" деген жұмысын жариялады. Осы еңбегінде ғалым 1 500 жылдан бері келе жатқан Гален ілімін жоққа шығарып, қан айналым жүйесіне жаңа анықтама берді. Бірақ, маман қанның артериядан көктамырға қалай баратынын түсіндіре алмады. Осылайша Гарвей шәкірттерін қанды қан тамырына құюға үйретті және оның ғылыми негізделген идеясын тапты.

Ал қан құюдағы алғаш тәжірибені 1665 жылы Лондон анатомы Ричард Лоуэр жасап көрді. Ол денесі құрысып қалғанша иттің мойын тамырынан қан шығарып алды. Кейін оған басқа иттің қанын құйып, бірнеше сағат ішінде жануарды қайта қалпына келтірді. 

Тағы оқыңыз:

Қанды жануардан адамға алғаш рет математик, философ және Сорбонна медицина университетінің профессоры Жан Батист Дени құйып көрді. Ол Ричард Лоуэрдің материалдарымен толықтай танысып, 1667 жылы 15 маусымда безгек ауруына шалдыққан науқасқа күретамырдан көктамырына 250 миллилитр қозы қанын құйды. Тәжірибе сәтті болғанымен, тағы бір науқасқа жасалған төртінші трансфузия 2 айдан кейін өліммен аяқталды. Осы жағдайдан кейін 1668 жылы Франция депутаттарының палатасы мен Ұлыбритания парламенті қанды жануарлардан адамға құюға заңмен тыйым салды. Жалпы дәл осындай зерттеулер 150 жылды құрап, қайтадан адамға қан құйыла бастады.

Қан құюдың пайдасы мен зияны қандай?

Қан қызметі орталығы донорлық кадрларды жинақтау бөлімінің меңгерушісі Эльмира Рашидқызы қан өткізудің донор денсаулығына қандай пайдасы мен зияны болуы мүмкін екеніне тоқталды.

Маманның айтуынша, әр адамның ағзасындағы қан мөлшері орташа есеппен 4-5 литрді құрайды. Адам осы қанның 12% мөлшерін тұрақты түрде жоғалтып отыру арқылы қан айналым жұмысын жақсартып, күйзеліске қарсы тұра білу қабілетін арттыратыны дәлелденген. Әдетте донор бір өткізгенде ең көп 450 миллилитр қан тапсыра алады. Мұның ішінде 30-35 миллилитрі анализ жүргізу үшін алынады. Сондай-ақ, ағза ешқандай қиындықсыз жоғалтқан қанды қайта қалпына келтіреді.

Бұдан өзге маман заманауи қан тапсыру пунктілері донор өзін жайлы сезіну үшін барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылғанына тоқталды. Бар болғаны донорға ине сұққан кезде ауыр тиюі мүмкін. Әрі қарай адам процедураның қалай жүргізілетінін сезбей де қалады. 

Тағы оқыңыз:

Қан өткізгеннен кейін донор аздап өзін жайсыз сезінуі мүмкін. Сол себепті қан өткізген күні ауыр физикалық жұмыстар істемеуге және алыс сапарға шықпауға кеңес беріледі.

Қан компоненттері — плазма, тромбоциттерді өткізу бір жарым сағатқа дейін жалғасуы мүмкін. Бөлім меңгерушісі қан қызметі орталығында бір рет қана қолдануға болатын материалдар пайдаланылатынын айтып сендірді. Яғни қан алу зарардансыздырылған және бір реттік құрылғының көмегімен жүргізіледі. Сондай-ақ, оны көзіңізше ашып көрсетеді.

"Қан өткізуге бір тәулік қалған кезде майлы, кептірілген, фастфуд — яғни адам үшін зиянды болып табылатын кез келген тамақты жемеген жөн. Бұдан өзге майлы тағам қанның сапасына әсер етіп, оған ешқандай зерттеу жүргізе алмайтындай күйге жеткізеді. Нәтижесінде мұндай қанды науқасқа құя алмаймыз", — деді маман.

Процедура алдында ұйқыны қандырып, таңертең ботқа немесе пісірілген нан өнімдерін жеп, тәтті шай ішкен жөн. Қан өткізіп болған соң мүмкіндігінше күніне бес уақыт тамақтанып, көбірек сұйықтық ішу қажет. Мұнымен қатар, маман донорлық өздігінен дене массасына мүлдем әсер етпейтінін айтады. Бар болғаны кей адам нұсқаулықты дұрыс түсінбей, қан тапсырар алдында калориясы жоғары тағамдарды көп жей бастайды. Осының салдарынан тоқтай алмай, артық салмақ қосып алатын кездері болады.

"Кейде әйел адамдар қан тапсыру теріге және оның түсіне кері әсерін тигізеді деп қан өткізбеуге тырысады. Шын мәнінде, адам қан өткізу арқылы иммунитетін, жүрек-қан тамырлары және ас қорыту жүйесін жақсартады. Ережеге сай донорларда тері түсі мен тонусқа қатысты қандай да бір қиындық болуы мүмкін емес. Олар үнемі сергек әрі көтеріңкі көңіл-күймен жүреді", — деді Эльмира Рашидқызы.

Тағы оқыңыз:

Әрі қарай маман "Адам жиі қан тапсыратын болса, ағзасы үйреніп қалатыны рас па?" деген сауалға жауап берді.

Айтуынша, бұл жерде адам ағзасының әртүрлі ауру мен күйзеліске қарсы тұра білу қасиетінің артуы туралы ғана сөз қозғай аламыз. Яғни адам ағзасы осы нәрселерге үйренеді. Мұнымен қатар, жиі қан тапсыратын адамдардың ағзасы қандай да бір ауыр жарақат алған кезде жоғалған қанды тез толтырып алуға бейімделеді. Осы күнге дейін жүрек-қан тамырлары ауруының таралмауына донор болудың көп пайдасы тиетіні дәлелденген.

Сондай-ақ, кейде науқастар донордың өзімен бір ұлт өкілі болуына мән беретін кездер кездеседі. Алайда маман мұның реципиентке ешқандай әсері жоқ екенін айтады.

"Донор мен реципиенттің бір-біріне қаншалықты сай келетіні тікелей қан құрамымен, ол жерде белгілі бір ақуыздың болуы және болмауымен байланысты. Яғни мұнда екеуінің қай ұлттан болатыны маңызды емес. Қан құю кезінде міндетті түрде қанның өзара топ бойынша сәйкес келуі мен резус-факторы ескеріледі. Ал бұл көп жағдайда әртүрлі нәсіл мен ұлт өкілдері арасында бірдей. Ақуыздар өзара сәйкес келіп жатса, жыныс, ұлт және жас дегендерге қарамайды", — деді Эльмира Рашидқызы.

Әрі қарай бөлім меңгерушісі қан арқылы адамның белгілі бір қасиеттерінің екіншісіне берілуіне тоқталды. Яғни бұл түсінік қате. Орта ғасырларда қан адам жанын тасымалдаушы бір бөлік ретінде саналғаны рас. Шын мәнінде, қан арқылы реципиентке донордың қандай да бір қасиеттері берілмейді.

Тағы оқыңыз:

Қан өткізудің пайдалы тұстарына тоқталған Эльмира Рашидқызы бүгінде көптеген аурухананың қан өткізетін донорға зәру болып отырғанын жеткізді.

"Қазақстанда донор қаны жеткілікті деген де — қате пікір. Әр кез аурухана қанға мұқтаж. Сол себепті донорлық өте маңызды. Тіпті, сіз де бір адамның өмірін аман алып қалуға себепші болуыңыз мүмкін", — деді ол.

Қан құю туралы шариғатта не дейді?

Ислам дінінде зекет және пітір садақасынан өзге садақа беру түсінігі бар. Мал-мүлік, ақша арқылы жәрдемдесумен қатар, мұсылмандардың бір-біріне жылы шырай танытып, көңілін аулауы садақаға кіреді. Әсіресе, мұқтаж жанға дер кезінде көмек көрсетіп, өз қанын беру сауабы мол іс болып саналады. Өйткені қан беру арқылы адам екінші бір жанның өмірін аман алып қала алады.

Бұл туралы Алла тағала Құран-кәрімде "Сол себепті біз, Исрайыл әулетіне "Қандай-да бір адамды өлтірмеген, жер бетінде бұзақылық жасамаған жанды нақақ өлтірген адам барша адам баласын өлтіргенмен тең. Ал ол жанды, өлім аузынан алып қалған кісі күллі адам баласын құтқарып қалғанмен тең", — деген үкім шығардық" деп адам өмірінің құнды екеніне ерекше мән берген.

Тағы оқыңыз:

Шариғатта дүние-мүлік арқылы жасалған садақаның сауабы жеті жүз есеге дейін жетіп жығылатыны туралы айтылған. Яғни қан берудің сауабы мұндай садақадан артық болады. Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.у) "Кімде-кім мұсылман баласын қайғы-қасіреттен құтқарса, Аллаһ Тағала оны қиямет күнгі қайғы-қасіреттердің бірінен құтқарады" деген хадисі дәлел.

Осы орайда, маман шариғатта қандай жағдайда қан беруге тыйым салынатынын түсіндірді.

"Жалпы шариғатта қан беруге рұқсат етілген. Ол да садақаның бір түріне кіреді. Шариғатта мұсылман бауырдың жүзіне күліп қараудың өзі садақаға жатады. Мысалы, кей уақытта адамдар ауыр жол апатына түсіп, көп қан жоғалтады. Осы уақытта мұсылман бауырыңа қаныңды беріп, көмектесетін болсаң, оның сауабы өте көп. Сол себепті шариғат бұған мүлдем тыйым салмайды.

Тіпті, тұрақты түрде мешіттерде қан өткізу акциялары ұйымдастырылып тұрады. Тек қанды ақшаға сатуға тыйым салынған. Себебі, ол саудаға салатындай зат емес.

Кейде рахмет ретінде донорға ақша ұстатып жатады. Ал бұл мүлдем бөлек мәселе", — деп түсіндірді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы.

Тақырып бойынша

Мүфтият: ислам қаныпезер қарақшылық пен қан төгуді қатаң айыптайды
Қан тапсыр да, iPhone ұтып ал!
Психикалық науқас пышақтаған учаскелік инспектор 4 литр қан жоғалтты
Дәрігер ота жасағаннан кейін науқасты зорлап тастады
Белгілі дәрігер дәретханаға түнде екі рет бару ненің белгісі екенін айтты
Дәрігер – дәрігер емес: денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желідегі бейнені тексеруде
ОҚО-да молда мешітте өзіне қол салмақ болған ер адамды құтқарды
Кілт сөздер:
қан тапсыру, қан, донор, шариғат, денсаулық, дәрігер, Астана, Қазақстан
Загрузка...

Басты тақырыптар