14:52 07 Желтоқсан 2019
Тікелей эфир
  • USD384.97
  • EUR427.12
  • RUB6.04
көк көз

Нағыз қазақтардың көзі көк, шашы сары болғаны рас па: аңыз vs шындық?

© Public Domain
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
277100

Қазақстан территориясын мекендеген тайпалардың еуропеоид нәсілді болғаны туралы концепцияны алғаш ғалым Оразақ Смағұл ұсынды

АСТАНА, 11 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Өміріңізде бір рет болсын "Біздің бабаларымыздың көзі көк, шашы сары еуропеоид болған. Бірақ Шығыс Азиядан келген моңғолдар қазақтың сырт келбетін бұзды" деген пікірді естіген шығарсыз. Бірі мұны әзілге баласа, екіншілері шындыққа жанасатынын айтады. Десе де, аталған тезиске қатысты пікірталас қоғамда әлі күнге дейін жалғасып келеді. Осы орайда, тілшісі тарихшы, антрополог мамандардың пікірін сұрады.

Қазақстанда алғаш рет қазақтардың ежелгі ата-бабалары еуропеоид нәсіліне жатқандығы туралы концепцияны антрополог ғалым Оразақ Смағұлов ұсынды.
Ғалым "Қазақ халқының шығу тегі" атты еңбегіне 60 жыл уақытын арнаған. Аталған кітапта Қазақстан территориясын 4 мың жыл мекендеген тайпалардың генетикалық жақындығы, туыстық қарым-қатынасы, көші-қоны, орналасуына қатысты морфофизиологиялық және генетикалық көрсеткіштерге негізделген тарихи фактілер келтірілген.

Кітап "Қазақ бабаларының жеріне адамдардың қоныстануы. Басы", "Қазақ халқының шығу тегі мен тарихы туралы Қазақстанның гуманитарлық ғылымдары", "Қазақ халқының физикалық антропологиясын кешенді зерттеу" және "Қазақ халқының физикалық түр-тұлғасының 40 ғасыр бойы түзілуі" атты төрт бөлімнен тұрады. Антрополог осы еңбегінде Қазақстан территориясын мекендеген ежелгі тайпалардың сырт келбетіне қатысты дәлелді ақпарат береді.

Көпжылдық зерттеу нәтижесінде Оразақ Смағұл қазақ халқының этногенезі және этникалық тарихын зерттеуде Қазақстанда алғаш рет антропологиялық материалдар қолданды. Ғалым палеоантропология (көне замандағы адамдардың бас сүйек қаңқасын зерттейтін сала), этникалық краниология (бас сүйек), серология (қан жүйелері), соматология (бас-дене құрылысы), одонтология (тіс құрылысы) мәселелерін зерттей келе, 40 ғасырға жуық уақыт қазіргі, орта ғасырлардағы және ежелгі Қазақстанды мекендеген тайпалардың генетикалық құрылымын анықтады. Сондай-ақ, ғалым қазіргі қазақтар мен қола дәуірі тұрғындарының ортақ жалғастығы барын айғақтады.

Тағы оқыңыз:

Оразақ Смағұл ғалым Айнагүл Смағұлмен бірігіп жазған монографиясында қазақтарда байырғы еуропеоид ерекшеліктері сақталып қалғанын айтады. Яғни, қазіргі қазақтардың ежелде территориясын мекендеген бабаларынан сабақтастығы бар.

"Жер бетінде таза раса болмайды"

Мұнымен қатар, антрополог қарапайым оқырманның айтылған мәліметті биологиялық, физиологиялық зерттеулер жүргізіп жүрген мамандар деңгейінде түсінбеуі мүмкін екенін айтады. Ал ежелде Қазақстан территориясын мекендеген еуропеоидтардың көзінің көк, шашының сары болуы — екінші дәрежелі белгілер ғана екенін ескертті. Сондай-ақ, ол ежелгі және қазіргі еуропеоидтардың айырмашылығы жер мен көктей екеніне тоқталды.

"Осыдан 4 мың жыл бұрын Алтай мен Каспийге дейінгі аралықты мекен еткен қазіргі қазақтардың ежелгі ата-бабалары бет-бейнесі, дене құрылысы, қаңқа сүйегі жағынан көне еуропеоид болған. Сондай-ақ, әр өңірдің көне еуропеоидтардың өзіндік аймақтық ерекшеліктері болғанын түсінуіміз керек. Соның ішінде Қазақстан жерін мекендеген еуропеоидтардың беттері жалпақ, аласа, мұрындары қоңқы, маңдайлары тайқылау келген. Олар қазіргі қазақ расасының түзілуіне негіз болған адамдар. Қалай болғанда да, ең түпкі арғы атасы", — деді тарихшы Оразақ Смағұл.

Бұдан өзге ғалым бүгінгі таңда жер бетінде бірде-бір таза раса жоқ екенін айтып өтті.

"Астарында саясат жатыр…"

Ал тарихшы Жақсылық Сәбитов "Андрондықтар — қазақтардың бабаларының бірі. Есімдері әдейі өшірілген басқа да бабалары болған" деген пікірде. Яғни ғалым бұл концепция астарында саясат жатқанын меңзейді.

"Бұл қазіргі заман қазақтарының Қазақстанды ежелде мекен еткен тайпаларымен антропологиялық байланысын көрсете отырып, ұлттың осы территорияны иемденуге құқығы бар екенін дәлелдеу үшін қажет болды. "Қандас туысқандыққа" қатысты концепция халыққа келесідегідей жетті: "Біздің бабаларымыздың (нағыз қазақтар) көзі көк және өздері еуропеоид болған. Бірақ Шығыс Азиядан келген көшпелілер (моңғолдар) легі қазақтардың сырт келбетін бұзды". Бұл аңызды мысалмен түсіндірейін. Аңыз деп әдетте қиын дүниені оңай жолмен жеткізуді айтамын", — деді тарихшы.

Жақсылық Сәбитов сөзі түсінікті болуы үшін мысал ретінде екі әжесі мен екі атасы бар адамды алды. Ол басқаларға қарағанда нағашы әжесімен жақындығы барын жиі ауызға алады. Себебі, оған марқұм әжесі Алматының қақ ортасынан 14 бөлмелі пәтер сыйлап кеткен. Бұл адамда әжесімен осы үйде бірге тұрғаннан бөлек, өзге де ұқсастықтары болуы мүмкін. Немересі әжесін өзіне жақын тарту арқылы ақырындап басқа мұрагерлерді ығыстырады. Дәлірек айтсақ, мұның астарында материалдық құндылық жатыр.

Тағы оқыңыз:

"Бұл аңыз антропологиялық доктрина негізінде шығып отыр. Аталған доктрина қазақ халқының ежелде Қазақстанды мекендеген тұрғындардың краниологиялық мұрагері екенін көрсетті. Сондай-ақ, бұл саясат Қазақ ССР саяси элитасы үшін тиімді болды. Осы секілді Есік қорғанынан табылған "еуропеоид" нәсілді сақ тайпасының тәуелсіз Қазақстанның символына айналуы таңғаларлық жағдай емес. Қорыта айтқанда, "Нағыз қазақтар — көк көзді еуропоидтер болған" деген тезис қате. Қалай десек те, "атаңыздың тойы — атаңыздікі". Көк көзді еуропеоидтар, яғни андроновтықтар қазақтардың бір бабасы ғана, оны жалғыз бабасы деп айта алмаймыз", — деді Жақсылық Сәбитов.

"Көзі көк, шашы сары болғанын ешқашан дәлелдей алмаймыз"

Ал тарихшы Жамбыл Артықбаев қазақтардың ежелгі ата-бабаларының еуропеоид нәсілді болғанын дәлелдей алсақ та, көзі көк, терісінің түсі сары болғанына қатысты нақты дәлел келтіру қиын екеніне назар аударды. Осы орайда, ғалым мысалға ирандықтарды келтірді. Яғни аталған ұлт өкілдері еуропеоид нәсіліне жатса да, олардың шашы қара, терісінің түсі қоңырға жақын, ал көзі қара немесе қоңыр болып келеді.

"Оразақ ағайдың зерттеу жұмысын толықтай қолдаймын. Өзім де жүргізген зерттеу жұмысында қазақ этногенезінде еуропоидтық болғанын дәлелдейтін көптеген факті табылды. Сондай-ақ, бертін келе физикалық антропология аясында жүргізілген зерттеулер бойынша, ерте кезеңде қазақтардың ата-бабаларында еуропеоидтық белгілер басым болса да, кейін олар монголоидтік белгілермен алмасқан. Бұдан өзге еуропеоидтік белгілердің басым болғанын ДНҚ зерттеулері де дәлелдеп жатыр", — деді тарихшы.

Жақсылық Артықбаев Қазақстан территориясында өмір сүрген адамдарда еуропеоидтік белгілер болғанын еуропа тілдік семьясының түркі тілдерінен кейін ажырағандығынан білуге болатынын айтты. Яғни, көне қазақ тілі Еуропа тілдеріне өте жақын. Мысалы, ағылшын тіліндегі "eyes" сөзі. Қазақта осыған ұқсас "айыз" деген сөз бар және ол "айызым қанды" деген секілді тіркесте көз мағынасында қолданылады.

"Ежелгі адамдардың сүйегі мен дене бітіміне қарап еуропеоид болғанын айтсақ та, ешуақытта көзі көк, ал терісінің түсі сары болғанын дәлелдей алмаймыз. Әзірге бұларды анықтауға арналған ғылыми зерттеу әдістемесі жоқ", — деді Жамбыл Артықбаев.

Тағы оқыңыз:

Ал тарих ғылымдарының докторы Асылбек Ізбайыров ежелгі адамдардың көзі мен терісінің түсін сол кезеңде жазылған тарихи қолжазбалар арқылы анықтауға болатынын айтады. Сондай-ақ, ғалым ежелгі адамдардың еуропеоид нәсілді болғандығы туралы пікірмен келісетінін жеткізді.

Ал, Сіз оқырман, ғалымдардың пікірімен келісесіз бе? Нағыз қазақтардың көзі көк, шашы мен терісінің түсі сары болды деп ойлайсыз ба?

Тақырып бойынша

Назарбаевқа қазақтың санын көбейтетінін айтқан орыс қызы уәдесінде тұрды
Ауғанстанның 49 азаматы елімізде оралман қазақтың мәртебесін алмақ болған
Қоғам қайраткері: қазақтың жері ешқашан сатылмауы керек
Сәрсенбай: қазақтың бірталай жері Қытайға өтіп кетті
Депутат: қазақтың қасиетті жылқысы қазы мен қарта үшін ғана қажет пе?!
Қазақтың құрақ құрау өнері - әлемдік асыл мұра
Кілт сөздер:
ата-бабалар, көк көз, тайпа, қазақ, тарих, зерттеу, Оразақ Смағұл
Загрузка...

Басты тақырып