10:43 25 Тамыз 2019
Тікелей эфир
  • USD386.34
  • EUR427.25
  • RUB5.88
Әкесі қызының бетінен сүйіп тұр

Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі қандай?

© Bob_Dmyt
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
1005 0 0

Жүктілік кезінде күйеулері қолдау көрсетпеген әйел босанғаннан кейін депрессияға түседі

АСТАНА, 20 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Қазақ қоғамында ғана емес, әлемнің көптеген елінде әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі екінші орынға ығысады. Мұның өзіндік себептері бар: ер адамды психологиялық сауаты бар ата-ананың тәрбиелемеуі немесе отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп, балаларына көп көңіл бөле алмауы және т.б. Десе де баланың даму кезеңдерінің әрқайсысында әкенің өзіндік рөлі бар. Осы орайда психоаналитик Томирис Сағындық әкенің жанынан табылуы бала үшін қаншалықты маңызды екенін айтып берді.

"Әкенің басты қызметі деп сәбилі болатындарын білген сәттен бастап әйеліне бұрынғысынан да көбірек көңіл бөліп, 7 жасқа дейін үнемі баласының жанынан табылып, жадында тек бақытты естеліктер қалдыруға тырысуын айта аламыз. Жаман жағдайда ер адамдар үш түрлі сценарий бойынша әрекет етеді. Ол — сәбилі болудан бас тарту, әйелін сәбиінен қызғану және бала тәрбиесіне мүлдем араласпау. Әке болу үшін ер азаматқа үлкен жауапкершілік керек. Себебі ерлі-зайыпты отбасы алдындағы өз міндеттерін біліп, балаларын махаббатпен тәрбиелесе ғана барлығы бақытты болады", — дейді психоаналитик.

"Қыз Жібек пен Төлегеннің хикаясы"

Сондай-ақ, маман жүкті әйелдің күйеуі қолдау білдіріп, барынша көңіл бөлген жағдайда ғана өзін бақытты сезінетінін айтады. Және керісінше күйеулері мүлдем қолдау көрсетпесе, әйелдер босанғаннан кейін депрессияға түседі. Бірінші кезекте ерлі-зайыптының өзара түсінісуі бала психикасының дұрыс дамуына әсер етеді.

Оның үстіне сәби дүниеге келген сәттен бастап ер адам мен әйелдің бір-біріне деген қарым қатынасы міндетті түрде өзгереді. Себебі олар мұндайда өздерінің сәби болған кездерін жиі еске алады. Құдды сәбилері анасын тартып алғандай күй кешеді. Бала кезінде бірге өскен бауырларын еске түсіріп, бойларында қызғаныш оты маздайды. Кейде, тіпті, ер адамдар үшін ұл бала қарсылас болып көрініп, екеуі бейсаналы деңгейде бір анаға таласады. Осы орайда, психоаналитик Анна Құдиярова пациентін мысалға келтірді.

Тағы оқыңыз:

"13 жылдан бері бір-бірін керемет жақсы көрген жұбайлар бала таба алмай жүр. Көп жағдайда әйел түсік тастаса, мұнда жатырға бала бітпей тұр. Ер адам әйелін керемет жақсы көріп, оны мойнына мінгізеді. Әйел де оны қатты жақсы көреді. Бір-біріне деген махаббаттары Қыз Жібек пен Төлегеннен де артық. Отбасылық өмірде дауыс көтеріп, қас-қабақ түю деген нәрсе жоқ. Олар 13 жылдан кейін балалы болды. Бірақ әйел перзентханадан келемін дегенше, күйеуі ішімдікке салынып, басқамен жүріп кетті. Әйел көп жылдан бері күткен ұлымен бірге жалғыз сүмірейіп босағадан кірді. Сондағы себеп бұлардың бір-біріне деген шексіз махаббаты. Яғни оларға үшінші адам қажет емес", — деді психоаналиик.

Бейсаналы деңгейде әйел дайын болғанымен, ер адамның бойынан батылдық табылмады. Отағасында "әйелімнің өмірінде бір ғана ер адам болуы тиіс" деген ой қалыптасқан. Ол әйелін өзінің сәбиінен қызғанған. Туған ұлын өзіне қарсылас, бәсекелес ретінде қабылдайды. Мұның барлығы — тек бейсаналы деңгейде болып жатқан процесс. Ер адам бірнеше жыл бөлек тұрса да, артынша қайтып келді.

"Әке балаға анасынан ажырауға көмектеседі"

Томирис Сағындық кей жағдайда психологиялық сауаты төмен әкелердің өздері жете алмаған мақсат-мұраттарын балалары арқылы жүзеге асыруға тырысатынын айтады. Дұрысында әке ұл-қызының өз алдына жеке тұлға екенін қабылдай білген жағдайда ғана бала өмірден өз жолы мен орнын таба алады.

"Әдетте сәби 8 айлығында адамдарды "алыс-жақын" деп бөле бастайды. Егер әкесі осы уақытқа дейін оны тамақтандырып, жөргегін ауыстырып, анасы секілді қарым-қатынас танытса, ол екіншілердің (жақын адамдар) қатарына қосылады. Бұдан кейін 13-18 айлығында анасынан ажырау кезеңі басталады. Анасынан ажыраған сәби ғана болашақта отбасын құрып, бала-шағалы бола алады. Ал бұл процесте бірінші кезекте әкенің көмегі мол", — дейді Томирис Сағындық.

Бір жастан асқан кезде сәби еңбектеп, алғашқы қадамдарын басып, ойын ойнап, айналасын зерттейді. Филлис Гринэйкрдің айтуынша, сәби мен қоршаған орта арасында ғашықтық сезімі пайда болады. Қажет болған жағдайда сәби анасы мен әкесінің жанына келіп қуат алып кетеді.

Бала әкесіне қашан жақындай бастайды?

Әкелерімен белсенділікті қажет ететін ойындар, ал анасымен тығылмаш ойнауға тырысады. Бұл анасынан ажырап, әкесіне жақындай түсуінің белгісі.
12 айдан кейін ұл балалар өздерінің анатомиялық құрылысы бөлек екенін, аналарына қарағанда әкелеріне көбірек ұқсайтынын көре бастайды. Осыдан кейін сәби әкесін мінсіз санап, беделі мықты ер адамға жақынырақ болуға тырысады.

"18-36 ай аралығында сәби анасын көп қажет ете бермейді. Анасының жанына қуат алып кету үшін келмейді, тек арасында көзбен көрсе жеткілікті. Есесіне мұның орнына әкесімен және өзге адамдармен көбірек бірге болып, өзінің әлеуметтік ортасын қалыптастырады. Іштей анасын жек көре бастайды", — дейді маман.

Тағы оқыңыз:

Эрнст Абелин "триангуляция" түсінігін енгізген болатын. Бұл — сәбидің анасынан ажырап, өзге адамдармен, сондай-ақ, ата-анасымен араласа білу қабілеті.
Бұдан өзге маман баланың есейе келе әкесімен қарым-қатынасы қиындап, оны анасын тартып алған қарсылас ретінде көретінін айтады. Сезімтал әрі психологиялық сауаты бар әке балаға іштегі бақталастық сезімін жеңуге көмектеседі. Бұл әсіресе ұл балалар үшін пайдалы. Себебі олар бастапқыда аналарын әйел, болашақ жар ретінде қабылдайды.

Қыз бала "бір мүшесін кем етіп жаратқан" анасын жек көреді

Ал қыз балалар үшін әкесімен қарым-қатынасының дұрыс болуы өзінің әйелдік болмысын қабылдап, ересек шағында отбасын құра алуына септігін тигізеді. Мысалы, қыздарға өздерінің анатомиялық құрылысының басқа, бір мүшесінің кем екенін қабылдау үшін көмек қажет. Себебі, осы кезде бойда пайда болатын қорқыныш пен ашу сезімін өздігінен жеңе алмайды. Оның үстіне қыз бала "бір мүшесін кем етіп дүниеге әкелген" анасын жек көре бастайды.

"Жақсы ана осы сәтте қызының әкесімен көбірек уақыт өткізуіне, жақынырақ болуына рұқсат береді. Күйзеліске түскен сәтінде барынша демеу болуға тырысады. Ал әкесі қызын қошеметтеп, әйелдік табиғатын сыйлайтынын көрсетсе, ол ересек өмірде ер адамдармен оңай қарым-қатынас құрады. Сондай-ақ, қыз бала жігіт ретінде емес, әкесіне қамқоршысы, анасының күйеуі ретінде қарай бастайды. Жалпы үш жасқа толғанда балаларда әкесі мен анасының өзіндік образы қалыптасып, ата-анасы қасында болмаса да, оларды іздемей жүре береді", — дейді Томирис Сағындық.

Ер адам жақсы күйеу болмаса да, жақсы әке бола алады

Ал психоаналитик Анна Құдиярова ер азаматтың әйелі үшін жақсы күйеу, басшысы үшін жақсы қызметкер бола алмаса да, балалары үшін керісінше жақсы әке болуы әбден мүмкін екенін айтады. Осы орайда маман "Балдәурен" ("Отрочество") фильмін талдап көруді ұсынды. Себебі, аталған фильмнен жақсы және жаман әкенің де образдарын қатар көруге болады.

Фильмде Мэйсон атты кейіпкердің әкесі үлкен Мейсон ажырасқаннан кейін де балаларының қасынан табылуға тырысады. Қоғам үшін үлкен Мэйсон "жауапкершілігі" жоқ, нашар музыкант болса да, балаларының көзінше ұрысып кетсе де, ол белгілі бір деңгейде жақсы әке бола білген жан. (22 жасында дұрыс сақтанбағандықтан сәбилі болып қалады). Ал Мэйсонның анасы күйеуімен қосылу мүмкін болмаса да, бір-бірін жақсы көретіндері туралы айтады.

Тағы оқыңыз:

"Мэйсон балаларының жанында өзін жайлы сезінеді және өзін бар қалпында көрсетуге қорықпайды. Ал Оливияның екінші күйеуі ішімдік ішіп, балаларын төмендеткенді ұнатады. Әке латенттік кезеңде баланың қоғамда белгілі бір жетістіктерге жетіп, оқуын жақсы оқып, жеке өмірін қалыптастыруда үлкен рөл ойнайды. Яғни фильмде әкесі әр демалыс сайын балаларымен кездесіп, уәде берген уақытында келе алатынына сендіріп жүр", — дейді маман.

Сондай-ақ, фильмде әкесі ұлын сынамайды, керісінше Эгосының күшін нығайтуға көмектеседі, жыныстық қатынас пен сүйісу туралы ашық сөйлеседі. Қажет кезде ыңғайыссыз сұрақтар қояды. Яғни осылайша ол ұлын сезімтал болып, қыздарды тыңдауға үйретіп отыр. Мэйсонның биологиялық әкесінен бөлек, дұрыс дамуына көмектесіп жүрген үш әкесі бар. Олар — бастығы, сурет өнерінен сабақ беретін ұстазы және анасы. Кейде әйел адам да әкенің рөлін атқарады.

Терапия не үшін қажет?

"Бүгінде терапияға келетін балалар бір кездері әкесімен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысып, жолы болмағандар немесе әкелері тәрбиелеріне мүлдем араласпай, төмендетіп, қол жұмсағандар. Біздің кәсіби мақсатымыз — ата-аналарға жақсы әке болуға көмектесу және балаларға әке-шешелерінің мінсіз еместігін түсіндіру. Себебі, әке бар жерде ғана бала дұрыс дамиды. Винникот айтпақшы, кез келген баланың анасы болады, сол секілді бала үшін күйеусіз ана болмайды", — дейді Анна Құдиярова.

Бүгінде 11 құрсақ көтеріп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырып отырған Оразхан Сатымханова әке болмаса да, балаға дұрыс тәрбие беруге болатынын айтады. Яғни баланы махаббатпен өсіру және балалар арасында бауырмалдық қасиетінің болуы маңызды.

"Әрине, ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқандықтан, әр заманның өзіндік талап-тілектері болатынын жақсы түсінемін. Бірақ өткен ғасырда дәл бұлай психолог мамандарға бару, кеңес алу мүмкіндігі болмады. Психологиялық сауат түгілі, психолог деген сөзді білмедік. Ал сіз айтып отырған психоаналитик сөзі не мағынаны білдіретінін де ұқпаймын. Десе де, өзіміз кезінде баланы әкесіз тәрбиеледік.

Себебі, отағасы үнемі қырда жүріп, бізді материалдық жағынан қамтамасыз етуге тырысатын. Оның үстіне ол уақыттың әкелері өздерін қатал етіп көрсетуге талпынатын. Бірақ, меніңше, мұның пайдасы тимесе, зияны жоқ. Яғни баланың болашақта қандай азамат болып өсетіні әкемен тікелей байланысты деп айта алмаймын. Десе де бұл әкесінің бала үшін үлкен рөл ойнайтынын жоққа шығармайды", — дейді Оразхан Сатымханова.

Тағы оқыңыз:

Сондай-ақ, қария он бір баласының бір-біріне барынша бауырмал болып, үлкенінің кішісін тәрбиелеп отырғанын айтады. Яғни бала тәрбиесіне өзі де араласпаған. Мұның орнына үй шаруасымен көбірек айналысып, тоғыз қызына ісімен үлгі болуға тырысқан. Бүгінде екі қызынан өзгесінің барлығы отбасын құрған.

Қалай десек те, отбасы — бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың барынша тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол. Бала өзі дүниеге келетін отбасыны таңдай алмағанымен, ерлі-зайыпты сәбиге өмір сыйлау немесе сыйламау құқығына ие. Қалай ойлайсыз ерлі-зайыптының біреуі дайын болмаса да, сәбиді дүниеге әкелген дұрыс па? Әлде бұл үшін ерлі-зайыптының ортақ келісімі болған жөн бе?

Тақырып бойынша

Қырғызстанда тұратын қазақ қызы сәби күнінде тастап кеткен анасын іздеп жүр
Астанада ВИЧ жұқтырған әйелдер дүниеге дені сау сәби әкелді
Әуежайда ұшақтан түсірілген сөмкеден бес айлық сәби табылды - видео
ЭКСПО-ға келіп, қазақтан сәби сүйді – африкалық әйел Қазақстаннан кеткісі келмейді
Дәрігерлер өлді деген сәби мәйітханада "тірілді"
Бір жарым жасар сәби балабақшадан қашып кетті - видео
Көпбалалы отбасында салмағы 8 келі сәби дүниеге келді
Кілт сөздер:
психоаналитик, бала тәрбиесі, ана мен бала, әке, ата-ана, Анна Құдиярова
Загрузка...

Басты тақырып