08:30 28 Ақпан 2020
Тікелей эфир
  • USD379.75
  • EUR415.18
  • RUB5.78
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
1002 0 0

Бұл тағамдармен отағасынан бастап, телехикая десе ішкен асын жерге қоятын құрбыларға дейін қуантуға болады. Арасында балалар сүйіп жейтін KFC рецептісі де бар

АСТАНА, 28 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Қазақстандағы көптеген қыз-келіншекті мазалайтын бір сұрақ бар. Ол — "Кешкі асқа не әзірлеймін?" деген сұрақ. Бұл ой, әсіресе, мереке қарсаңында мазалай түседі. Егер сіз де осы қыз-келіншектер қатарынан болсаңыз, төмендегі мәзірге зер салыңыз. Бәлкім сіз де ішінен жақындарыңызды қуантатын тағамды таңдарсыз.

Көздің жауын алған "Рафаэлло"

Кейбір асүй ханшайымдары үшін мереке қарсаңында дәмді тағам әзірлеп қана қою жеткіліксіз. Олар дастарханға қойылған әр тағамның тойымды әрі әдемі етіп безендірілгенін қалайды. Егер сіз де осы ханшайымдар қатарынан болсаңыз, сұлулықты жаны сүйетін жақындарыңызды "Рафаэлло" салатымен қуантыңыз. Себебі, бұл салатты әдемі қорапқа салып безендірген сыйлықпен шатастырып алуға болады. Оның үстіне құрамына ер адамдар мен балалар сүйіп жейтін тағамдар қосылады.

Оны әзірлеу үшін бізге 500 грамм тауық еті, 6 жұмыртқа, 200 грамм ірімшік, 1 пияз, ақжелкен, 2 кішкене тіс сарымсақ, тұз, сәбіз бен қызылша қажет.

Тәрелкеге салынған тауық еті
© Sputnik / Қарлыға Бүйенбай
Тәрелкеге салынған тауық еті

Ең бірінші тауық етін барынша майда етіп турап, табаға салып қуырамыз. Жақсылап қуырылған соң көлемін төртбұрышты етіп тәрелкаға саламыз. Кейін үстіне пиязды майдалап турап, майонез жағамыз. Ірімшік, сарымсақ және жұмыртқаның сарысы мен ағын бөлек-бөлек үккіштен өткізіп аламыз. Алғашқы үшеуін майонез қосып жақсылап араластырып, тұз себеміз. Кейін осы қоспаны тауық етінің үстіне салып, салат бетіне жұмыртқаның ағын себеміз. Ең соңында сәбіз, қызылша және ақжелкеннің көмегімен суреттегідей етіп безендіреміз. Осымен "Рафаэлло" салаты дайын.

Дәмі тіл үйіретін жаңажылдық дәмтатым
Қарлыға Бүйенбай
Дәмі тіл үйіретін жаңажылдық дәмтатым

Арзан салат: дәмтатым

Кейде Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік қымбаттап, жалақы алғанға дейін ақша тапшылығынан қысылып қаламыз. Бірақ қонақжай халық болған соң, мереке кезінде келетіндер көп болатыны сөзсіз. Осы кезде көп көкөністі қажет етпейтін дәмтатым әзірлеуге болады. Әрине, "Рафаэлло" салаты секілді сыртқы көрінісімен қонақтарды таң-тамаша етпесе де, ауызда балдай еритін болады. Бұл сөзімді тікелей түсінсеңіз де құба-құп. Себебі, дәмтатып құрамында бал бар.

Дәмтатым әзірлеуге арналған қоспа
Қарлыға Бүйенбай
Дәмтатым әзірлеуге арналған қоспа

Оны дайындау үшін бізге 4 қызанақ, 3 тіс сарымсақ, пияз, екі шай қасық бал, төрт шай қасық өсімдік майы, екі шай қасық лимон шырыны және тұз бен бұрыш қажет. Осы азық-түліктерді түгендеп алған болсаңыз, дәмтатымды әзірлеуге кірісейік.

Қызанақ пен пиязды жарты ай етіп турап, қақпағы жабылатын ыдысқа саламыз. Кейін бөлек ыдысқа сарымсақ, аскөк, балды салып, үстіне өсімдік майы мен лимон шырынын құямыз. Ең соңында барлығын бірге араластырып, бір тәулікке тоңазытқышқа қоямыз. Осымен дәмтатым дайын.

Дайын болған Раушан гүл кексі
Қарлыға Бүйенбай
Дайын болған "Раушан гүл" кексі

"Раушан гүл" кексі

Жаңажылдық дастарханды тәтті тағамдарсыз елестету қиын. Нәзік жандыларды "Раушан гүл" кекстерімен қуантуға қалай қарайсыз? Оны әзірлеу үшін бізге 3 жұмыртқа, 450 грамм қант, 500 грамм ұн, 300 грамм қаймақ, 1 құты қоюлатылған сүт, бір жарым шай қасық қамыр қопсытқыш және бір шай қасық ванилин қажет.

Жұмыртқаны шұңғыл ыдысқа салып, үстіне қант саламыз. Жақсылап араластырып алған соң қамыр қопсытқышы мен ванилинді қосамыз. Шетінен ұн салып және алдын ала ерітілген майды қоса отырып араластырамыз.

Раушан гүл кексін әзірлеуге арналған ыдыс
Қарлыға Бүйенбай
"Раушан гүл" кексін әзірлеуге арналған ыдыс

Барлығы дайын болған соң ыдысқа алдымен бір шай қасық қамыр, бір шай қасық қоюлатылған сүт салып, кейін үстін тағы да бір қасық қамырмен жабамыз. Соңында 180 градустағы пеште 20 минут пісіреміз. Дайын болған кекстерді бірден дастарханның төріне жайғастырсаңыз болады.

Үйде әзірленген KFC
Қарлыға Бүйенбай
Үйде әзірленген KFC

Үйде әзірленген KFC

Жаңа жылды жасы үлкендерден бұрын балалар асыға күтеді. Олай болса, неге балаларды сүйікті KFC-мен қуантпасқа?! Оны үйде де әзірлеуге болатынын білесіз бе? Әдеттегідей, алдымен, азық-түліктерді түгендеп алайық. Бізге ұн, өсімдік майы, чим-чим кәріс дәмдеуіші, крахмал, чили, паприка, тұз, тауық қанаты, жүгері қауызы, тауық етіне арналған кептірілген нанның ұнтағы және су қажет болады.

Шұңғыл ыдысқа көз мөлшермен тауық қанатының сыртын көмкеруге жететіндей етіп ұн саламыз. Жоғарыдағы барлық дәмдеуішті осы ұнның үстіне сеуіп, қоюланғанша су құямыз. Артынша үстіне тауық қанаттарын салып, үш сағатқа бетін жауып қоямыз.

KFC-ді жүгері қауызы салынған табаққа салып араластыру
Қарлыға Бүйенбай
KFC-ді жүгері қауызы салынған табаққа салып араластыру

Дәмдеуіштер тауық қанатына сіңгенше, жүгері қауызын майдалап, тауық етіне арналған кептірілген нанның ұнтағымен араластырамыз. Арада үш сағат өткен соң тауық етін осы ұнтаққа салып араластырып, жақсылап қуырамыз. Балаларыңызды қуантуға арналған KFC дайын!

Дайын болған Қарныжарық салаты
© Sputnik / Қарлыға Бүйенбай
Дайын болған "Қарныжарық" салаты

Құрбыларға тосынсый

Қонаққа келетін туыстарыңыз бен құрбыларыңыз түрік хикаяларын жақсы көре ме? Бүгінде түрік хикаяларын өмірінде бір рет болсын көрмеген адам кемде кем шығар. Осы хикаялардан баялдыдан жасалған тағамдарды да жиі көретін болар.  Ал Түркияда баялдының 40-қа жуық түрін өсіреді. Олай болса, осы жақындарыңызды түріктер сүйіп жейтін баялдыдан жасалған тағаммен қуантсақ қалай қарайсыз?

Қарныжарық атты салатты әзірлеу үшін бізге 6 баялды, 1 килограмм қызанақ, 350 грамм фарш, бір бас пияз, 300 грамм болгар бұрышы, өсімдік майы және тұз бен су қажет.

Қарныжарық салатын енді пешке сала беруге болады
© Sputnik / Қарлыға Бүйенбай
"Қарныжарық" салатын енді пешке сала беруге болады

Шұңғыл ыдысқа тұз салып, үстіне су құямыз. Кейін осы ыдысқа ішкі бөлігі ойылған баялдыны саламыз. Баялдымызға тұз сіңгенше ет пен пиязды еттурағыштан өткіземіз. Ет, пияз, майда етіп туралған қызанақ пен болгар бұрышы — төртеуін табаға салып қуырамыз. Кейін баялдыны бөлек қуырып алған соң ішіне осы уақытқа дейін әзірлеген қоспаны салып, үстін қызанақ және болгар бұрышымен безендіреміз. Бұдан өзге қалған қызанақты еттурағыштан өткізіп, тұз сеуіп, пеш ыдысына құямыз. Соңында 200 градуста қызып тұрған пешке салып, 15 минут пісіреміз. Осымен қарныжарық дайын.

Астарыңыз дәмді болсын! Келе жатқан Жаңа жыл отбасыларыңызға бақ пен береке алып келсін!

Тақырып бойынша

Ғалымдар ұйықтап жатқанда артық майды кетіретін тағам түрін анықтады
Жеген сайын адамды бақытты ететін 7 тағам
Ғалымдар күйзелістен арылуға көмектесетін тағам түрлерін атады
Балаларға беруге болмайтын 9 зиянды тағам
Ғалымдар көздің көрмей қалуынан сақтайтын тағам түрлерін атады
"Тәтті" төтенше оқиға: бір тонна еріген шоколад көшеге ағып кетті - фото
Кілт сөздер:
салаттар, мәзір, тамақ, жаңа жыл, доңыз жылы, тәтті тағам
Загрузка...

Басты тақырып