Қоғам

"Аузымыз аңқиып күтетінбіз" Әншілер бала кезде Аяз атадан қандай сыйлық сұрағанын айтты

CC0 / Бүркіттің жеке архивінен / Бүркіт пен Аиша, қазақстандық танымал әншілер
Бүркіт пен Аиша, қазақстандық танымал әншілер - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстандық әншілер бала күнінде Жаңа жылды қалай қарсы алғанын және Аяз атаға қанша жасқа дейін сенгенін айтып берді

АСТАНА, 29 желтоқсан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жасы үлкеннің де, кішінің де жүрегі лүпілдеп, ерекше таңғажайыпты күтетіні сөзсіз. Құдды ертегі әлемінен сиқыршылар келіп, бар тілегіңді орындайтындай. Бүгінде кішкене бүлдіршіндер Аяз атаға хат жазып, өздеріне керекті сыйлық сұрауды дәстүрге айналдырған. Ал қазақстандық жұлдыздар балалық шағында Жаңа жылды қалай атап өтетін еді? Аяз атадан қандай сыйлық сұрады? Бұл туралы олар тілшісіне айтып берді.

"Әке-шешеміз Алладан сұра деп тәрбиеледі"

Актер әрі әнші Нұрлан Әлімжан бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінде Аяз атаға сеніп, ерекше сыйлықтар күткен. Десе де, Аяз ата рөлін ұстаздар немесе ата-аналар сомдайтынын білгеннен кейін одан көңілі қалған. Сондай-ақ, актер отбасында ата-анасының бар тілекті Жаратқаннан сұрауды үйреткенін айтады. 

"Жаңа жылда әдеттегідей мектептегі таңертеңгілік концертке баратынбыз. Өзіміз тақпақтар жаттап, оны алыстан қонаққа келетін ақсақалға айтып беруге асықтық. Әдетте 3-сыныпқа дейін сенесің де, кейін "Ой-қойшы, адам екен ғой" деп көңілің қалады. (Күлді.) Осы бала көңілім Аяз атаға деген сенімді жоғалтқаннан кейін мектептегі шыршағы бармайтын болдым", — дейді актер.

© Нұрлан Әлімжанның жеке архивіненНұрлан Әлімжан, қазақстандық актер, әнші
Нұрлан Әлімжан, қазақстандық актер, әнші - Sputnik Қазақстан
Нұрлан Әлімжан, қазақстандық актер, әнші

Аяз атаға тілегін хат арқылы білдірмесе де, сыйлыққа кәмпит пен ойыншық күткенін жасырмайды. Сондай-ақ, ол Аяз атаға сенбеуге отбасында алған тәрбиесінің де әсер еткеніне тоқталды.

"Бізге "Алладан тіле" деп тәрбие берген. Сыйдың бәрін Алла беретініне сенгендіктен, тікелей Аяз атаға хат жазған кезім болмапты. Дініміз — ислам, өзіміз — мұсылман екеніміз сөзсіз. Барлық тілекті тек Алладан сұраймыз. Дегенмен де Жаңа жыл мерекесінің астарын әрі-бері бұрмалай берудің де қажеті жоқ деп ойлаймын. Оны атап өту, шыршаны айналып жүріп ән айту, балаларға сыйлық табыстау — санамызға сіңген дүниелер", — дейді ол.

Нұрлан Әлімжан қазақстандықтарды бұл түні ішімдіктен аулақ болып, бір дастархан басында тату отырып атап өтуге шақырды. Сондай-ақ, балаларының Аяз атаға 4-5 жасқа дейін ғана сенгенін айтып өтті. Олар өздерінің Жаңа жыл түніндегі таңғажайыпқа ерекше сенгендеріне бүгінде күле қарайды екен.

"Жаңа жылды ет асып, тәтті қымыз ішіп те қарсы алуға болады деп ойлаймын. Төрт көз түгел жиналып, жақын адамдардың бас қосқанынан артық ешнәрсе жоқ. Қазағым одан әрі өркендеп, өсе берсін. Жаңа жыл ұлтымызды жағымды жаңалықтарымен қуантсын. Халқымыз, әрбір шаңырақ, әрбір қазақ жетістікке жетсін. Үйі жоқтар үйлі, бөпесі жоқтар бөпелі болсын. Сүйіктілерін таппай жүргендерге жүрегінің жартысын табуды жазсын. Ең бастысы, әрбір адам осы Жаңа жылда жүрегінің тыныштығын тапсын. Жүректегі тыныштықты әркім әртүрлі табады. Барлығына рухани және материалдық байлықты қатар тілеймін. Аман болыңыздар!" — деді Нұрлан Әлімжан.

CC0 / Жанболат Ербатыровтың жеке архивінен / Жанболат пен Жазира, қазақ эстрадасының жұлдыздары
Жанболат пен Жазира, қазақ эстрадасының жұлдыздары - Sputnik Қазақстан
Жанболат пен Жазира, қазақ эстрадасының жұлдыздары

"Шыршаға қазақ қызы болып киінетінмін"

Ал әнші Жазира Байырбекова мектептегі шыршаға қазақ қызы болып киініп баруды ерекше ұнатқанын айтады. Ешуақытта өзге балалар секілді жануарлардың киімін киіп көрмеген екен.

"1-сыныпқа қабылданған сәттен бастап мектептің әншісі атанғандықтан, бала күнім бақытты өтті деп айта аламын. Сол себепті де Жаңа жыл болсын, Наурыз болсын менің төл мерекем секілді өтетін. Мектептегі шыршаға басыма сәукеле, үстіме қазақтың ұлттық киімін киіп, қолыма домбырамды асынып баратынмын. Ешуақытта аю, қоян секілді аңдардың киімін киіп көрмеппін", — дейді әнші.

Жазира Байырбекова бала күнінде Жаңа жыл қарсаңында әр үйді шыршасыз елестету мүмкін болмағанын айтады. Сондай-ақ, отбасында тоғыз ағайынды болғандықтан, ата-анасының өздерін сыйлықпен жиі қуанту мүмкіндігі болмаған екен. Айтуынша, тіпті, Аяз атадан сыйлық сұраудың не екенін білмеген. 

Құралай Бақытқызы, қазақстандық нумеролог - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Нумеролог жаңа 2019 жыл қазақстандықтар үшін қандай болатынын болжады
"Хат жазған кезде Аяз атадан заттай сыйлық емес, өзім мен жақындарыма зор денсаулық пен бақыт сұрайтыным есімде. Ата-анамыздың тарапынан сыйлық алмасақ та, балабақшада немесе мектепте бізге кәмпит пен жаңғақ және мандарин салынған пакетті қолға ұстататын. Осының өзі біз үшін зор қуаныш еді. Өйткені, ол уақытта дастарханда бүгінгідей кәмпит толып тұрмайтын", — деп балалық шағын еске алды жұлдыз.

Бұдан өзге әнші бауырларымен бірге үйді безендіргенді ерекше ұнатқанын айтады. Үйдің төбесіне жылтырауықтарды мақтаны сулап лақтырып ілетін болған екен. Мұнымен қатар, Жазира Байырбекова "Жаңа жылды атап өтудің қажеті жоқ" деген пікірді құптамайтынын жеткізді.

"Көпшілік "Біздің Жаңа жыл — Наурыз" деп айтып жатады. Бірақ бәрібір де бұл күні күнтізбеміз жаңарып, жыл басынан басталады. Сол себепті көптен бері қалыптасып қалған үрдістің әрі қарай да жалғасын тапқанында тұрған еш әбестік жоқ деп ойлаймын. Жаңа жыл баршаңызға құтты болсын! Әр отбасында татулық болғай! Еңбектеріңізге береке, дендеріңізге саулық тілеймін. Бейбіт аспанның астында қазақ елі жасай берсін!" — деді Жазира Байырбекова.

CC0 / Жазира Байырбекованың жеке архивінен / Жазира мен Жанболат, қазақ эстрадасының әншілері
Жазира мен Жанболат, қазақ эстрадасының әншілері - Sputnik Қазақстан
Жазира мен Жанболат, қазақ эстрадасының әншілері

"Аузымыз аңқиып күтетінбіз"

Ал Жанболат Ербатыров көпке дейін Аяз атаға сеніп келгенін жасырмайды. Жаңа жыл мерекесін ерекше күтіп, бауырларымен бірге үйді безендіргенді жақсы көрген.

"Бала күнімізде шыршаның иісі аңқып тұратын. Үйдегі бөлмелерді қағаздан жасалған түрлі ойыншықпен безендіріп, түрлі сурет салатынбыз. Көпке дейін жаңажылдық костюмімізді киіп алып, аузымыз аңқиып Аяз атаны күткеніміз өтірік емес. Дорбасында қандай сыйлығы бар екен деп аңдитынбыз. Бірақ алдын ала Аяз атадан қандай да бір сыйлық сұрауға үйренбеген екенбіз", — деді әнші.

Әрі қарай ол ата-анасына жұмыстан балаға деп берілетін сыйлықты әлі күнге дейін сағынатынын айтып өтті. Себебі, бала күніндегі тәттілерді қазіргі тағамдармен салыстыруға келмейді. Әнші қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтап, береке мен бірлік тіледі.

"Жаңа жыл барлығымызға да жақсылығымен келсін. Әрбір жылдың өзінің берекесі мен жақсылығы болатыны сөзсіз. Жақсы жетістіктерге жетіп, еліміз аман болсын! Әрбір шаңырақта қуаныш болып, табысқа кенеле беріңіздер", — деді ол.

"Сыйлық сұраудың не екенін білмей өстік"

Әнші Бүркіт бала күніндегі Жаңа жылдың кесіп әкелінген шырша мен мандариндердің арқасында ерекше есте қалғанын айтады. Ал мереке түні тәтті кәмпиттер жеп, мультфильм көргенді ерекше ұнатқан екен.

"Біздің кезіміздегі шыршалар жасанды емес, тірі болатын. Әйтеуір, базарға бір жерден кесіп алып әкеліп қоятын. Әкеміз сатып әкелген шыршаға ойыншықтар ілудің өзі керемет сезімге бөлейтін еді. Үйге Аяз ата келген сәт болған емес. Тек мектепте немесе балабақшада көретінбіз. Өзге әріптестерім секілді мен де тек жақындарымның амандығын тілейтінмін", — дейді ол.

Мұнымен қатар, жұлдыз базардан әкелінген шыршаның қаңтардың ортасына дейін үйде тұрып, осы кезде қылқанының барлығы түсіп қалатынын айтады.

"Расымен де, біз сыйлық сұраудың не екенін білмей өстік. Мандарин берсе, төбеміз көкке жетіп қалатын. 2019 жыл баршаңыз үшін құтты болсын! Жаңа жылда мол табыс тілеймін! Отбасыларыңыз аман болып, балаларыңыз ешуақытта ауырмасын. Ата-аналарыңыздың өмір жасы ұзақ болып, ортамызда күліп-ойнап жүре берсін", — дейді әнші.

© Жұлдыз Уәлиханның жеке архивіненЖұлдыз Уәлихан, танымал опера әншісі
Жұлдыз Уәлихан, танымал опера әншісі - Sputnik Қазақстан
Жұлдыз Уәлихан, танымал опера әншісі

"Жаңа жылды пижамада қарсы алатын кездер болады"

Опера әншісі Жұлдыз Уәлихан бұрын-соңды Жаңа жылды ағайын-туыстарымен, жақындарымен бас қосып қарсы алса, бүгінде тығыз жұмыс кестесі бұған мүмкіндік бермейді екен. Осы орайда ол Жаңа жылды, тіпті, пижамада қарсы алатын кездері болатынын жасырмады.

"Бала кезімде жақындарым бір-бірінің үйіне қонаққа барып, мол жайылған дастарханда бас қосатын. Қазір жеке өзім мерекелік отырыстардан шаршаймын. Сол себепті Жаңа жылды жылы үйде, тыныштықта қарсы алғанды ұнатамын. Біздің балалық шағымызда сыйлық сұрау деген болмапты. Аяз атадан жақындарыма денсаулық пен бақыт берсін деп тілейтінім есімде. Мұның барлығы тәрбиеміздің, ерте есейгендігіміздің арқасы шығар деп білемін", — деді опера әншісі.

Жұлдыз Уәлихан барша әлем халқын Жаңа жылымен құттықтап, бейбітшілік пен махаббатты бағалауға шақырды. Қандай жағдай болмасын, жақындармен ренжіспеудің маңызды екенін айтып өтті.

CC0 / Ардақ Төлеубай / Абай Бегей, әнші
Абай Бегей, әнші - Sputnik Қазақстан
Абай Бегей, әнші

"Балаларыма Аяз ата болып жүрмін"

Абай Бегей өзінің көпке дейін таңғажайыпқа сеніп келгенін үйдің кенжесі болғанымен байланыстырды. Әке-шешесі ерекше еркелетіп өсірген екен. Аяз атаның үйіне қонаққа келуінің өзі әнші үшін ерекше сыйлық болған.

"Бала кезімізде Жаңа жылды атап өтпейтін едік. Жасы үлкендер "Бұл біздің мереке емес, ұйықтаңдар" деп жиі айтатын. Алайда студент болған кезде оны тұрақты түрде тойлайтын болдық. Бүгінде өзімнің балаларым да Аяз атаға сеніп, сыйлық сұрап хат жазып үлгерді. Терезенің алдына қойып қойған екен. Мен ақырындап алып, қалтама салып алдым. Енді Жаңа жылда өзім Аяз атаға айналып, тілектерін орындайын деп отырмын", — деді Абай Бегей.

Әнші барша қазақстандықты мерекесімен құттықтап, әр шаңырақта қуаныш болуын, ауырып жатқан жандардың жазылып кетуін тіледі.

Келе жатқан Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! 2019 жылы алға қойған мақсаттарыңыз орындалып, дендеріңіз сау болсын!

Жаңалықтар
0