18:45 15 Қыркүйек 2019
Тікелей эфир
  • USD386.71
  • EUR429.17
  • RUB6.02
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев

Назарбаевтың бастамалары: Қазақстандықтардың өмірі қалай өзгереді?

© Photo: Акорда
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
407 0 0

"7-20-25", салық жүктемесін азайту, ең төменгі жалақыны өсіру, елді газбен қамту, мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақысы, қосымша жәрдемақы, "Ұлы даланың жеті қыры". Sputnik Қазақстан алдағы уақытта қазақстандықтардың өмірін өзгертетін бастамаларға шолу жасады

АСТАНА, 29 желтоқсан – Sputnik. Биыл мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әл-ауқатын көтеріп, тұрмысын жақсартатын бірнеше тың бастама көтерді.

"Әрбір отбасыны баспанамен қамтамасыз ету"

Осы жылдың көктемінде Елбасының ұсынған "Бес әлеуметтік бастамасы" әлеуметтік жаңғыру жолындағы жаңа, ауқымды қадам болды. Әсіресе, "7-20-25" бағдарламасынан кейін баспанаға қол жеткізе алмай жүрген қазақстандықтардың кеудесінде үміт оты қайта жанғандай. 

"7-20-25" ипотекалық бағдарламасы президенттің тапсырмасымен шілде айында іске қосылды. Әрбір жұмыс істейтін қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша несие алу мүмкіндігіне ие болады: 

  • Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайды;
  • Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 процентіне дейін, кейде тіпті 50 процентін салуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспайды; 
  • Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады. 

Жаңа тұрғын үй ипотекалық бағдарламасымен пәтер алу үшін азаматтың ресми түрде расталған кірісі және меншік құқығында баспанасы болмауы тиіс. Несие тек ұлттық валютамен беріледі. 

Сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалалары үшін – 25 миллион теңге болса, басқа өңірлер үшін 15 млн теңге мөлшерінде белгіленді. 

Бүгінде аталған бағдарламаның арқасында пәтер кілтін қолына алып, қоныс тойын тойлап жатқандар бар. 

"Көптеген азаматтардың арманы ақиқатқа айналады!"-деген еді Назарбаев наурызда бес әлеуметтік бастаманы ұсынған кезде. 

Ең төменгі жалақыны көтеріп, салық жүктемесін азайтты 

Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табысының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты. 

Осыны ескерген Нұрсұлтан Назарбаев 5 қазанда Қазақстан халқына арнаған "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты жолдауында ең төменгі жалақыны көтеруді тапсырды. 

Қазір елімізде ең төменгі жалақы 28 284 теңгені құраса, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1,5 есеге, яғни 42 мыңға дейін өседі. 

Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды.

Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. 

Бірақ, енді, ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. 

Бұған қоса, президент өзінің бес әлеуметтік бастамасында жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуды ұсынды. 

Енді 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен азаматтардың салық жүктемесі 10 есеге азайып, 1 процент қана салық салынады. Ал салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалмақ. 

Соның нәтижесінде еліміздегі барша жалдамалы жұмыскердің кемінде үштен бірінің, яғни 2 миллионнан астам адамның жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейеді. 

Қосымша мемлекеттік жәрдемақы

Биыл 1 шілдеден бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар мемлекеттен қосымша жәрдемақы алып келеді. 

Қосымша жәрдемақыны енгізуді Елбасы 2018 жылдың қаңтарында жасаған "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" жолдауында тапсырған болатын. 

Бүгінгі күні аталған жәрдемақы 10 мыңнан астам отбасыға тағайындалды, оның мөлшері – 29 699  теңге. 

Мұғалімдер, дәрігерлер, полицейлер

Кез келген мемлекеттің болашағы білімді де білікті жастар екенін білеміз. "Ел тірегі – білімді ұрпақ" деп үнемі айтып жүретін мемлекет басшысы да биыл білім саласына ерекше көңіл бөлді. 

Назарбаевтың тапсырмасымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейді. 

Ал ұлттық біліктілік тестінен сүрінбей өткен мұғалімдердің айлығы 30 проценттен 50 процентке дейін өседі. 

Сонымен қатар президент 2019 жылы "Педагог мәртебесі туралы" заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырды. 

"Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс", — деген еді Назарбаев халыққа арнаған жолдауында.   

Сондай-ақ, студенттердің алаңсыз білім алуы үшін 2022 жылдың соңына дейін кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырды.

Еліміздегі медициналық қызметтің сапасы да назардан тыс қалған жоқ. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңмен 20 процентке көбейтіледі. 

Қазақстан президенті денсаулық сақтау министріне, әсіресе, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстандықтардың қауіпсіздігі мен ел ішіндегі тәртіпке жауапты полицейлер үшін де жақсы жаңалық. 

Өз жолдауында Нұрсұлтан Назарбаев ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажеттігін айтты. Ал содан үнемделген ақшаны полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттауды тапсырды. 

"Шағын несие беруді көбейту"

Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыздардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген шағын несие сомасы көбейтілді.

Назарбаев биыл қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Оның айтуынша, осыдан кейін шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мың адамға жетеді. 

"Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін атап өткім келеді", — деген еді мемлекет басшысы.     

Әрбір үйге – көгілдір отын

Қазақстан президентінің биыл жария еткен бес бастамасының бірі "елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруға" арналды.

Газсыз отырған солтүстік пен орталық өңірлерді көгілдір отынмен қамту үшін Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистральді газ құбырын салу жобасы жүзеге асырылуда.  

"Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, экология жақсарады. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", — деген еді Елбасы наурыздағы халыққа үндеуінде.

 "Ұлы даланың жеті қыры"

"Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көп қырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек".

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің  "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласында осылай дейді. 

Аталған мақала жастар мен жалпы қазақ халқына еліміздің мыңжылдық тарихы бар екенін тағы бір мәрте еске салды. Мақалада айтылған ұсыныстар мен жобалар "Рухани жаңғыру" бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырылады.

Елбасының мақалада көтерген бастамалары:

  • Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін "Архив – 2025" жеті жылдық бағдарламасын жасау қажет;
  • Мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды;
  • Атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын "Ұлы даланың ұлы есімдері" атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу керек; 
  • Қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет;
  • "Ұлы Дала тұлғалары" атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру;
  • "Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін" атты жоба;
  • "Ұлы дала" атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу;
  • "Ұлы даланың ұлы өркениеттері" атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізу;
  • Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысанын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба;
  • "Дала фольклорының антологиясын" жасау керек;
  • "Ұлы даланың көне сарындары" жинағын басып шығару;
  • Тез арада Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек.

Тақырып бойынша

"7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы
"7-20-25" ипотекалық бағдарламасы: шарттары мен ережелері
Зейнетақы қорындағы ақша "Сарыарқа" газ құбырының құрылысына жұмсалады
Жаңа жылдан бастап газ бен жарық арзандайды
Вице-министрлер, полицейлер мен жауапты хатшы: 2018 жылдың парақорлары кімдер?
Бозымбаев Астанаға газ тартуға ақша қайдан алынатынын айтты
Ақышев 10 млн теңгенің пәтерін алу үшін жалақы қанша болу керектігін айтты
"Рухани жаңғырудың" жалғасы: Назарбаевтың "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы
Назарбаев 2019 жылы мұғалімдердің жалақысы артатынын айтты
Мұғалімдердің жалақысы тағы өседі, директорлар тек 4 жылға тағайындалады
29 миллиард теңге қосымша жалақы: кімдер және қашан алады?
Кілт сөздер:
жаңа жыл, газбен қамту, полицейлер, мұғалімдер мәртебесі, жалақы, бес әлеуметтік бастама, Назарбаев
Загрузка...

Басты тақырып