Қоғам

"Қинаудың қажеті жоқ" Бүгінгінің ата-аналары қыз жасауына қанша жұмсап жүр?

© Sputnik / Анатолий УстиненкоАлматыдағы Наурыз
Алматыдағы Наурыз - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ел арасында қыз жасауына қазан беруге болмайды деген әңгіме бар

АСТАНА, 24 қаңтар – Sputnik. Нұргүл Абай. "Жасаусыз қыз болмайды, жабдықсыз үй болмайды" демекші, қазақ халқы алақанына салып, аялап өсірген қызын жасаусыз ұзатпаған. Қазір тұрмыс-салттың өзгеруіне қарай қалыңдықтың артынан "баратын" қыз жасауы да жаңа дүниелермен толығып, құны аспандап жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісі ертеден келе жатқан салт-дәстүрдің өткені мен бүгініне зер салып, жүгін алған келіндермен әңгімелесті. 

Әдетте қыздың жүгі күйеу жігіт берген қалыңмалдың мөлшеріне қарай жасалады. Десе де, бүгінде ата дәстүрді орындау мақтану мен бәсекеге айналғандай. Бүгінде қыз жүгі деп буылып-түйілетін заттардың қатарына тұрмыстық техника қосылды. Дәулеті тасыған кейбір жандар құтты орнына қондырған қызына көліктің кілтін де сыйлап жатады. Хош делік, ең бастысы, отау құрған екі жастың бақытты болуы емес пе?! 

В Алматы открылся Международный фестиваль “Восточный Базар” - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Сәлем салу: ескіліктің сарқыншағы ма, жоқ әлде әдептілік белгісі ме?
Өткенге шегініс

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті археология және этнология кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты  Зылиха Ибадуллаева жалпы түркі халықтарында қыз жасауына ерекше мән берілгенін айтады. 

"Қазақ қоғамында қыз жасауына қарап-ақ, оның қандай әлеуметтік ортадан шыққанын біліп отырған. ХҮІІІ-ХІХ және ХХ ғасырдың ортасына дейін қыз жасауына үй тұрмысына ең қажетті бұйымдар берілген. Соның ішінде ерекше атап өтерлік бұйымдар бар. Мәселен, кесте тоқу үшін біз, шаруашылық бұйымдары ішінде – келі-келсап", — дейді тарихшы. 

Айтуынша, ертеде қыздарымыз қымбат әбзелдермен ерттелген сәйгүлік аттармен ұзатылған. 

"Ол үшін ерді жай ғана жасай салмай, шеберлерге арнайы тапсырыс беріп, алтынмен аптап, күміспен көмкеріп, неше түрлі бағалы тастармен безендірген", — дейді Ибадуллаева. 

сәби - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Баланы қырқынан шығару дәстүрі туралы не білеміз?
Ертеректе жасауды ұзатылар қыздың өзі дайындайтын болған. Қыз бойжете бастағаннан-ақ өзінің жасауына қосылатын кілем, тұскиіз, сырмақ сияқты үй тұрмысына қажетті сән беретін бұйымдарды өзі жасай бастаған. 

Ал қыз жүгіне қосылатын ағаштан жасалған бұйымдар – ағаш төсек, жастық ағаш, кебеже, асадал сияқты дүниелерді қыздың әке-шешесі ел ішіндегі шеберлерге тапсырыс беріп, өз талғамына сай жасатқан. 

Қыз жасауына не беруге болмайды?

Тарихшы қазіргі таңда қыз жасауына барлық бұйым беріле беретінін айтады. Десе де, ел арасында қыз жүгіне қазан қосып беруге болмайды деген әңгіме бар. 

"Себебі, қазан – береке-бірліктің, ырыстың, отбасы – ошақ қасының символы саналған. Сондықтан өз елінің ырыс-берекесін өзімен бірге алып кету қызға сын болып табылған", — деп түсіндірді Ибадуллаева.  

Қыз жасауы ашылғаннан кейін орындалатын дәстүр

Әдетте қыз жасауы көрсетілгеннен кейін, құдалар жағы баға беріп, жігіттің жеңгелері оны сандық үстіне жинайды. Оны қазақта "төсек жинау" салты деп атайды. Ал төсек жинаған абысындарға арнайы сый-сияпат беріледі. 

Тұсаукесер - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Тұсаукесер: қазақ нені дұрыс жасамай жүр?
"5 кесе мен 3 көрпе берсе де, риза болу керек"

Алматы облысының Үшқоңыр ауылында тұратын Алтынай Орашева осыдан төрт жыл бұрын келін болып түскен. Жаңа әулетке өзімен бірге келген жасауды ата-анасы бір жылдай дайындапты. 

"Жатын бөлмеге қажет дүниені толық берді. Қазақтың салт-дәстүрімен сандық, он үш көрпе, бес жастық келді. Біздің жақта, негізі, бес жастық беріледі. Он үш көрпенің алтауы – жамылатын, бір "құдағи" көрпе, қалған алтауы – төр көрпе. Жамылатын көрпелердің тыстары бірге берілді", — дейді 24 жастағы келіншек. 

Бұған қоса, ас үйге қажетті ыдыс-аяқ, нан пісіретін пеш, қысқа толқынды пеш те қоса келген. 

"Ата-енеммен бірге тұратын болғандықтан, тоңазытқыш, кір жуатын машина секілді үлкен техникаларды алғызбадым. Тек өзіме ең керекті деген дүниелер ғана", — дейді ол. 

Алтынайдың жасауына бас-аяғы 300 мың теңге жұмсалған. 

"Кез келген қыз өз жасауын студент кезден бастап ақырындап жинай бергені дұрыс. Себебі, ол заттарды қажетіне жарататын, ұстайтын да өзі. Ата-ананы көп қинаудың қажеті жоқ, олар онсыз да жиған-тергенін береді ғой. Мен өзім де  керек дүниелерді студент кезден сатып ала бастадым. Қазір жасаумен келген заттардың бәрі пайдаға жарап тұр", — дейді Үшқоңырдың келіні. 

Осы орайда бір баланың анасы қыз жасауын жинағалы жүрген бойжеткендерге кеңесін айтты. 

"Әке-шеше бес кесе мен үш көрпесін берсе де, риза болу керек.  Өйткені ол ата-ананың қызына шын пейілмен берген дүниесі. Мұндағы айтпағым: әр қазақ көрпесіне қарай көсіліп, шама-шарқына қараса екен деймін. Себебі қазір қыздарымыз 300-400 мың теңгенің жиһазын алдыртып алады. Әке-шеше "қызым барған жерінде бақытты болсын, жерге қарап қалмасын" деген оймен сұрағанын сатып алып береді. Ал соңында өздері қарызданады", — дейді Алтынай.

Неке жүзігі, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Шетелдік күйеу балаға 50 мың доллар қалыңмал төлету ұсынылды
"Жасауыма 2 миллион ақша жұмсалды"

Ал талдықорғандық Гүлнұр Бақытбекова 2016 жылдың жазында тұрмысқа шыққан. Анасы қызының жүгін бірінші курс оқып жүрген кезінен бастап жинапты. 

"Қыз жасауына барлық төсек-орын жабдығын (көрпе-жастық, жамылғы, құрақ көрпе), ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника (газ пеші, тоңазытқыш, кір жуғыш машина, қысқа толқынды пеш, теледидар), жиhаз (жатын бөлме мен ас үйге, диван-кресло, үстел-орындық) алдық. Шамамен 2 миллион теңге ақша кетті. Ата-анам берген дүниенің бәрін тұрмыста пайдаланып жүрмін", — дейді 25 жастағы келін. 

Гүлнұрдың пікірінше, жасау дайындаған кезде, әр бойжеткен әке-шешесінің жағдайымен санасуы керек.

Тағы оқыңыз: 

"Ата-ананың жағдайына, шамасына қарап, мүмкін болса, өздері де көмектессін. Ең қажетті деген заттарды алуға тырыссын, қалғанын уақыты келгенде жинап алады", — деп ақыл-кеңесін айтты талдықорғандық келіншек. 

"Солтүстікте сөмке-сөмке киім беру деген жоқ"

Былтыр ғана Қызылжарға қызын ұзатқан 56 жастағы Астана тұрғыны Гүлайым Сәрсенбаева бір ғана жасаудың өзіне 400 мың теңгесін шығындапты. 

"Тұратын үйлерінде тұрмыстық техниканың бәрі болды. Сондықтан жатын бөлмелеріне 150 мың теңгенің үлкен шкафын алдық. Сосын 25 мыңның кілемі, 4 төр көрпе, бамбуктан жасалған 4 жастық, 4 жамылатын көрпе, екі жамылғы, төсек-орын жинағы, бірнеше орамал, ас үйге қажетті ыдыс-аяқтың бәрін сатып алып бердік. Негізі, солтүстікте оңтүстіктегідей сөмке-сөмке киім беру деген жоқ. Сонда бас-аяғы есептегенде, 400 мың теңгедей ақшам кетті", — дейді астаналық әйел. 

Айтуынша, қызы жоғары оқу орнын бітіре салысымен тұрмысқа шығып кеткен, сондықтан жасауды бір апта ішінде дайындауға тура келіпті. 

"Солтүстікте түсінік басқаша ғой негізі. Оқуын тәмамдап, бір-екі жыл жұмыс істеп, содан кейін күйеуге шығатын шығар деп ойлаған едік. Алланың бұйрығы ғой, бәрі аяқ астынан болды. Ұзақ таңдап жүруге уақыт та, мүмкіндік те болмады", — деген ол әлі тұрмыс құрмаған қыздарға әке-шешеге салмақ түсірмес үшін өз жүгін ертерек жинай беруге кеңес берді.   

"Жалғыз қыз болған соң, жасауым да қымбатқа шықты" 

Сәби мен анасы құшақтасып тұр - Sputnik Қазақстан
Қоғам
"12 жасқа дейін емізген". Маман сәбиді емшектен қалай дұрыс шығару керектігін айтты
Алматылық Айжан Такирова осыдан үш жарым жыл бұрын келін болып түскен. Отбасында жалғыз қыз болғандықтан, ата-анасы қызын сән-салтанатпен ұзатып шығарып салған.  

"Біздің жақта қыздың жасауы ұл жақтан әкелетін қалың малдың сомасына байланысты. Маған қалыңмалға 500 мың теңге алып келді, біз соған лайықтап, сол көлемге жасауымыз тиіс болатын. Бірақ, үйдің жалғыз қызы болғандықтан, менің жасауыма көбірек ақша кетті",- дейді ол. 

Айтуынша, бір ғана жатын бөлменің жиһазы 400 мың теңгеге шыққан. Оған 25 мың теңгенің сандығын, 120 мың теңгенің теледидарын, 70 мыңның кір жуғыш машинасын қосыңыз.  

"Бір шабадан киімнің өзіне 200 мың теңге жұмсалды. Оның ішінде жылдың төрт мезгіліне арналған киім-кешек, аяқ киім, ішік бар. Ыдыс-аяқтың өзін 80 мың теңгеге алдық. Төсек-орын, көрпе-жастық, төр көрпелер, тағысын тағы. Шамамен бір миллион теңгеге барып қалады", — дейді ол.

Жаңалықтар
0