21:43 21 Наурыз 2019
Тікелей эфир
  • USD378.17
  • EUR429.11
  • RUB5.88
Әлия Молдағұлованың портреті

Қазақтың танымал тұлғаларының есімі қандай мағынаны білдіреді?

© Sputnik / Айгюзель Кадир
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
627 0 0

Қазақ баланың есімін табиғи құбылысқа, елдімекен, жер-су атауларына, дене мүшелеріне, жан-жануарларға, түс пен бояуға және т.б. байланыстырып қойған

АЛМАТЫ, 28 ақпан – Sputnik, Айгерім Таубай. Қазақтың сал мен серілерін, салты мен дәстүрін, адам есімдерін зерттеп жүрген мәдениеттанушы Бердалы Оспан Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында қазақ есімдері жайлы әңгіме қозғады.

Бердалы Оспан өзін есімтанушы деп атайды. "Бұрын-соңды қазақта есімтанушылар болмаған, мен алғашқысымын", дейді. 

Айтуынша, қазақ баланың есімін табиғи құбылысқа, болып жатқан оқиғаларға, елдімекен, жер-су атауларына, дене мүшелеріне, заттарға, жан-жануарларға, мамандыққа, түс пен бояуға, өсімдік атауларына байланыстырып отырған.

"Абай Құнанбайұлының төртінші атасы Торғай Айдосұлының есімі "Ақтабан шұбырынды" заманында Сыр бойынан босып ауа көшкенде Торғай өзенінің бойында дүниеге келгендіктен берілген. "Боздағым" атты кітапта "Ақын Абайдың бесінші атасы Айдос пен Кеңгірбай бір туысады. Кеңгірбайдың бейіті Шыңғыстың бауырында, Қарауыл өзенінің жайылмасында Ши деген жерде. Ұлытаудың Алаша хан, Жошы хан бейіттері тұрған Кеңгір өзенінің бойында туыпты, содан атын Кеңгірбай қойған" деген дерек кездеседі", - дейді Бердалы Оспан.

Есімтанушы жер-су атына байланысты қойылған есімдердің бірі Жамбыл Жабаевтың есімі дейді. Сонымен қатар туған жерге байланысты ат қою әдеті жиырмасыншы ғасырда да өз жалғасын тапқан. Мұны 1922 жылы туған ақын Сырбай Мәуленовтің "Сыр бойында туған соң, Сырбай қойды атымды" деген өлең жолдары дәлелдейді.

"Қазақтың ұлы суретшісі Әбілхан Қастейұлының Жоңғар деген немересі өзіне бұл есімнің берілу себебін өзі айтып берді. Атасының үлкен ұлы Әбілтай Жоңғар Алатауы баурайында кино түсіріп жатқанда ұл баланың дүниеге келгенін естиді де, аты Жоңғар болсын деген екен", - дейді ол. 

Айтуынша, бабаларымыз жоңғармен талай шайқасқандықтан, бұл сөз көп адамның құлағына түрпідей тиері анық. Ғалым нақты деректер келтіре отыра, "жоңғар" сөзінің түп-тамыры көне ғұндардан шыққан деп көрсетті.

"Жоңғар" сөзін жазушы Жағда Бабалықұлы 2005 жылы желтоқсанның он екісінде "Евразия" газетіне берген сұхбатында Тянь-Шань тауын қазақтар Тянь-Шань емес, Еренқабырға дегенін айтады. Еренқабырға тауының солтүстігі – кешегі Жоңғар мемлекеті тұрған жер. Жоңғар деген сөз көне ғұндардың сол жақ қанатты білдіретін сөзінен шыққан. Өз заманының білімдары Әбілхан Қастейұлы осыны білген болуы керек", - дейді есімтанушы.

Бердалы Оспанның сөзінше, халық есім таңдауда түрлі сенімге сүйенген. Тіпті есім адам өміріне де тікелей әсер етеді. Ертегідегі Алдар көсенің не себепті Алдар атанғаны туралы да қызықты дерек бар көрінеді. Алдар көсенің әкесінің есімі Алдан екен. Шынында да ол өмір бойы әркімнен алданып жүріпті. Қорлық көрген, алданып жүрген аңқау азамат тұңғыш ұлына Алдар деп есім беріпті. "Адам өзінің азан шақырып қойған атына сай өмір сүреді" дейді халық. Бұл да соның бір дәлелі болса керек.

Сонымен қатар есімтанушы көпшілікке таныс тұлғалардың есімдеріне байланысты қызық деректермен де бөлісті.

"Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың шын есімі Ілия болған. Оны майдандас достары Лия деп атаған. Мұндай әдемі есімді тек қазақтар ғана ойлап таба алады. Себебі Ілия сөзі "Жаратушы" деген мағына береді", - дейді Бердалы Оспан.

Ал қазақтың біртуар азаматы Шәмші Қалдаяқовтың шын есімі Жәмшит болған. Тіпті фамилиясы да басқа дейді.

"Ежелгі заманда Жәмшит деген патша болған деседі. Патшаның ерекше айнасы болған екен. Сол арқылы бүкіл әлемді көре алған. Кейін келе қазақтар осы есімді өз ұлдарына берген. Шәмші Қалдаяқовтың шын есімі де Жәмшит болған. Фамилиясы да Қалдаяқов емес, басқа болған. Қазақта келіндер жолдасының бауырларын атымен атамаған. Ол кісінің аяғында қал болса керек. Содан Қалдыаяқов болып кеткен", - дейді Бердалы Оспан.

Қазақ есімдерін зерттеп жүрген Бердалы Оспан сұхбат соңында түс пен бояуға байланысты бірнеше есімді атады. Олардың ішінде Қаракесен, Қаракиік, Қаракиім, Қарақұла, Қарамай, Қарамойын, Қарамұқай, Қарасары, Қаратоқты, Қарашапан, Қарашолақ, Қарасүймен, Қоңырат, Қоңыратбай, Қоңырбай, Қоңыржал секілді есімдер бар. Есімтанушының айтуынша, қазақта есімдер аспандағы жұлдыздардан да көп.

Кілт сөздер:
танымал тұлғалар, ат қою, мұсылманша есімдер
Загрузка...

Басты тақырып