17:22 19 Қараша 2019
Тікелей эфир
  • USD387.14
  • EUR428.18
  • RUB6.06
ет асу

Ет асып, табақ тартудың жөн-жосығы: қандай қателік жіберуге болмайды?

© Sputnik / Анатолий Устиненко
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
557750

Жалпы, ет беру ұлттық салт-сананың көрінісі ғана емес, елдің дастархан берекесінің дәм ұсыну, беру, мәдениетінің үлкен белгісі

АСТАНА, 10 наурыз — Sputnik. Қазақ сыйлы қонағына ет асады. Ел азаматтарына ұсынатын кәделі әрі орны бөлек тағамдардың ең бастысы – қазақша ет.

Халқымыз аса құрметті, ардақты, ел сыйлайтын қонағына тай немесе құлын сояды. Егер олардың саны көп болса, ірі жылқы, оның ішінде кемінде сере қазы шығатын қысыр бие сояды. Сөйтіп қонақтарға табақ-табақ ет тартылады.

Табақ тарту - үлкен өнер

Сырға, архивтегі сурет
© Sputnik / Анатолий Устиненко
Мұның да ұлттық, салттық тәртібі мен реті, жөн-жосығы болады. Әр табақ қонақтың дәрежесі мен жасына, іліктік жолына (нағашы, жиен, құдағи, қыз, бала, т.б.) сәйкес келуі керек. Осыған орай табақ тарту – бас табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табағы, жастар табағы, жай табақ болып бөлінеді.

Аталған табақтарға сай ет (сүйек) мүшелері болады. Ол мүшелерді ауыстыруға болмайды. Бас табаққа бас, жамбас, омыртқа, қазы-қарта, жал-жая сияқты кәделі мүшелер салынады. Міне, осылай әр табақтың көлеміне және оның адамдарына сәйкес кәделі мүшелері тартылып, бәріне де сыйлы, шұрайлы еттер мен мүшелі сүйектер салынады.

Әр кісінің, қонақтың жасына, іліктік, туыстық қатынасына қарай малдың әрбір мүшесінің (сүйегінің) соған лайық орны болады. Мысалы, қартқа бас, жамбас, орта жастағыларға ортан жілік, омыртқа, күйеу мен қызға асықты жілік, төс, тағы сол сияқты рет-ретімен беріледі.

Егер үлкенге жауырын, кәрі жілік сияқты мүшелер ұсынылса – бұл үлкен қателік. Бұл үлкенді сыйламағандықтың белгісі ретінде реніш туғызады.

Ұлт дәстүрінде осындай тәртіптік заң бар. Сондықтан табақ тартуға қазақ халқы әрқашан қатты көңіл бөлген. Мойын омыртқа, тоқпақ жілік, ірі мал жамбасының шұқыршағы, жауырын, сирақ қонақтарға тартылмайды.

"Қарсы алғанның белгісін – қабағынан танимын, сыйлағанның белгісін – табағынан танимын" деген аталы сөз осыны дәлелдейді. Сондықтан табақ тартудың жөнін, ретін білетін адамдар болады. Оны "табақшы" дейді. Ет асуды, пісіруді, түсіруді, басқаратын кісіні "қазаншы" дейді.

Бешбармак
© Photo : предоставлено проектом "Адайкелiн"
Бесбармақ

Етті дұрыстап турай білу маңызды

Ет тураушы әрбір кәделі сүйекті тиісті адамына ұсына білуі тиіс. Етті жапырақтап қиялай турап, оны пышақ сыртынан табаққа тастап отырады. Қазы, жал, қарта, қойдың құйрығы, шұжық сияқты мүшелерді ең соңынан яғни табақ бетіне турайды. Қазыны, жалды ертіп, қартаны дөңгелектеп турайды.

Қонақ күту этикеті

Табақтағы дәмді алдымен құрметті қонақтар бастайды. Тамақ үстінде көп сөйлемейді. Сыпайы, әдепті отырып тамақтанады.

Тұсаукесер
Национальный музей Казахстана
Үй йесі сыпайылық сақтап, "алыңыздар, алыңыздар" деп отырады. Қонақтар да "ет жақсы пісіпті", "тұзы да татымды" деп мадақ сөз айтса, ол бүкіл ауылдың мерейі. Ет желініп болғаннан кейін, сорпа ұсынады. Бата беріліп, ас қайтарылады.

Қазақтың табақ тарту яғни басты тағамы ет беруінің осындай жолдары бар. Жалпы ет беру ұлттық салт-сананың көрінісі ғана емес, елдің дастархан берекесінің дәм ұсыну, беру, мәдениетінің үлкен белгісі.

Табақ тарту – тек қана қонақты тойғызып жіберу ғана емес, елдіктің, тамақ беру үлгісінің, сол елдің ас беру тәжірибесі мен әдеп-тәртібінің, бірлігі мен ынтымағының да айғағы деп бағаланады.

Улытау
© Sputnik / Анатолий Устиненко
Табақ тартуға қазақ халқы әрқашан қатты көңіл бөлген

Айта кетейік, қазақ халқы төрт түлік етінен басқа арқардың, таутекенің, еліктің, киіктің, қоянның тағы басқа шөппен қоректенетін дала тағылары мен құстарын да аулап етін жеген. Тауық етін жеу үшін оны үш күн байлап ұстап, адал тамақ беріп қана сояды. Әр ауылда аңшылар мен саятшы-құсбегілер болған. Олар дала жануары және құс етімен ауылын қамтамасыз етіп отырған.

                Дереккөз: Сейіт Кенжеахметұлы, "Қазақтың дарқан дастарқаны".

Загрузка...

Басты тақырып