21:47 21 Наурыз 2019
Тікелей эфир
  • USD378.17
  • EUR429.11
  • RUB5.88
Дәрі

Қазақ дәрігері халық жиі тұтынатын дәрілер жайлы сұмдықты жайып салды

© Sputnik / Александр Кряжев
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
473440

Сәния Ислямова дәрумендерді ДНҚ тестіден өтпей пайдалану да адам организміне зиянды екенін айтады  

АСТАНА, 14 наурыз – Sputnік, Дәурен Ерболат. Нутрициолог, диетолог, спорт дәрігері Сәния Ислямова Sputnік Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында дұрыс тамақтанудың құпиясымен бөлісіп, цитрамон, парацетамол сынды дәрілерден адам өліп кетуі мүмкін екенін мәлім етті.

Қазақстандықтар неге дұрыс тамақтанбай жүр?

Оның пікірінше, бұл мәселеде елдегі экономикалық жағдай мен халық табысын ескерген жөн.

"Қазақстандықтар дұрыс тамақтанып жүр деп айту қиын. Себебі, соңғы жылдары тұрғындардың табысы төмендеп кетті. Бұл тамақтану сапасына кері әсерін тигізді. Осылайша, дүкен сөрелеріндегі денсаулыққа пайдалы, сапалы азық-түліктер азайды. Мысалы, рикотта, фетакса ірімшігі мен сапалы балық еті. Олардың бағасы қымбат, қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Ал мұндай өнімдерді сату дүкенге пайдасыз. Сондықтан тұрғындар құрамында көмірсулары көп көкөністер мен сапасыз құс етін сатып алуда", - деді ол.

Сәния Ислямованың айтуынша, бүгінде еттің бағасы да шарықтап тұр. Сонымен қатар нутрициолог сапалы тамақтану үшін азамат күніне 7-8 мың теңге жұмсауы қажет екенін айтады. Бұл 70 келіге дейінгі тұрғындар үшін. Егер азаматтың салмағы бұдан жоғары болса,  ол аталған сомадан көбірек қаржы жұмсауы керек.

Fast food тағамдарын неге жиі жейміз?

Дәрігер қазақстандықтар fast food тағамдарының зиянды екенін білсе де, неге сүйсіне жейтінін түсіндірді.

"Fast food тағамдарында хош иісті дәмдеуіштер көп. Сондықтан адамдар оны тойса да жей бергісі келеді. Салдарынан артық салмақ жинайды. Ал тіліміздің ұшындағы дәм сезу органдары үйдегі тамақтың дәмін сезбейді. Яғни денсаулыққа пайдалы тамақтар бізге дәмсіз көрінуі мүмкін", - деді ол.

ДНҚ тест – аурудан сақтанудың жолы

Әңгіме барысында диетолог дұрыс тамақтану үшін не істеу қажеттігін айтты.

"Клиникаға ДНҚ тест тапсыруыңыз керек. Нәтижесінде дәрігер дұрыс тамақтану туралы ақыл-кеңес береді. Организміңіз қандай азық-түліктерді жақсы қорытады, қандай өнімдер сізге зиян екенін білесіз. Сондай-ақ тестіден болашақта қандай ауруға шалдығу мүмкін екеніңізді де анықтауға болады", - деді Сәния Ислямова.

Алайда дәрігер тесті кез келген адамның қалтасы көтере бермейтінін жеткізді.

"Мен Ресейдің Новосібір қаласындағы медициналық клиникалардың бірімен жұмыс істеймін. Онда 34 генді тексерту орташа есеппен 150 мың теңге тұрады. Ал Астанадағы ұлттық биотехнология орталығындағы баға біршама жоғары. Мұнда 1 генді тексерту құны – 8-10 мың теңге. Ал сіз өз ағзаңыз туралы толық ақпаратты білгіңіз келсе, 34 генді тексерту қажет", - деді ол.

Спорт та адам өмірі үшін қауіпті

Сонымен қатар Сәния Ислямова кез келген баланы спорт секциясына беруге болмайды деген пікірде. Себебі, бұл баланың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

"Кейбір ата-аналар балаларын спорт секциясына беріп жатады. Мысалы, футбол, боксты алайық. Бұл баланың өмірі үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Себебі, оның организмі ауыр физикалық жаттығуларды көтере алмауы ықтимал.  Кейбір кездері баланың генінде Альцгеймер ауруына бейімділік болады. Оған мүлдем соққы жасауға болмайды. Ауыр соққылардан кейін бала аталған дертке тезірек шалдығуы ықтимал. Бұл өте қорқынышты ғой", - деді дәрігер.

Осы орайда ол ата-аналарға балаларын спорт секциясына бермес бұрын ДНҚ тест тапсырып, дәрігермен ақылдасу қажеттігін атап өтті.

Цитрамон, парацетамол дәрілерінен адам өліп кетуі мүмкін

Сондай-ақ диетолог ДНҚ тест арқылы организмнің кофеинді қабылдау-қабылдамауын тексеруге кеңес берді.

"ДНҚ тест арқылы бала организмінің кофеинді қаншалықты қорытатынын білу өте маңызды. Өйткені, кейбір ата-аналар баласының ыстығы көтерілген кезде цитроман, парацетомол, панадол сияқты дәрілерді қайта-қайта береді. Бұл баланың өміріне қауіпті. Өліп кетуі мүмкін", - деді ол.

Осы орайда дәрігер өз пациенттері басы ауырғанда 5 таблетка цитроман ішкенін айтты.

"ДНҚ тестінің қорытындысы бойынша олардың организмі кофеинді қорытпайтыны анықталды. Цитрамон қанда "сақтала" береді. Оның құрамында улы заттар бар. Оның салдары болады", - деп Сәния Ислямова қазақстандықтарға аталған дәріні көп ішпеуге кеңес берді.

Әңгіме барысында нутрициолог дәрігер жазып берген кез келген дәрі мен дәруменді іше бермеу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, В12, В6, В9 дәрумендерін байқап пайдаланған жөн. Аталған дәрумендерді мөлшерден тыс пайдалану онкология дертіне шалдықтыруы ықтимал.

Қазақтар неге етті көп жейді?

Диетолог әңгіме барысында қазақтардың неге етті көп жейтінін түсіндірді.

"Бұл қазақтың геніне тән ерекшелік болуы керек. Енді халқымыздың өмір сүру салты басқа халықтармен салыстырғанда ерекше ғой. Ғасырлардан бері ата-бабамыз құрамында нәруызы көп сүт және ет тағамдарымен тамақтанды. Онкология аурулары болған жоқ. Жақсы өмір сүрдік.  Бірақ әр нәрсенің өз орны бар ғой. Шектен шықпау маңызды. Алдымен ДНҚ тест тапсырып, онкология ауруына шалдығу қаупін анықтап алыңыз. Кейін етті қалағаныңызша жей беріңіз", - деді Сәния Ислямова.

Тамақтан ақшаны аямаңыз

Осы орайда ол етті шамадан тыс жеу бауыр мен бүйрекке артық салмақ түсіретінін айтып, тамақтың сапасына да баса мән беруге кеңес берді.

"Ешқашан тамақтан ақшаны аямаңыз. Мүмкіндігінше көкөністерді көбірек жеңіз. Сапалы ет, балықпен тамақтану да маңызды. Жеміс-жидектерді сатып алып, мұздатып сақтап қойыңыз. Қыста жейсіз. Осылайша, қалтаңызға артық салмақ түспейді. Жылқының етіне жетер ештеңе жоқ. Ол шипалы, өте дәмді, тез қорытылады. Сиырдың да етін жеңіз. Ал – тауықтың еті ең лас, сапасы төмен. Сондай-ақ үйдегі үйректің де етін жеуге кеңес бермес едім. Оның орнына күркетауықтың немесе бөдененің етін жеңіз. Спорт туралы жоғарыда айттым. Ол әр адамның қалауына байланысты. Сондықтан тек жаяу жүруге ғана кеңес беремін", - деп түйіндеді сөзін диетолог.

Кілт сөздер:
дұрыс тамақтану, онкология, дәрі
Загрузка...

Басты тақырып