09:10 14 Қазан 2019
Тікелей эфир
  • USD389.52
  • EUR429.21
  • RUB6.07
қазақстандықтар

Шетелдіктер қазақтың қаны мен шашын зерттеп, неге аласұрып жүр?

© AP Photo / Pavel Mikheyev
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
1084870

Sputnik Қазақстан колумнисі Кәмшат Сатиева қазақтың тектілігі, қан тазалығы, жеті ата туралы ой толғайды

"Жабайы қазақтың сауатын ашып, мәдениетті еткен кеңес заманы!". Қоғамда осындай бір таптауырын түсінік бар. Әрине, кез келген қазақ мұны жаңсақ екенін жақсы біледі. Бірақ оны дәлелдеп, ашып айтып, қызылкеңірдек боп жатпайды тағы. Өйткені қазақта айтылатын сөз бар, айтылмайтын сөз бар. Айтқызбай түсініп алу керек сөздер де бар.

Оған қоса, сөзді пір тұтатын қазақтың бос сөзге де жаны қас. Бірақ ұлттық менталитетінен ажырап қалғандарға мұны түсіну қиын. Иә, 70 жылда қазақтар қатты өзгерді. Бір-бірін түсінбейтін хәлге жетті. Тарих қойнауына кетіп бара жатқан кеңес заманы салған сүрлеуден шыққысы жоқ қазақтар да бар арамызда. Бар деген аз, ондайлар көп.

Көбіне солар өткенді көксеп, ұлттың бұрынғысын жоққа шығарып әлек. Баласын орыс мектебіне сүйрелеп жүргендері қаншама? Ондайда жүрегің шым етіп, ішің ашиды. Сондай кезде еріксіз айтқың келеді. Әл-Фараби, басқасы демей-ақ қоялық. Сауатсыз болса қазақтар, сол заманның билігі шала бүлініп, Шәкәрімді құдыққа лақтырып, неге еңбектерін өртеді? Көзі ашық Алаш көсемдеріне неге қырғидай тиді дегің келеді?

Жоқ, жойылып кеткен жоқ. Тауға тықты, қырға тықты. Сол көне еңбектермен сусындаған тау қазағы - малшы қазақ институттан білім алған академиктердің өзін жаңылдыратын болды...

Бүгін әлем мойындаған қазақтың толеранттық қасиеті өздігінен пайда болды дейсіздер ме? Қаншама этносты жеріне, жүрегіне сыйдыру үшін де сауат керек. Кез келген философ-ғалым айтып бере алады, шексіз бейбітсүйгіштік тек сауатты әрі текті ұлтта ғана болады. Иә, қазақ ұлты Шәкәрім, Абай еңбектерінде айтылатын Ақ Жүрек, Ақыл көзі, Имани болмыс деген қалыпқа туа салып, аяқ-астынан сап ете түскен жоқ қой. Бәріне ілім-біліммен келді. Қазақтың отбасының өзі бір интитутқа пара-пар. Келтірсе мысал көп. Бірақ біреуіне ғана тоқталайықшы. Мысалы, жеті атаға.

Әлем ғалымдары таң қалады бұған. Өйткені қанын осындай жолмен таза ұстаған басқа ұлт жоқ Жер бетінде. Ол бір керемет, таңғажайып дүние деп танылған. "Табиғи сұрыптау" тәсілі деп қана қарасаңыз, тағы да қателесесіз. Қазақта ұлт тәрбиесі осы жеті атадан бастау алады. Жеті ата – қазақтың тәрбиелі, текті ұлт екенін ешқандай ғылыми тұжырымсыз дәлелдейтін модель.

Оны біз айтпай-ақ шетел баяғыда біліп алған. Қыз алғысы келсе қазір шетелдіктер қазақтан алады. Бала асырап алғысы келсе, тағы да қазақтан алғысы келеді. Оның түпкі себебі осы - жеті ата. Жеті атаны сақтаған адам ұрпағында аты жаман ауру түрлері, генетикалық ауытқулар болмайтынын медицина әлдеқашан дәлелдеп берген. Иә, бүгін кез келген адам баласы үшін дүниеге сау ұрпақ әкелу өзекті.

Жеті аталық ұстаным, жеті атаға толмай қыз алыспайтын қазақи шежірелік жүйе. Ол – ата-тектің жалғасуын реттейтін қасиет. Сондықтан қазаққа жеті атасын білу міндет. Ал ата-ана үшін бұл - отбасылық үлгі-өнегенің әліппесі.  

Ата, Бала, Немере, Шөбере, Шөпшек, Немене, Туажат, Жекжат – осыдан кейін ғана қазақта қыз бен жігіттің қосылуына рұқсат берілген. Қазір жеті атасы толып кеткен рулар көп. Өйткені оны бөліп-жіктейтін адам жоқ. Ал бұрын жеті ата толысымен сол рудың ақсақалдары айналасындағы басқа руларға хабар беріп, өздерінің өскенін-өнгенін, қазақ халқына тағы бір ру қосылғанын жеткізген.  

Тіпті, ер жетіп отырған жігіт пен қыздың қосылуына рұқсаттарын да берген. Тойда боз бие сойылып,  үй болатын жастарды соның сүтімен шомылдырып, ру атын беріп, өсіп-өніңдер деп батасын берген. Сондай жолмен қазақ рулары көбейіп отырған.

Ал жеті атасын білмегендер не жетім, не шата болған. Тегі, қаны қандай екенін білмегендіктен ата-бабамыз мұндай адамдармен туыстық байланыс орнатқысы келмеген, сөйтіп шеттеткен. Есесіне генофонды таза ұстаған.

Генофон демекші, осы жеті атаның ұлт тәрбиесіндегі рөлі бойынша Ресейде ғылыми еңбек қорғаған, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Советхан Ғаббасовтың жаңалығына бүгіндері "құда" түсушілер өте көп. Ал ғалым қазақтікі қазаққа ғана тиесілі деген принципте.

Бірақ, өкінішке қарай, оны тиімді пайдалана алмай жатырмыз. Неге дейсіз бе? Сол баяғы, ғылым мен білім саласындағы тұрақсыздықтар ғой. Оны қойшы, шетелдіктерді елеңдеткен бұл неғылған еңбек дерсіздер? Онда оған аз-кем тоқтала кетейік.

Қазақ ғалымының жаңалығы бүгіндері керемет деген Батыстың адам тәрбиесіне қатысы тұжырымдарын күл-талқан етеді. Сөйтіп Тән-Жан-Рух үндестігіндегі қазақ тәлім-тәрбие әдістемесін алға тартады. Бұған дамыған Азия елдері лап қойды. Соның ішінде Жапония әлі күнге аласұрып, ізденіп жатыр. Қазақтың қанын алды, шашын алды. Түрлі мықты құрылғыларымен зерттеп, қан тазалағын сақтаудың бұл оңтайлы жолы екеніне көздері жетті. Таң-тамаша олар мұнымен тоқтағысы жоқ енді.

Ақыл жағынан бабаларымыздың өздерінен асып түсетінін сөйтіп олар мойындады. Енді келіп, олар бізге тас кенеше жабысуда. Мақсаты - ескі-құсқы деп біз көзге ілмей жүрген – жеті ата секілді ұлттық құндылықтарымызды өз кәделеріне жарату.

Айтқандай, сырт ел көз сүзген ғалым жаңалығында адам тәрбиесінің 7 сатысы зерделенеді. Соның ең біріншісі – ұрық тазалығы. Екіншісі - ана құрсағындағы тәрбие. Міне, осы екі кезең бұрын әлемдік адам тәрбиесі ілімінде еш қарастырылмаған екен. Ал қазақтар, керісінше бұған ерекше мән берген.

Бірақ "бір күндері қазақтар ана тілін ұмытып қалады" деген ұрық тазалығын сонша қорғаған бабаларымыздың ойы түгілі түсіне кірмеген ғой. Ал, негізінен, жаңағы ілімдегі басты фактор – ұрық тазалығы мен ана тілі. Иә, ана тілі баланың болашағын, қандай адам боп қалыптасатынын анықтайды делінеді онда. "Қазақ тілінде сөйле, қазақша айт" деп шырылдап жүргендердің айта алмай жүргені негізі осы.

Ғалым еңбегінде: "тәрбиенің  іргетасы болып саналатын түйсіктік ақыл мен түйсіктік тәрбиенің 80%-і тек ана құрсағында ғана жетіледі. Оған қоса, санаға бағынбайтын ‑ Жанның 12 арнасы: түйсік – ұят – сүю – зерде – табиғи қабілет – мінез – жігер және ішкі бес сезім де (көкірек көзі, телепатия, дәм, ішкі сезіну, иіс) тек ана құрсағында  ашылады.

Міне бүгінге дейін, адамзат қауымы ‑ ана құрсағындағы тәрбиені білмегендіктен, нағыз құдіретті қасиеттер ашылмай, ұрпағымыз азғындаудың ауыр азаптарын тартуда?! Адамдағы Жан тәрбиесі мен Рух тәрбиесінің үндеспеуінен, ұрпақ жетер ‑ 6-шы және 7-ші Рассаның барлық сипаттары тоқырап тұр" деп жазады.

Демек, біздің бабамыз 6-шы және 7-ші Расса деңгейіне жеткен парасатты адамдар. Қазір біз соның инерциясымен келе жатырмыз. Басымыздан қанша нәубет өтсе де жойылмай...

Негізі, менің түсінігімде, сана модернизациясы, инновация деген осы. Осыған Үкімет назар аударса деймін. Жақсымызды жақсылап жарналамап, бүгінгі заманға лайықтап оны қайта қолданысқа неге енгізбеске дегің келеді мұндайда. Бұл аманатқа қиянат жасамайтын қазақтың бүгінгі ұрпағының міндеті деп санаймын.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді

Тақырып бойынша

Әлемнің 8 еліндегі қазақтар туралы фильм түсіріледі
"Қамығып отырмыз": Түркиядағы қазақтар Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдады
Бекболат Тілеухан: текті өнерге ерекше күтім мен қамқорлық керек
Кілт сөздер:
қазақ халқы, ата-бабалар, қазақ тілі, қазақ
Загрузка...

Басты тақырып