12:57 23 Шілде 2019
Тікелей эфир
  • USD384.52
  • EUR431.32
  • RUB6.10
Қасым-Жомарт Тоқаев

Әлеуметтік желідегі Тоқаев туралы не білеміз?

© Sputnik / Владислав Воднев
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
1407 0 0

Sputnik Қазақстан колумнисі Кәмшат Сатиева Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желідегі жазбаларын зерделеп көрді

Қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды. Ел, ең алдымен жапа-тармағай осыған үңіледі. Айналадағыны білгісі кеп. Тіпті, теледидар, газет қараған жан да қайта оралып осы желіге кіреді. Ондағысы естіген, оқыған хабары туралы желідегілер не деп жатқанын білу баяғы.

Бәрінен бұрын, желіге желік деп қарайтын жоғарыдағылардың бүгіндері маза жоқ. Мамыражай өткен күндерін еліте еске алады қазір. Иә, кеше олар үшін елдің сөзі сөз емес, өзі өз емес ед. Қайтеді, шулап-шулап қояды дейтін еріндерін ерніне бір сылп еткізіп. Ал қазір ше? Әсте өйте алмайды. Әсіресе, әңгіме әлеуметтік желіге келгенде тызақтай жөнеледі. Өйткені бұл жұрт үшін талқы алаңы болса, көп саясаткерлер үшін өзінің қисық айнасы іспетті.

Иә, мұнда өз-өзіне сенімсіз адамдар қарағысы жоқ. Әсіресе, ақ жағалылар дегенім ғой. Жандайшаптарынан тек жақсы сөз естіп үйренген олар мұнда кірсе кәдімгідей "ауырып" қалады. Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді деген өйткені. Жауып немесе бұғаттай да алмайды бұл бәлені мүлде. Содан қайтеді, еріксіз көнеді. Ел желіде өзі туралы не деп жатса да...

Негізі, саясаткерлердің желіге үрке қарайтын жөні бар. Бұл ақпараттық жүйе бір шенді түгілі бір мемлекеттің билігін төңкеріп тастайтын әлеуеті барын әлдеқашан дәлелдеген. Оған қоса осы желідегілермен санасқандардың бағы жанатыны да рас. Содан да болар, бүгіндері көптеген әлемнің көшбасшылары желідегілермен санасып жүр.

Соның арқасында қалың қауым да өздері ел тұтқасын сеніп тапсырған адамның неғып жүргенін қадағалауға мүмкіндік алды. Бір сөзбен айтқанда, билік пен халықты жақындата білген желі демократиялық, құқықтық қоғамның алғышарты бола алып жүр.

Көшбасшы демекші, біздің жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев та желіні белсенді қолданушылардың бірі екен. Оқырманының өзі 110 мыңнан асады. Бұл - өте белсенді қолданушыларға тән көрсеткіш.

Ол кісіні, өз басым фейсбуктен бұрын көзім шалмапты. Сөйтсем мен жоқ твиттерде екен ғой. Ерінбей, көз сүзіп, қарап шықтым парақшасын. Дән риза болдым десем артықтау шығар. Бірақ, таң қалғаным рас енді. Неге дейсіз бе?..

Себебі бас салғаннан, шендінің емес, қарапайым қатардағы ел азаматының парақшасына кіріп кеткен секілді болдым. Әдетте, мысалы министрлер блогы ресми сұрақ-жауаптан тұрады емес пе? Онда да қатып қалған бір стандарттары бар, ол арада не жазғандарын өздері ғана түсінетін. Ал мұнда алақанға салғандай бәрі де ұғынықты: "тіршілік" бар, эмоция бар, оқиғалар тізбегі бар. Бір ұққаным, ол кісі өз парақшасын өзі жүргізіп отырады екен.

Мысалы, галстуксіз мына бір суреті көзіме оттай басылды. Қасындағысы - жазушы Әкім Таразидың жары Роза Мұқанова.

"Бүгін "Жастар театрында". "Ғасырдан да ұзақ..." қойылымының премьерасына келген көрермендермен бірге. Сол жағымда пьеса авторларының бірі- Роза Мұқанова" деп жазыпты астына.

Суретте шіреніп тұрған шенеунік жоқ, театрға демалуға келген қатардағы елордалық азамат секілді. Ал басқа жоғары шенділер, тіпті театрға, онда да қазақ қойылымын көруге бара ма екен деңіздерші? Тек мейрамдарда болмаса. Онда да Елбасының көңілін аулау үшін, сол кісімен алдыңғы қатарда солдаттар құсап тізіліп, бір-бірімен жағаласа отыра қалатын бастардан басқасы есіме түспей тұрғаны...

Естеріңізде ме, Головкин Алварестен жеңілгенде сұмдық боп еді ғой. Осы желіде балалар жылап, әйелдер ана әділқазыларды әбден сыбап жер тепкілеген еді. Қанша дипломат болса да Тоқаев та өз эмоциясын жасыра алмапты-ау сол кезде. "Жеңді ғой" деген ол кісі де күйініп.

"Маған да жеңген секілді көрінген. Головкин ұпаймен жеңді деп ойлаймын. Бірақ, көрдіңіздер ме, әділқазылар басқалай пікірде, олармен сөзталастыру босәурешілік..." деп жазыпты мұндағы жүйенің қандай екенін ақырындап меңзей сынап.

Елдің төбесіне жай түскендей әсер еткен Астанада өртенген бес баланың қазасы туралы хабарды да Тоқаев қабырғасы қайыса қабыл алған.

"Астанада өрттен мерт болған бес баланың қазасы туралы хабарды қатты қайғыра отырып қабыл алдым. Балақандардың туған-туыстарына, жақындары көңіл айтамын. Жалпы, бұл жағдай тиісті мемлекеттік органдармен қатар жалпы қоғам үшін сабақ болуы тиіс", - деп жазыпты бұл ретте саясаткер мұның қоғамдағы былық-шылық екенін көрсетіп.

Бұдан бөлек былық-шылықтан да ол кісі хабардар екен, негізі. Біліп отыр. Пәтер кезегіне қатыстыны, білім саласындағыны, медицина саласындағыны, құқық қорғау саласындағыны, бәрін-бәрін. Бұған қатты жаны ауыратынын мына жазбаларынан көруге болады.

"Тұрғын үй мәселесіне ерекше назар аудару керек. Былық-шылық, бассыздық, адамдар әне жазып жатыр. Мәселе неде? Мәселе Ұлттық банк пен Үкіметтің өз әрекеттерін келісе отырып, қимылдай алмайтынында. Салдарынан бағдарлама тиімділігін жойып, елдің көңілі қалуда" десе бір жазбасында, тағы бір жерінде:

"Елдің медициналық қызметке көңілі толмайды. Тегін қызметіңіз қолжетімсіз, қол жетсе тиімсіз. Бәрібір адам қалтасынан ақша шығарады. Өйткені тегін және ақылы түрде көрсетілетін медициналық қызметтің аражігі айқын емес бізде", - деп көптің жанына батып жүрген мәселеге өз оқырмандарының назарын аударыпты.

Оған қоса мұғалімдерді шала бүліндіріп, жаппай ағылшын тілін оқытуға бағыттаған білім реформасына да түбегейлі қарсы екенін ашық айтқан. Бірақ онысын дипломатия тілімен жәйлап қана жеткізген. Әйтпесе "тіл деген ойыншық емес, бұл шала сауатсыздық" дегенге келеді астарлы сөзінің астындағы негізгі ой.

Тағы бір жерінде елмен бірге қуанып, елмен бірге шаттанады. Әлемді тамсандырған ел мақтаныштары - Димаш Құдайберген, Самал Еслямова, Динара Сәдуақасовалар үшін қуаныпты. Ілтипат білдіруді де ұмытпапты.

"Жас шахматшы Динара Сәдуақасованың "Шахмат ойнап үйренейік" кітабы жарық көрді. Шахмат өнеріне арналған қазақ тіліндегі бұл тұңғыш туынды көпшілік қауымға аса қажет әрі пайдалы. Құттықтаймын!" депті мысалы.

Жалпы, бір аңғарғаным, ол кісінің жастар жайлы жазбасы көп екен. Әлемдік деңгейді бағындырған Димашты үлгі етеді үнемі. Осылай еңбектенуге шақырады. Осылай қазақы тәрбие беруге шақырады ата-аналарды. Көрдіңіз бе, көптің пікірмен ол кісі де келіседі. Көп секілді бағасын ала алмай жүрген қазақ тарихының жайына да алаңдайды екен. Мысалы, Ашаршылық туралы зерттеу жүргізген шетелдік ғалым С.Камеронға шексіз риза екенін өз жазбасында бірнеше мәрте тоқталған.

"Ашаршылық халықтың ұлттық тегіне орны толмас із қалдырды, оның құрбандары естен кетпейді. Қазақ халқы тек 1932-33 жылдары жартысынан астамынан айырылды (5 миллионнан 2,4 миллионға дейін). "Егемен Қазақстан" газетінде С.Камеронның Ашаршылық зұлматы туралы қызықты сұхбаты жарияланды. Бұл кісі Ашаршылық жөнінде өте мазмұнды зерттеу кітабын жазған. Оған алғысым шексіз", - деп жазған цифрларды көрсете отырып.

Иә, осы цифрға келгенде, көп адасу бар бізде. Сондықтан сырт көздің бағасы біз үшін құнды. Мұны Тоқаев мырза жақсы біліп отыр екен.

Тағы бір мына суретіне қараңыз. Сенбілікте көше тазалап, ағаш отырғызып жүр. Тазалықты да үнемі үлгі етеді. Өзі де ат салысады. Мысалы, елордалық ретінде ол кісі өз қаласының масқара жағдайын да сөз етіп, мәселе көтерген парақшасында:

"Елордалықтармен қоса қаланың халықаралық мәртебесі де зардап шегіп жатыр. Елбасы да қайта-қайта қадап айтып жатыр, бірақ бәрібір Астанамыз табиғаттың бір де бір мінезіне тойтарыс беруге еш дайын емес. Жаңбыр жауса да, үп етіп жел соқса да үнемі апай-топай боламыз да жатамыз.  Ең құрымағанда, қаланың 20 жылдығына дейін осы мәселені бір еңсерсе болар еді ғой...", - деп жазған күйініп. Бұл пікірді, әсіресе елордалықтар бас шұлғи, құптай түсері хақ.

Тағы бір аңғарғаным, ол кісі желідегі парақшасын "жүргізіп" қана қоймай, онда көтерілген барлық мәселені жібермей қадағалап отырады екен. Естеріңізде ме, Алатау басындағы мұзда коньки тепкен қыз. Желіде жұрт өзара "қырылып" қалып еді ғой сонда. Сөйтсе ол қыз сырғанаған мұз суы алматылықтар ішетін ауызсу боп шыққан. Не керек, әлгі қызды жұрттың көбісі жерден алып, жерге салып, желіні пікірге толтырып жіберген еді. Сөйтсе бұл мәселе талқысынан Тоқаев та сырт қала алмапты.

"Алматылықтың қорықтарды қоқысқа толтырмау, тазалығын сақтау туралы үндеуін қолдаймын" деп жазып, ол жайындағы жаңалықпен бөліскен.

Жалпы, желідегі жазбаларынан шығатын қорытынды: ол жұртпен санасатын, жұрт пікірлерін оқитын, жұрттың жағдайынан әбден қанық, ақыры жұртқа жақын адам. Ал осындай кісі президент боп жатса, әрине елде үміт болады ғой. Бірақ, ол кісі өз орнында ұзақ отыра алса енді...

Ал алғашқы қарқыны жаман емес. Президент болдым екен деп қолын босқа жіберген жоқ. Жазып жатыр әлі желіге. Кешегі тікұшақты жазды, қаза болғандарға көңіл айтты, бұл апаттың зерттеуін жеке қадағалауына алатынын айтып жатыр...

Бәрінен мені қуантқаны өңір әкімдерін жинап ап, әлеуметтік желімен жұмыс істеуге бұйыруы. Әкімдер тура осы Тоқаев секілді парақшасын жүргізе алса, көрім ғой.

Бастысы ол елді толғантатын мәселенің бәрін біліп отыр. Мәселе шешімін осы әкімдерден бастайын деген секілді өзі де. Сондықтан енді әкімдер бұрынғы жұмыс стилін өзгертуге мәжбүр болады. Меніңше, бұл оларға жасалған бірінші тосынсый емес секілді.

Қалай дегенмен де Тоқаев шетелге шығып жүрген, саясатты жүргізудің озық тәсілдерінен қанық адам ғой. Сондықтан демократиялық, либералдық даму көрсеткіштерінің құралы бола алатын желіні қолдануды саясаткерлерге міндеттеуі, меніңше әлі басы ғана...

   Автордың пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді

Тақырып бойынша

Жалақы 1 шілдеде көтерілмейді: Тоқаев үкіметке тапсырма берді
Тоқаев Айдос Үкібайды қызметінен босатты
"Шенеуніктердің өздері тұрып көрсін" Тоқаев Мамин мен Шөкеевке тапсырма берді
Тоқаев Мәдина Әбілқасымованы басқа қызметке тағайындады
Тоқаев жасаған ауыс-түйіс нені білдіреді - саясаттанушылардың пікірі
Кілт сөздер:
әлеуметтік желілер, Қасым-Жомарт Тоқаев
Загрузка...

Басты тақырып