13:16 23 Шілде 2019
Тікелей эфир
  • USD384.52
  • EUR431.32
  • RUB6.10
Қазақстан аруы

"Қазақстан аруына" бөлінген 73 млн теңге: Kazakh tourism жұрттың сынына жауап берді

© Sputnik / Болат Шайхинов
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
272 0 0

Ұлттық компания басшылығының айтуынша, олар мемлекеттен бөлінген қаражатты есеппен жұмсап отыр

НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір – Sputnik. Kazakh tourism ұлттық компаниясы "Қазақстан аруы" байқауына 73 миллион теңге бөлгеніне байланысты есеп комитетінің сынына жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Осыған дейін Қазақстанның есеп комитеті компанияның жұмысын тексеріп, біраз кемшіліктер тапқан. Тексеріс барысында аудиторлар Kazakh tourism "Қазақстан аруы" байқауын ұйымдастыруға шамамен 73 миллион теңге әрі қызметкерлерге 25 миллион теңге көлемінде сыйақы бергенін анықтаған. Сол себепті ұлттық компания "мемлекет қаржысын тиімсіз игеріп жатыр" деген сынға ұшырады.

Бұл пікірге Kazakh tourism ұлттық компаниясының пиар және маркетинг департаментінің басшысы Даниел Селжанұлы жауап берді.

"Есеп комитетінің ескертуіне қатысты өз пікіріміз бар. Біздің ойымызша, бұл тиімді жұмсалған бюджеттік салымдар. Компанияның штатында 50 қызметкер бар. 25 миллион теңге сыйақы осы қызметкерлерге төленді. Оны басқарма басшылары алған жоқ. Аталған ақша бір жылда бөлінбеген. Ол – 2017-2018 жылдардың есебінен жасалған төлем. Сондықтан компания заңға қайшы әрекет жасаған жоқ. Үкіметтің өкімі бар", - деді ол Sputnik Қазақстан баспасөз орталығында өткен брифингте.

Оның сөзін компанияның басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев толықтырды.

Заместитель председателя правления КазахТуризм Тимур Дуйсенгалиев
© Sputnik / Владислав Воднев
Kazakh tourism басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев

"Есеп комитетінің Kazakh tourism бойынша есебіне тоқталайын. Мемлекет қаржысын тиімсіз игеріп жатыр деген сөз ақылға қонымсыз. Мұндай жағдай болған жоқ. Сыйлықақыға қатысты талқыға салар тұстар бар. Бізді мемлекет қаржыландырып отырғанын жақсы түсінеміз. Сондықтан мемлекеттің ақшасын құр шаша алмаймыз", - деді ол.

Басшының айтуынша, сапалы туристік өнімді жасау үшін оған қомақты қаражат құю керек екен.

"Сондықтан өнімді сатпас бұрын, оны алдымен жасау керек қой. Оны әлемдік талаптарға сай етіп жасау үшін қомақты қаржы құю қажет. Сіздердің арқаларыңызда ақшаны тиімді игеру мәселесін үнемі көтеріп, талқылап отырамыз. Біздің компаниямыз ашық, құпиямыз жоқ", - деді Тимур Дүйсенғалиев.

Сондай-ақ брифингте "Қазақстан аруы" ұлттық конкурсының директоры Алена Кырбасова ұлттық компания бөлген 73 миллион теңгенің қайда жұмсалатынын түсіндіріп берді.

Директор национального конкурса Мисс Казахстан Алена Кырбасова
© Sputnik / Владислав Воднев
"Қазақстан аруы" ұлттық конкурсының директоры Алена Кырбасова

Биылғы конкурстың талабы бойынша, байқауға қатысатын әрбір қазақстандық ару өңіріндегі маңызды тарихи орындар мен ескерткіштер, табиғаты әсем жерлері туралы баяндайды екен. Ол үшін арнайы видео ролик түсіріледі.

"Байқауға еліміздің әсем табиғатын бейнелейтін 30 ролик түсіру жоспарда бар. Оны арнайы түсіру тобы өңірлерге барып жасайды. Бір өңірге бару үшін шамамен 700 мың теңге жұмсалады. 30 видеоның монтажына, әрі оларды компьютерлік графикамен өңдеу үшін 20 миллион теңге кетеді. Бұл – орташа баға", - деді ол.

Сонымен қатар ұйымдастырушы байқауға қатысатын сұлу арулар үшін кәдесыйлар жасалатынын жеткізді. Оның айтуынша, сапалы кәдесыйдың бағасы 30-40 мың теңгеден кем түспейді, әрі байқауға қатысушылар үшін ұлттық нақыштағы көйлектер тігіледі.

"Ұлттық нақыштағы костюмдердің бағасы шамамен 1,5 миллион теңгеден 2 миллион теңге дейін барады. Оларды арнайы тапсырыспен тіктіреміз. Себебі, ұлттық костюмдер бізге қажет. Қаржының басым бөлігі ролик жасауға жұмсалады. Мұның барлығы байқаудың беделі үшін қажет", - деді Алена Кырбасова.

Айта кетейік, биыл "Қазақстан аруы" ұлттық конкурсының финалы 2 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Nomad hall-да өтеді. Оған еліміздің барлық өңірінен жиналған сұлу арулар қатысады.

Тақырып бойынша

Астана аруы өзі жайында ең қызықты сұрақтарға жауап берді - видео
"Астана аруы-2018" жеңімпазы белгілі болды
"Ғалам аруы-2018": Қазақстандық бойжеткен ерекше хоббиін көрсетті
"Ғалам аруы" 19 жасында қайтыс болды
Астанада "Қазақ аруы" таңдалады – үміткерлердің фотосы мен видеосы  
Кілт сөздер:
туризм, сұлулық байқауы, Қазақстан аруы
Загрузка...

Басты тақырып