Қоғам

Назарбаевқа - қылыш, Қарақатқа - әшекей: танымал зергер бұйымдарының құны туралы айтты

© Sputnik / Абзал Калиев Abzal KALIYEVЗергер Берік Әлібай
Зергер Берік Әлібай - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Берік Әлібайдың айтуынша, зергер өте шыдамды, жүйкесі мықты, қолы епті адам болуы керек

НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Дәурен Ерболат. Танымал зергер Берік Әлібай ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдар және асыл тастармен көркемделген қылышты қалай жасайтынын, қазақ эстрадасының жұлдыздары қандай әшекей бұйымдарды ұнататынын айтып, табысқа жетудің құпиясымен бөлісті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

© Sputnik / Абзал КалиевБерік Әлібай жасаған білезіктер
Назарбаевқа - қылыш, Қарақатқа - әшекей: танымал зергер бұйымдарының құны туралы айтты - Sputnik Қазақстан
Берік Әлібай жасаған білезіктер

Алғашқы туынды 

Берік Әлібай – Жамбыл облысы Меркі өңірінен шыққан зергер әулетінің өкілі. Оның атасы – Әлімбай ұста-зергер болыпты. Ол 1981 жылы арман қуып, Алматыға келеді. Бір жылдан соң, қазіргі Орал Таңсықбаев атындағы Aлматы сәндік және қолданбалы өнер колледжіне ұста мамандығына оқуға түседі. Соған қарамастан Берік Әлібай ұстазы Мейірхан Әбдірахмановтың кеңесімен зергерлік ісіне мамандана бастайды.

"Нешінші курс екені есімде жоқ. Бір күні ұстазым Әбдірахманов аз ғана темір кесіп берді де: "Пышақ соғып кел. Оны істей алмасаң, ұста болмайсың", - деді.  Темірдің ұзындығы – 7-8 см. Біраз қиналып, әдемі кездік жасадым. Оның сабы қойдың асық жілігінен болды. Мұғалімдер жасаған еңбегіме жоғары баға берді", - дейді зергер студенттік шағын еске алып.

Мамандыққа деген адалдық

Ол 1989 жылы оқуын бітіріп, қаладағы дизайнерлер одағынан жұмысқа шақырту алады. Берік Әлібайдың айтуынша, кеңес кезеңінде Алматыда қалу өте қиын болған екен. Тәуелсіздік жылдары зергер біраз қиындықты көріпті. Бірақ мамандығына деген адалдық осы кәсіпте қалуына септігін тигізген. 

© Sputnik / Абзал Калиев Abzal KALIYEVБерік Әлібай жасаған сәукеле
Назарбаевқа - қылыш, Қарақатқа - әшекей: танымал зергер бұйымдарының құны туралы айтты - Sputnik Қазақстан
Берік Әлібай жасаған сәукеле

"Тоқырау заманында елімізде жұмыс жоқ. Колхоз тарап кетті. Халық абдырап қалды. Қиын қыстау кезеңде күнімді зергерлікпен көрдім. Бала-шағаны да асыру керек қой. Мәскеу, Ленинград қалаларынан адамдар әшекей бұйымдар жасауға тапсырыс берді. Соны жасадым. Байып кетуді ойлаған жоқпын", - дейді зергер.

Берік Әлібайдың айтуынша, зергер өте шыдамды, жүйкесі берік, қолы епті, еңбекқор, әрі ол ісін жақсы көретін адам болуы керек.

Президентке сыйлық

Қазақ зергері үшін тәуелсіздік қастерлі ұғым. Ол тәуелсіз Қазақстанда тұрып жатқанын мақтан тұтады. 1991 жылы зергер мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайы белдік жасапты. 

© Sputnik / Абзал Калиев Abzal KALIYEVЗергер Берік Әлібай өзі жасаған белдікті ұстап тұр
Назарбаевқа - қылыш, Қарақатқа - әшекей: танымал зергер бұйымдарының құны туралы айтты - Sputnik Қазақстан
Зергер Берік Әлібай өзі жасаған белдікті ұстап тұр

"1991 жылы 10 желтоқсанда Алматы қаласындағы Республика сарайында Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы инаугурациясы өтті. Біз мемлекет басшысына арнайы белдік жасадық. Жанымда 4-5 зергер досым болды. Күн демей, түн демей белдікті үш күнде жасап шығардық. Ақша алған жоқпыз, бірақ тарихта қалдық", - дейді Берік Әлібай.

Бағалы сыйлықтар

Сондай-ақ, зергердің жасаған қылышы басқа елдің президенттеріне де сыйлыққа беріліпті.

"Артымда қайқы қылыш тұр. Мұның бағасы – 10 миллион теңге. Қылышты жасауға бір келі 300 грамм күміс кетті, әрі алтынмен жалатылды. Бір жыл тер төктім. Мен қылышты көп жасамаймын. Өмірімде 4-5 қылыш жасадым. Оның өзі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Малайзия короліне, Армения президентіне, Түркияның бұрынғы мемлекет басшысы Сүлеймен Демирелге сыйға берілді. Олар осы елдердің музейлерінде тұр", - дейді Карл Фабержье "Құрмет" орденінің иегері. 

© Sputnik / Абзал КалиевБерік Әлібай жасаған қылыштардың бірі
Назарбаевқа - қылыш, Қарақатқа - әшекей: танымал зергер бұйымдарының құны туралы айтты - Sputnik Қазақстан
Берік Әлібай жасаған қылыштардың бірі

Әңгіме барысында ол қылыштарды тапсырыспен жасамайтынын атап өтті. Берік Әлібайдың жасаған бұйымдарын адамдар арнайы келіп сатып алады екен. Бірақ зергер қандай адамдар келетіні туралы тіс жармады. Тек Түркияның бұрынғы президенті Сүлеймен Демирелге жасалған сыйлық туралы айтып берді.

"1999 жылы қылышымды адамдар қымбат бағаға сатып алды. Нақты есімде жоқ. Қателеспесем, 2-3 мың доллар. Бұл – сол кездегі Астанадағы бір бөлмелі пәтердің бағасы. 2000 жылы астанамызға Сүлеймен Демирел келген болатын", - дейді Берік Әлібай.

Ұлттық бұйымдарға сұраныс жоғары

Зергер қазақтың ұмыт болған әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері халық жадында қайта жандана бастағанына қуанады. Оның пікірінше, әрбір азамат өз елінің тарихын білуі керек. 

© Sputnik / Абзал КалиевЗергер топтамасындағы жүзіктер
Назарбаевқа - қылыш, Қарақатқа - әшекей: танымал зергер бұйымдарының құны туралы айтты - Sputnik Қазақстан
Зергер топтамасындағы жүзіктер

"Құдағи, құстұмсық, отау деген жүзіктер бар. Оларды жасап, дәстүрімізді жаңғыртып жатырмыз. Халық оларды көріп таңғалады, әрі қызығушылықпен қарайды. Қазақтар той-томалақ көп өткізеді. Құдайға шүкір тапсырыс бар. Әшекей бұйымдардың бағасы жұмыстың күрделілігіне байланысты. Құны 200 мың теңгеден 5 миллион теңгеге дейін барады", - ол.

Қазақ әншілері қандай әшекей бұйымдарды сатып алады

Сондай-ақ зергер қазақ эстрада жұлдыздарын да жиі тапсырыс түсетінін жеткізді.

"Құдайға шүкір, әншілерден тапсырыс көп түседі. Ашығын айтқанда, жасап үлгере алмай жатамыз. Дәстүрлі әншілер Айгүл Елшібаева, Эльмира Жаңабергенова, Айгүл Қосановадан және тағы басқа эстрада жұлдыздарынан тапсырыс түседі. Жақында Қарақат Әбілдина әшекей бұйымдардың бір жиынтығын сатып алып, еліміздегі танымал әншіге сыйға тартты. Бағасына келісеміз. Көңіл-күйім болған кезде бағасын түсіруім мүмкін", - дейді Берік Әлібай.

Табысқа жетудің құпиясы 

© Sputnik / Абзал КалиевЖұлдыздар жиі тапсырыс беретін зергерлік бұйым
Назарбаевқа - қылыш, Қарақатқа - әшекей: танымал зергер бұйымдарының құны туралы айтты - Sputnik Қазақстан
Жұлдыздар жиі тапсырыс беретін зергерлік бұйым

Зергер Қазақстанның ұлттық музейіндегі реставрация бөлімінде таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Кейін өзінің сүйікті кәсібімен шұғылданады. Осы орайда ол табысқа жетудің құпиясын айтты.

"Бұл кәсіппен шұғылданып, байып кетпейсің. Бірнеше бизнесті алып жүрген соң, жағдайым жаман деп айта алмаймын. Қаражат жинап, басқа кәсіпке салдым. Дүкен аштым, сирек кездесетін заттарды сатып алдым. Адам тек зергерлікпен байи алмайды. Әрине, одан өзге кәсібің болуы керек. Мұны шәкірттеріме де айтамын", - дейді ол.

Әке жолы

Берік Әлібайдің 4 баласы бар. Кенже ұлы әке жолын қуған екен

"25 жастағы кіші ұлым - зергер. Ол да әшекей бұйымдар жасайды. Мұнда тұрған барлық заттың тарихын біледі. Үйдегі кейбір бұйымдарды сатып жатсам, кенже балам сатқысы келмейді. Соған риза болып қаламын. Ұрпағым мен жасаған заттардың қадірін білмесе, мұны жинамас та едім. Олар барлығын түсінеді", - деді Берік Әлібай.

Сөз соңында зергер өзінің жасаған туындыларына баласындай қарайтынын, сондықтар оларды санамайтынын айтып кетті.

Жаңалықтар
0