Қоғам

Қазақстанның жоғары оқу орны Мәскеу университетіне қанша ақша жұмсады?

© Sputnik / Болат ШайхиновЛ.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Болашақта Нұр-Сұлтан қаласындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалына жеке ғимарат берілуі мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 25 сәуір – Sputnik. Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалына 14 жыл ішінде Еуразия ұлттық университеті тарапынан 270 миллион теңге жұмсалған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін сенаттың жалпы отырысында Қазақстан үкіметі мен Ресей үкіметі арасындағы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралды.

Заң жобасын талқылау кезінде сенатор, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Бақытжан Жұмағұлов бірқатар мәселеге тоқталды. Ол Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы елордадағы Еуразия ұлттық университетінің базасында 2001 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Бұған қоса, осы жылдар ішінде филиалға жұмсалған қаражат мөлшеріне де тоқталды.

"Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарапынан ғимаратқа 14 жылда 270 миллион теңгеден астам ақша жұмсалды. Бұл дұрыс емес деген де пікірлер айтылды. Себебі Мәскеу мемлекеттік университеті мен ЕҰУ әлемдік аренада және әлемдік рейтингтерде бәсекелес саналады. Сондықтан ММУ-дің филиалына жеке ғимарат бөліп беруді тиімді шешім деп ойлаймыз. Бұл мәселе де өз шешімін тапса дұрыс болар еді", - деді Жұмағұлов.

Сонымен қатар, сенат депутаты оқу гранттарының құнына қатысты мәселені қозғады. Айтуынша, ММУ-дің филиалында гранттың бағасы 1 миллион 690 мың теңгені құрайды.

"Мұндай сома білікті профессорларды тартуға, дәрістерді жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. Бұл шын мәнінде білім беру сапасының кепілі. Ал біздің жоғары оқу орындарында, тіпті ұлттық университеттерде гранттар сомасы әлдеқайда төмен", - деді ол.

Назарбаев жоғарғы оқу орындарын жемқорлық жайлап кеткенін айтты  

Жұмағұлов бүгінде елдің бәсекеге қабілетті шарттарының бірі білім берудің сапасы екенін атап өтті. Сондықтан, білім сапасын көтеруге бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізу туралы ойланатын кез жетті деп санайды сенатор.

"Сонымен қатар, Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқу гранттарының құнын арттыру өте маңызды болар еді", - деді депутат.

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова депутаттардың ұсынысымен келісті.

"Жоғары оқу орындарында грант құнын көтеру мәселесі бірнеше рет көтерілді. Болашақта біз мұны тағы да ұсынамыз. Себебі оның қажет екенін түсініп отырмыз", - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ММУ-дің Қазақстандағы филиалына жеке ғимарат бөлу мәселесі де қарастырылып жатқанын айтты.  

Сенат депутаттары Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдады.

Жаңалықтар
0