Қоғам

"Жағамызды ұстадық" Қазақстандық стюардессаның ашық әңгімесі

© Sputnik / Абзал КалиевСтюардесса Әлия Әбдіқайырова
Стюардесса Әлия Әбдіқайырова - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әлия Әбдіқайырованың отандық әуе компаниясында бортсерік болып қызмет етіп жүргеніне бір жарым жыл болған

НҰР-СҰЛТАН, 16 мамыр – Sputnik, Нұргүл Абай. Көкте қалықтаған ұшақ. Бортта әрі-берген жүрген сұңғақ бойлы, жылы шырайлы, әр сөзінен биязылық пен нәзіктіктің лебі ескен аспан арулары. Оларға қызыға да қызғана қарап отырған жолаушылар... Шыны керек, көпшілік жер-көкті шарлайтын стюардессалардың қызметін романтикаға толы, шыжығынан қызығы көп жұмыс деп ойлайды. Бортсеріктерге тамсана қарайтыны да сондықтан. Бүгінгі біздің кейіпкер әлемдегі мәртебелі мамандықтың иесі – Әлия Әбдіқайырова стюардесса қызметінің қыр-сырына қанықтырды.

Қазақстанда биыл миллионға тарта жолаушы екі есе арзан бағамен ұша алады

Әлия Әбдіқайырова – 23 жаста. Отандық Air Astana әуе компаниясының бортсерігі болып жұмыс істеп жүргеніне бір жарым жылдың жүзі болған.

"Жүкті әйелді босандыруға дейін үйретеді"

"Бортсерік – ол апатты жағдайда эвакуация жасайтын құтқарушы, тілсіз жауды ауыздықтайтын өрт сөндіруші, адамдармен тіл табыса алатын психолог, қажет болса, денсаулығы нашарлаған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігер"

© Sputnik / Абзал КалиевӘлия бір айда 60 сағатын әуеде өткізеді
Жағамызды ұстадық Қазақстандық стюардессаның ашық әңгімесі - Sputnik Қазақстан
Әлия бір айда 60 сағатын әуеде өткізеді

Міне, Әлия өз мамандығын осылайша сипаттайды. Аспан аруының бортсерік жұмысын таңдауына да мамандықтың жан-жақтылықты қажет етіп, дүниетанымды кеңейтетіні түрткі болған. Бұған қоса, саяхаттау мүмкіндігі мен 60 күндік жылдық демалыс та оны қызықтырыпты.

"Ұшқыштың міндеті ұшақты бір елден екінші елге аман-есен жеткізіп, қондыру болса, борттағы жолаушылардың қауіпсіздігі біздің мойнымызда. Бортсеріктің басты әрі негізгі міндеті – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. "Бес саусақ бірдей емес" қой, неше түрлі адам кездеседі. Соның бәрін назарда ұстау қажет. Бізді бортта болады-ау деген барлық жағдайға алдын ала дайындайды. Керек десеңіз, жүкті әйелді босандыруға дейін үйретеді", - деп әңгімесін бастады қызылордалық қыз.

Әлия бір айда 60 сағатын әуеде өткізеді екен. Бұл шамамен 10-15 рейс. Кейде одан артық не кем болуы мүмкін.

"Бас кезінде ата-анам қарсы болды, "сен әр ұшқан сайын, жанымызды шүберекке түйіп отырамыз ба сонда" деп келісім бермеді. Бірақ мен алған бетімнен қайтпадым, компанияға түйіндемемді жіберіп, жұмысқа қабылданғаннан кейін ғана әке-шешеме хабарластым. Қызметімнің қыр-сырын түсіндіріп, көңілдегі қорқынышын сейілткендей болдым. Қазір өздері мәз, тек үйге келгеніңде міндетті түрде жаз деп айтады. Түнгі сағат үш-төрт болсын, ата-анама аман-есен жерге қонғанымды білдіріп, хабарлама жіберіп отырамын", - деп күлді ол.

"Тамағың өте дәмді екен, қызым"

Бортсеріктердің тағы бір міндеті – жолаушылардың көңілін тауып, сапалы қызмет көрсету. Сондықтан ба, жұрттың көбі стюардессаны даяшы ретінде көріп жатады.

Fly Arystan қызметін бастады: Роза Бағланова атындағы ұшақ Нұр-Сұлтанға қонды

"Бірде бір апа "тамағың өте дәмді болыпты, қызым, өзің пісірдің бе, жарайсың" деп мақтағаны бар емес пе?! Мен де саспастан "рақмет, ас болсын, сіз үшін тырыстым" деп қалжыңдадым. Бірақ артынан тамақты дайын күйінде алатынымызды, біз тек оны ысытып беретінімізді айтып түсіндірдім", - деп еске алды Әлия.

© Photo : Әлияның жеке архивіненӘлия Әбдіқайырова әріптестерімен
Жағамызды ұстадық Қазақстандық стюардессаның ашық әңгімесі - Sputnik Қазақстан
Әлия Әбдіқайырова әріптестерімен

Ұшақтағы сұңғақ бойлы стюардессалар, көбіне-көп шай құйғанда сыналады екен.  

13 жастағы қыз неге жылады

"Бір рейсте ұшудан қорқатын 13 жастағы қыз болды. Бортқа кірген сәтте, сәлемдеспестен "мына ұшақ соңғы рет қашан тексерістен өтті" деп сұрады. Бірден мына қызды назарда ұстау керек екен деп ойладым, әріптестеріме де ескертіп қойдым. Ұшу кезінде ұшақ шайқала бастады. Жолаушылардың белдігін бекітіп жүргенде, әлгі қыз мені қолымнан қатты қысып ұстап алмасы бар ма. "Біз қайда ұшып келеміз, ұшақ неге сілкілдеп жатыр, қашан қонамыз" деп көзінен пора-пора жас ағып, жылап отыр. Мұның қалыпты жағдай екенін түсіндіріп, қорқатын дәнеме жоқ екеніне сендірдім. Өзі жайлы сұрақтар қойып, ойын бөлуге тырыстым. Одан кейін аға бортсерік келіп, қыздың қолынан жетектеп, ұшақтың ішімен таныстырып, құтқару құралдарын көрсетті. Сөйтіп, бәріміз жабылып жүріп әлгі қызды тыныштандырдық. Ұшақ қонғаннан кейін мәз болып, шығарда біз алғысын жаудырып кетті", - дейді қызылордалық бойжеткен.

"Айыбым – тірі қалғаным" "Түнгі мыстан" атанған Хиуаз Доспанова туралы не білеміз?

Әуеге көтерілуден қорқатын ересек жолаушылар да бортсеріктердің назарынан тыс қалмайды.  

Мас жолаушыға баға беріледі

Әуе қатынасы қателікті кешірмейді. Сондықтан борттағы әр жолаушы бортсеріктің жіті назарында. Әсіресе, мас адамдар.

© Sputnik / Абзал КалиевӘлия Әбдіқайырова
Жағамызды ұстадық Қазақстандық стюардессаның ашық әңгімесі - Sputnik Қазақстан
Әлия Әбдіқайырова

"Мас жолаушыны бортқа алмас бұрын, оған баға береміз. Қаншалықты мас, өзін ұшақ ішінде қалай ұстауы мүмкін деген сияқты. Егер аяғында зорға тұрып, ашуға бой алдырса, бортсеріктің оны бортқа кіргізбеуге құқы бар. Ал ұшу барысында қатты масайып қалса, ішімдік таусылып қалғанын айтып, алкоголь құюды тоқтатамыз. Жұрттың мазасын алса, жолаушылардан бөлек отырғызып, ескерту жасаймыз. Оған да көнбесе, жазбаша түрде ескерту қағазы беріледі", - деп тәптіштеп түсіндірді Әлия.

Мәскеудегі ұшақ апаты: министр Қазақстанда Superjet ұшағы бар екенін айтты

Егер төбелес шығарса, бортсеріктер өзін-өзі қорғауға және мас жолаушыны сабасына түсіруге әрқашан дайын.

"Капитанның шешімімен ең жақын әуежайға тоқтап, мас адамды  полицияға тапсырып, әрі қарай ұшуымыз мүмкін. Оны енді капитан шешеді. Егер, сондай жағдай туындай қалса, шығынның барлығын жолаушы өзі төлеуге міндеттеледі", - деді аспан аруы.

"Жағамызды ұстадық"

Күні кеше Шереметьево әуежайында болған трагедия әлемді дүр сілкіндіргені рас. Ұшақ жанып, 41 адам, соның ішінде бір бортсерік қапелімде ажал құшты. Мәскеудегі әуе апатын естігенде, Әлияның да жаны түршіккен. Бірақ өз мамандығына деген махаббаты мен қызығушылығы еш кемімепті.

Мәскеудегі трагедия: ұшақта не болғанын ұшқыш пен стюардесса айтып берді

"Әрине, қорқынышты жағдай, жағамызды ұстадық. Бірақ мен бұл мамандықты таңдамас бұрын, ыстық-суығын саралап, тәуекелге бел будым. Менің міндетім – тек әдемі форма киіп, саяхаттап жүру емес, адамдардың өміріне жауапкершілік алу екенін жақсы білемін. Сондықтан бойымды үрей билеген жоқ", - деп ағынан жарылды қазақстандық стюардесса.

Оның айтуынша, ұшақ бір елден екінші елге қатынайтындықтан, әуе кемесімен болған ірілі-ұсақты апаттан күллі әлем хабардар болады.

Отқа оранған ұшақ Мәскеу әуежайына қонған сәтінің видеосы жарияланды

"Жалпы, ұшақ ең қауіпсіз көлік түрі саналады. Мен мұнымен толықтай келісемін. Егер лайнерде қандай да бір ақау шықса, оны қалай да жерге қондыру міндеті тұрады. Жерге қондырғаннан кейін, дереу эвакуация жасайды",- дейді ол.

Ұшақ – романтика мекені

Бірнеше тілде еркін сөйлейтін қазақ қызына аспан көгінде сөз салып, нөмірін сұрайтын еркек кіндіктілер көп екен. Романтик жігіттер, тіпті, салфеткадан гүл жасап, сыйлайтын көрінеді. Бірақ Әлия жұмысты жеке өмірге араластырмай, жігін ажырата білетіндердің қатарынан болып шықты. Таныстықты одан әр жалғастырмаймын дейді.

© Photo : Әлияның жеке архивіненҚазақ қызына аспан көгінде сөз салып, нөмірін сұрайтын ер адамдар көп екен
Жағамызды ұстадық Қазақстандық стюардессаның ашық әңгімесі - Sputnik Қазақстан
Қазақ қызына аспан көгінде сөз салып, нөмірін сұрайтын ер адамдар көп екен

"Ұшақта танысып, кейін шаңырақ көтерген әріптестерім өте көп. Ұшқыштар мен бортсеріктер, жолаушылар мен бортсеріктер танысып, көңіл жарастырып жатады. Біз үшін бұл қалыпты жағдай",- дейді қызылордалық қыз.

Ал бірде қазақ жігіті сүйіктісіне ұшақ ішінде сезімін білдіріп, үйленуге ұсыныс жасаған екен.

"Әншілер ұйқысын қандырады"

Әлия танымал отандық жұлдыздармен бір рейсте жиі ұшады екен. Айтуынша, әртістер бос уақыты бола қалса, ұйықтап алуға тырысады.

Әуежайда шу шығарған Төреғали Төреәлі жазаланды

"Бірде Дастан Оразбековпен бірге ұштым, сүйікті әншіммен суретке түсу бақыты бұйырды. Ал Төреғали болса, бүкіл рейс бойы ұйықтап отырды. Тұрсынбек Қабатов та бірнеше рет менің рейсімде болды. Бір жақсысы, әртістер еш нәрсе сұрамайды, көбіне ұйықтайды", - деп күлді ол.

Қысқа да нұсқа

Бортсеріктің зейнетке ерте шығатыны рас па?

Жоқ. Қазақстанның кез келген азаматы сияқты зейнет жасына жеткенде шығады.

Неше жасқа дейін стюардесса болып жұмыс істеуге болады?

Жас шектеуі жоқ. Қаласа, елу-алпыс жасқа дейін ұша береді.

Жолаушылардың ең жиі қоятын сұрағы?

Ұшудан қорықпайсыз ба? Құлақ неге бітеледі? Үстелді неге көтеру керек?

Бортсеріктердің жалақысы қанша?

Жалақы еңбек өтіліне, алатын позицияға, ұшатын бағыттары мен сағат санына қарай әртүрлі.

© Sputnik / Абзал КалиевSputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат беру сәті
Жағамызды ұстадық Қазақстандық стюардессаның ашық әңгімесі - Sputnik Қазақстан
Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат беру сәті

Жолаушылардан алған ерекше сыйлығыңыз?

Есте қаларлық ерекше сыйлық алып көрмеппін. Көбіне шоколад, тәтті беріп жатады.

Ырымға сенесіз бе?

Өз басым сенбеймін. Бірақ, өз арамызда соңғы рейс емес, "крайний" рейс деп айтамыз. Ешқашан соңғы деп айтуға болмайды.

Бортсеріктер жүзе білуі керек деген рас па?

Иә, рас. Өйткені ұшақ алда-жалда суға қона қалса, эвакуация жасап, жолаушыларды сыртқа шығаратын біз ғой. Барлығына дайын болуымыз керек.

Түсіңізге ұшақ кіре ме?

Ең алғаш ұша бастаған кезде түсімде жиі көретінмін. Бірде туған қалам Қызылордаға ұшып барыппыз. Ұшақ бұзылып, мен барлығын үйіме қонаққа шақырып жатыр екенмін.

Жаңалықтар
0