03:34 19 Тамыз 2019
Тікелей эфир
  • USD386.82
  • EUR428.67
  • RUB5.86
Мешіттегі ауызашар

Елордадағы мешіттер ауызашарды қалай өткізеді - видео

© Sputnik / Абзал Калиев.
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
Рамазан айы - 2019 (40)
443410

Мешіттегі ауызашар демеушілердің қаржысына өткізіледі

НҰР-СҰЛТАН, 22 мамыр – Sputnik, Арман Асқар. Қасиетті Рамазан айында елорданың мешіттері жыл сайын халыққа ауызашар ұйымдастырып отырады. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты.

Sputnik Қазақстан тілшісі Нұр-Сұлтанның мешіттерін аралап, ауызашарға қанша адамның келетінін және қанша ақша жұмсалатынын біліп қайтты. Ауызашарды жеке бастама ретінде өткізетін азаматтармен де тілдесті.

Ауызашар бергісі келетіндер көп

Биыл "Нұр-Астана" мешітінде тағы үлкен шатыр тігілді. Оған 400 адам сыйып кетеді. Мешіттің бірінші наиб имамы Бекзат Ақжігітовтың айтуынша, биыл танымал мейрамханалардың бірі тамақ пісіріп, ауызашар ұйымдастыруға келіскен. Ал барлық шығын демеушілердің қаражаты есебінен өтеледі. Ондай адамдар ауызашардың ақшасын өз еркімен беріп, дұға оқытуды сұрайды.

  • Нұр-Астана мешітіндегі ауызашар
    Нұр-Астана мешітіндегі ауызашар
    © Sputnik / Арман Асқар
  • Ауызашар дастарқаны
    © Sputnik / Арман Асқар
  • Нұр-Астана мешіті
    Нұр-Астана мешіті
    © AFP 2019 / Kirill KUDRYAVTSEV
1 / 3
© Sputnik / Арман Асқар
Нұр-Астана мешітіндегі ауызашар

"Бізде бір адамға 2,5 мың теңге кетеді. Сонда бір күнде 400 адамға 1 миллион теңге керек. Оны бір адам немесе бірнеше адам қосылып ұйымдастырады. Оларға өздерімен бірге 30 адамға дейін қонақ әкелуге болады. Қалған 370 орын талонмен жамағаттың арасында таратылады", - деді Ақжігітов.

Оның сөзіне қарағанда, ауызашар бергісі келетіндер көп. Бірақ 30 күннің бәрі толып тұр. Сол себепті мешіт ол ақшаны қабылдай алмайды.

Демеушілер есімдерін жарияламауды сұрайды

Сәдуақас қажы Ғылмани мешіті де шатыр тігіп қойған. Оған 300-ге жуық адам сыяды. Демеушілердің қаражатына түрік фирмаларының бірі тамақ дайындайды. Адам басына 1500 теңгенің тамағы жасалады.

Ауызашар
© Sputnik / Абзал Калиев.
Ауызашар

"Енді, ауызашар дегенде біз табақ-табақ етті елестетеміз ғой. Бұл жерде олай емес. Фирма жеткізіп отырған ас өте жеңіл, яғни, күні бойы аш жүрген адамның ішіп-жеуіне де, қорытуына да жеңіл тамақ. Өйткені артынан тарауих намазы оқылады. Сол намазға да тұрғанда да жеңіл. Осы жағынан өте пайдалы", - дейді мешіттің наиб имамы Рахматулла Оразұлы.

Имамның айтуынша, кейбір демеушілер ауызашардың ақшасын төлейді. Бірақ өз есімдерін жарияламауды сұрайды.

Бір күнде 600 адамға ауызашар беріледі

Әзірет Сұлтан мешітінде күн сайын 600 адамға ауызашар беріледі. Ол жерде шатыр жоқ. Ауызашарға келетін адамдардың барлығы мешіт асханасына сыйып отыр. Дегенмен, сыймай қалатын кездер де болады. Ондайда қосымша орындықтар қойылады.

"Енді, 600 адамға ауызашар жасау оңай емес. Оған біраз қаржы кетеді. Бұның барлығы демеушілердің қаржысына жасалып отырады. Бізде тамақтың түр-түрі жасалады. Бірінші күні ет берілсе, екінші күні палау пісіріледі", - деді мешіттің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев.

© Sputnik / Арман Асқар
Әзірет Сұлтан мешітіндегі ауызашар дастарқаны

Имамның айтуынша, мешітте бір адамның барлық 600 адамға ауызашар жасауы міндетті емес. Біреу 20 адамға жасаймын десе, екіншісі 50 адамның ақысын көтеруі мүмкін. Сөйтіп, күнде 600 адамға жеткізеді.

"Бірден 100-400 адамға ауызашар беретіндер бар. Бірақ қарапайым халық та келіп, 20-30 адамға ауыз аштырамын дейді. Сөйтіп, олардың бәрін құрап, 600 адамға дейін толтырамыз", - деп атап көрсетті Өткелбаев.

Қадір түнінде 1500 адамға дастарқан жайылады

Ал былтыр ашылған Ырыскелді қажы мешіті осымен екінші рет ауызашар ұйымдастырып отыр. Ол үшін далада шатыр тігіліп, танымал мейрамхананың аспазшылары шақырылды. Біз барған күні ауызашарды бір мұсылман мемлекетінің елшілігі берді.

Ырыскелді қажы мешіті
© Sputnik / Абзал Калиев.
Ырыскелді қажы мешіті

Мешіттің іс басқарушысы Руслан Абдулаевтың айтуынша, мұсылман мемлекеттерінің елшіліктері қайырымдылық шараларынан қалыс қалмайды. Ауызашар да соның бір көрінісі. Мәселен, бір елшілік екі күннің ауызашарын төлесе, енді біреуі он күннің ақысын көтеріп отыр. Оның сыртында өз еліміздің демеушілері де атсалысып отырады.

Тағы оқыңыз: 27 жыл ауыз бекіткен дәрігер ораза ұстаудың пайдасы туралы айтты

"Былтыр 150-ден астам адамға ауызашар берілген болатын. Биыл осы үрдісті үзбей, 200 адамға ауызашар беруді қолға алып отырмыз. Жалпы, қаладағы 10-ға жуық мешіттің бәрінде ауызашар ұйымдастырылып жатыр. Бір адамның ақысы, шамамен, 1,5-2,5 мың теңге. Біз орташа баға – 2 мың теңгені алдық. Алдымызда Қадір түні бар. Ол күні де сәресін ішу керек. Біз 1500-2000 адамға, мүмкіндік болса, одан да көп адамға ас мәзірін дайындап жатырмыз", - деді Абдулаев.

Мешіттерге тамақ пісіретін аспазшылар да ауыз бекітіп жүр. Оларға тағамның дәм-тұзын анықтау қиынға соғып жатады. Дегенмен, мешітке келетін жамағат тамақтың сапасына да, дәміне де риза.

5 000 адамға ауызашар жасалады

Айта кеткен жөн, елордада ауызашарды жеке бастама ретінде ұйымдастыратын бір топ жігіт те бар. Олар өздеріне жарнама жасамауды сұрады. Алайда игі бастаманы қалай қолға алғандарын айтып берді.

"Біз осымен үшінші жыл ауызашар ұйымдастырып жатырмыз. Алғашқы жылы өзіміз ғана Рамазан айында күніне үзбей, 30-35 адамды жинап, барлығы 1 000 адамға ауызашар береміз деп ниет қылдық. Алланың қалауымен сол жылы 1700 адамнан асты. Өткен жылы 3 000 деп ниет еттік. 3 700 адамға жеткіздік. Енді биыл 5 000 деп отырмыз. Кеше оразаның 15-ші күні 2 774-ке жетті", - дейді олар.

© Sputnik / Абзал Калиев.
Ауызашарға жиналған жамағат

Бүгінде аталған бастамаға қосылып жатқандардың саны артып келеді. Бір күнде 100-180 адамға ауызашар жасайтындар да бар. Қарапайым адамдар да қалыспайды. Мәселен, таксист жігіттер бір-екі адамның ақшасын аударып, ауызашар беруді сұрайды.

"Енді, әрбір адам ауызашарды өз үйінде де бере алады ғой. Бірақ жамағаттың сауабы деген түсінік бар. Мысалы, қазір үш дәмханада күніне 170-180 адам ауыз ашады. Олардың дені – студенттер, университет пен колледжде оқитын жастар. Бәрі ораза ұстап жүр. Бір жағынан олар тамаққа ақша іздемейді. Бір ай бойы ауызашарын уайымдамай, тамағын ішіп, дұрыс ортада жүреді. Сосын жастар мұны эстафета ретінде, жақсы амал ретінде жалғастырып кете алады", - дейді жігіттер.

Тақырып:
Рамазан айы - 2019 (40)

Тақырып бойынша

Оразада ауызды неге құрмамен ашады?
Бас мүфти қандай жағдайда оразаның сауабы болмайтынын айтты
Рамазан айының он артықшылығы туралы не білесіз?
"Тастаушы болмаңдар" Сәресі туралы не білуіміз керек?
Рамазан айында ораза ұстауға шамаңыз жетпесе, не істеу керек?
Кілт сөздер:
рамазан айы, ауызашар, мешіттер
Загрузка...

Басты тақырып