Қоғам

Алматыда "Әлиев" ұйымдасқан қылмыстық тобы сотталды

© Sputnik / Тимур БатыршинТүрме
Түрме - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Топ мүшелері адам ұрлау, тонау, қару-жарақ пен жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу фактілері үшін жазаға тартылды

НҰР-СҰЛТАН, 23 мамыр – Sputnik. Алматы қаласының соты "Әлиев" ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелеріне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, 15 мамырда Алматының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты "Әлиев" тобының жетекшісі Қадыр Әлиевті және оның сыбайластары - Аңсар Дартаев, Дмитрий Терешин мен Ерсен Жұмабаевты 7 жыл және 1 айға бас бостандығынан айыруға шешім қабылдады.

Тағы оқыңыз: Алматы облысында қылмыстық топ құрықталды

"Сотталғандардың төртеуі адам ұрлау, тонау, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру, билік өкілінің немесе жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын лауазымды адамның атағын иемдену фактілері бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды", - делінген ресми хабарламада.

Айта кетсек, өткен жылы 10 қазанда Алматыда ұлттық қауіпсіздік комитеті ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Алматы облысының тұрғыны Қадыр Әлиевтің жетекшілігімен жүрген қарулы ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтаған болатын.

Топтың негізін бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлері құраған. Олар 2018 жылы 13 қыркүйекте Жамбыл облысындағы Отар станциясында кәсіпкер Агалюллинге қарулы шабуыл жасап, 107 мың доллар, 4 миллион рубль және 23 мың евро иемденіп кеткен.

Тағы оқыңыз: Түркістан облысында жұрттың ұйқысын қашырған қылмыстық топ құрықталды

Тінту кезінде ұсталғандардан 8 қару, 140 бірлік оқ-дәрі, радиостанциялар, автомобильдердің жалған тіркеу нөмірлері, матадан жасалған бетперделер, кісендер және басқа да қарақшылық шабуыл жасауға қажетті құрал тәркіленген болатын. Жедел-тергеу шаралары барысында ұрланған қаражат жәбірленушіге қайтарылды.

Жаңалықтар
0