Қоғам

Төрт премьермен жұмыс істеген министр: Мұхамедиұлы несімен есте қалды?

© Photo : Служба центральных коммуникаций (СЦК)Арыстанбек Мұхамедиұлы
Арыстанбек Мұхамедиұлы  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанның мәдениет саласын бес жыл қатарынан басқарған жалғыз министр

НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Мәдениет министрлігін жеті жыл бойы басқарған министрлер болды. Алайда олар аталған лауазымнан бірде түсіп, бірде қайта тағайындалды. Ал Арыстанбек Мұхамедиұлы бес жыл қатарынан осы қызметте тапжылмай отырды. 

Төрт премьермен жұмыс істеген

Арыстанбек Мұхамедиұлы төрт премьер-министрдің кезінде мәдениет саласын басқарған. Мұхамедиұлы Қазақстанның сегізінші премьер-министрі Серік Ахметовпен бар болғаны 3 аптадай ғана жұмыс істеп үлгерді. Мұхамедиұлы 2014 жылдың 13 наурызында Мәдениет министрі болып тағайындалған болатын. Ал Ахметов 2 сәуірде отставкаға кетті. Бұдан соң үкіметті 2 жыл бойы Кәрім Мәсімов басқарды.

Ал 2016 жылдың 9 қыркүйегімен 2019 жылдың 21 ақпанына дейін Қазақстанның премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев болды. 2019 жылдың 25 ақпанынан бұл қызметке Асқар Мамин кірісті. Осылайша, Мұхамедиұлы Маминмен де төрт айға жуық уақыт бойы жұмыс істеп үлгерді. Sputnik Қазақстан тілшісі Мұхамедиұлының министр болған кезінде несімен есте қалғанын сараптап шықты.

Мұхамедиұлының қызықты қылықтары

2014 жылы наурыз айында Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдениет министрі қызметіне тағайындалған болатын. Ал бес айдан кейін оған тағы спорт саласын қосып берді.

Тура сол жылы ол Алматыда өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында көзге түсті. Алтын алған Илья Ильиннің құрметіне гимн ойнаған кезде Арыстанбек Мұхамедиұлы жүгіріп келіп, чемпионның құлағына ұялы телефонын тосты. Ол кезде Ильяны Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау үшін қоңырау шалған екен. 

Осыдан кейін Арыстанбек Мұхамедиұлының Мысыр президентін күтіп алуға киіп барған пальтосы мен баскиімі кеңінен талқыланды. Сол кезде министр аталған киімін отандық тігіншілерге "де Голль" стилінде жасатқанын айтты. 

© Photo : Официальный аккаунт МИД Казахстана в FacebookМұхамедиұлы пальтосын отандық тігіншілерге "де Голль" стилінде жасатқанын айтты
Төрт премьермен жұмыс істеген министр: Мұхамедиұлы несімен есте қалды? - Sputnik Қазақстан
Мұхамедиұлы пальтосын отандық тігіншілерге "де Голль" стилінде жасатқанын айтты

Даулы мәселелер

2016 жылдың күзінде "Феникс" фильмінің режиссері Талғад Жаныбеков экс-министрді ақша бопсалағаны үшін айыптады. Продюссер Тұңғышбай Жаманқұлов та қарсы шықты. Оларға Қазақ ұлттық өнер академиясының бұрынғы студенті Еңлік Сыдықова да қосылып, Арыстанбек Мұхамедиұлының ректор кезіндегі екіұшты ұсыныстарын еске алды.

Алайда Мұхамедиұлының кінәсі дәлелденбеді. Жаныбеков пен Жаманқұлов сотталса, актриса Сыдықова айтыс-тартысты жалғастырудан бас тартты.
Бұдан бөлек, экс-министрдің Мәскеуде жұмыс істеп жүрген қырғыздар туралы айтқан сөзі жұрттың есінде қалды. "Аш адам шығармашылық жағынан табысты болады" деген ойы да халық арасында біраз уақыт талқыланды.

Спорт саласында не тындырды

Арыстанбек Мұхамедиұлының тұсында Қазақстанның ұлттық құрамасы бір жазғы және бір қысқы Олимпиадаға қатысты. Рио-де-Жанейрода отандық спортшылар 17 медаль жеңіп алды. Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте 22 орыннан көріндік. Осы ойындарға допинг дауына іліккен біраз ауыр атлетіміз бара алмады. Сол кезде Нижат Рахымов, Дмитрий Баландин мен Данияр Елеусінов алтыннан алқа тақты.

Ал 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарында Юлия Галышеваның жалғыз қола медалін ғана қанағат тұттық. 

Тағы оқыңыз: Арыстанбек Мұхамедиұлы ұжымымен қалай қоштасты?

Илья Ильин бастаған ауыр атлеттердің біразы медальдан айырылғаннан кейін министрлік допингпен күресті күшейте түсті. Бүгінде арнайы заң жобасы да әзірленді. Оған сәйкес, допингпен ұсталған спортшылар ғана емес, бапкерлер, дәрігерлер, тіпті функционерлер де жауапқа тартылады. Сыйақыны қайтару тетіктері де бар.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде кеңінен жүргізілетін насихат шараларына қарамастан, допингті пайдалану жағдайлары азаймай отыр. Соңғы 5 жылда Қазақстан спортшылары тарапынан допинг пайдаланудың 263 оқиғасы тіркелген.

Осылайша, Арыстанбек Мұхамедиұлы допингпен күрес шараларын күшейтіп кетті. Ал ұлттық спортта көкпар ойынындарына бірқатар өзгеріс енгізілді.

Кино саласындағы жаңалықтар

Арыстанбек Мұхамедиұлының басқарған министрлік "Кинематография туралы" заң қабылданды. Экс-министрдің айтуынша, аталған құжат ұлттық киноны дамытуға жол ашады.

"Біздің ұлттық кино 12 проценттік қосымша құнға салынатын салықтан босатылады. Кино түсіріп жүргендер мұндай жеңілдіктің маңызын біледі. Біз заңда Франция, АҚШ, Ресей мен Қытай, Оңтүстік Корея секілді кино өндірісі дамыған елдердің тәжірибесін негізге алдық", - деді Мұхамедиұлы.

Жалпы, соңғы бес жылдың ішінде "28 панфиловшы", "Композитор" сияқты халықаралық жобалар, "Қазақ хандығы", "Бауыржан Момышұлы", "Әміре" және тағы басқа ұлттық киноленталар көрерменге жол тартты.

Ал күні кеше ғана экс-министр тағы бір фильмнің түсірелітінін мәлімдеді. "Қасым хан" сериалын "Ер тұғырылдың" режиссері Гюнай Метин түсіреді деген жоспар бар. Алайда осы жоспарды енді жаңа министр іске асырып көреді. Ал "Мұқағали" фильмінің түсірілімі басталып кетті.

Туристік полиция құрылды

Арыстанбек Мұхамедиұлына «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын іске асыру міндеті де жүктелгенін атап өткен жөн. Соның аясында Қазақстанның қасиетті жерлерінің картасы жасалып, бірнеше жинақ жарыққа шықты.

Экс-министрдің тұсында "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы да құрылды. Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі аталған компанияның деректор кеңесінің құрамына кіреді. Бұдан бөлек, Қазақстанда туристік полиция өз қызметіне кіріскен болатын.

Экс-министрдің өнері

Арыстанбек Мұхамедиұлы музыкалық аспаптарда да жақсы ойнайды. Жақында экс-министр виолончельді қалай меңгергенін көрсетті.

Бұдан бөлек, экс-министр "Астана", "Мақтанышым Елбасы", "Асыл сезім", "Анажан", "Алматы көктемі", "Жан әке", "Бақытты жандармыз", "Достарым", "Ата-анаға тағзым", "Бақытым", "Ана", "Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ гимні" сияқты шығармалардың авторы. "Бақыт құсы", мен "Вдохновение" би композицияларын да жазған.
Жаңалықтар
0