09:21 23 Қыркүйек 2019
Тікелей эфир
  • USD386.70
  • EUR427.15
  • RUB6.06
Жанболат Айтпаев - Нұр-Сұлтан полиция департаментінде криминалды полиция басқармасы басшысының орынбасары

"Басқа іспен айналыса алмаймын" Әке жолын қуған полицейдің әңгімесі

Нұргүл Абай
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
82 0 0

Бүгін Қазақстан полицейлері төл мерекесін атап өтіп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Жанболат Айтпаев елордалық полиция департаментінде криминалды полиция басқармасы басшысының орынбасары. Ішкі істер органдарында 1998 жылдан бері жұмыс істейді. Жарты ғұмырын бөтеннің мүлкін ұрлауға құмар қылмыскерлерді құрықтауға арнаған. Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында 41 жастағы полковник әккі ұрылар мен қазақстандықтардың полицияға деген көзқарасы жайлы әңгімеледі.

Елордалықтардың мазасын қашырған ұрылар

Былтырғы жылдың тамызы кейбір астаналықтар үшін жағымсыз оқиғалармен есте қалды. Елорданың Оңтүстік-шығыс ауданындағы коттедж қалашығында айналдырған он күн ішінде 12 қылмыс жасалды. Әккі ұрылар кешкі сегізден түнгі бір-екі аралығында үйлердің терезесін бұзып кіріп, тонап кетіп отырған. Қай күні қандай коттеджге кіретінін және қалай әрекет ететінін алдын ала мықтап жоспарлаған: біреуі үнемі есікті қарауылдаса, екеуі үйге кіріп, сейфтен алтын мен ақша, бриллиант ұрлаған. Егер үйде бейнебақылау камерасы болса, еш саспастан ресивер – бейнежазба сақталатын құрылғыны, алдымен бұзып, кейін өздерімен бірге алып кетіп отырған. Бірақ үйдегі бағалы заттар мен қымбат техника, жиһаздарға тиіспеген. Бет-әлпетін жасыру үшін де медициналық маска киген.

Тағы оқыңыз: "Халық сіздерге үміт артады": Тоқаев полицейлерді кәсіби мерекемен құттықтады

Астана тұрғындарының түн ұйқысын төрт бөлген қаскөйлерді ұстау Жанболат бастаған топтың міндетінде еді. Резонанс тудырған қылмыс ішкі істер министрлігінің бақылауына да алынды.

"Алғашқы төртеуі ауыр қылмыс ретінде тіркелді, өйткені  жәбірленушілерге үш-төрт миллионнан астам шығын келді. Ұрылар түскен әр үйге өзім барып, оқиға орнында болдым. Олар бесеу болған. Алдымен коттедж қалашығына қандай көлікпен келіп-кетіп жүргенін анықтады. Мұндай жағдайда олардың ждаяу жүрмейтіні анық қой. Тексере келе, таксопарктердің бірінен жалға алынған автокөлік анықталды", - деп әңгімеледі жедел уәкіл.

Бір қызығы, Айтпаевтың айтуынша, бес қаскөй де бес түрлі өңірден болып шықты. Барлығы да бұрын бірнеше мәрте темір торда отырып, жазасын өтеп шыққандар.

"Қылмыстық топ 5 қыркүйекте ұсталды. Тексеріс барысында сағат, рация, шеге суырғыш, марихуана, бірнеше аяқ киім тәркіленді. Бәрін ойластырғаны соншалық, әр коттеджге әртүрлі аяқ киіммен кірген", - дейді полицей.

"Ұрылар қылмысты қайтара жасайтынын тура айтады"

Айтпаевтың сөзіне сүйенсек, елордада күніне бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша орташа есеппен 25-30 қылмыс жасалады. Бес айдың қорытындысы бойынша бөтен мүлікті ұрлау барлық қылмыстың жартысынан астамын құрайды екен. Ең жиі тіркелетіні: пәтер, қалта, ұялы телефон ұрлығы.

"Мәселен, бір ғана "Артем" базарында үш жарым мыңнан аса телефон тексерілді, ноутбуктар тәркіленді. Себебі техника жөндейтіндер ұрланған телефонды ешбір құжатсыз қабылдайды. Біз де ештеңе талап ете алмаймыз, тек түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Журнал ашып, телефон сатқан адамның аты-жөнін, байланыс нөмірін жазып алып қалуға кеңес береміз. Бұл жағы бізде заңнамалық тұрғыда реттелмеген", - деді полковник.

Тағы оқыңыз: Полицейлердің жалақысы қаншаға өседі?

Ол ұялы телефондардың ұрлығына тосқауыл қоятын IMEI-кодтардың бірыңғай базасы да әзірге жемісін бермей тұрғанын айтып қынжылды.

"Ұрылардың дені маңдай термен ақша тапқаннан гөрі, оңай олжаға кенелгенді қалайды. Сондықтан бірнеше қайтара қылмыс жасайтындар көп. Қылмыскерлердің өзі бізге турасын айтады: "қазір мен жәбірленушімен татуласамын, содан кейін шыққан соң, басқа жәбірленушілердің шығынын өтеу үшін қайтадан ұрлаймын" деп. Ұрланған дүниені өткізетін орындар жеткілікті болғандықтан, қазір велосипед, пәтер ұрлығы сәнге айналып барады", - деп әңгімесін жалғады басқарма басшысының орынбасары.

Айтпаев гуманизацияға қарсы емес екенін айтады, алайда, қылмысты бірнеше қайтара жасайтын адамдардың жазасын қатаңдату керек деген пікірде.

"Бізді жамандайтындар бір күн полицей болып істеп көрсін"

Айтпаев желіде полицияны қаралап, жамандайтын блогерлерге астаналық бөлімшеге келіп, бір ай жұмыс істеуге кеңес берді.

"Бәрі полицейлерді жаман, ешкім жұмыс істемейді деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес. Полиция қызметкерлерінің дені өз міндетін адал орындайды деп санаймын. Полицейді үнемі қаралап, сынап-мінеп отыратын блогер бір ай бізге келіп, істеп көрсін. Бұл жұмысқа шыдай ма, шыдамай ма сонда көреміз. Біздің қызметкерлер таң атқаннан түн ортасына дейін жұмыс істейді. Отбасын, бала-шағасын көруге уақыттары жоқ", - дейді ол.

Оның үстіне, айтуынша, кадр тұрақсыздығы мәселесі де бар.

"Қылмыс ашудан басқа іспен айналыса алмаймын"

Жанболат Айтпаев – әке жолын қуған полицей. Әкесі отставкадағы полиция полковнигі, ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері екен.

"Бұл қызметті таңдағаныма еш өкінбеймін. Мен жұмысқа берілген жанмын. Қылмыс ашудан басқа іспен айналыса алмаймын. Жас та келді, артқа шегінер жол да жоқ", - деп күлді тәртіп сақшысы.

Ол басты мақсаты әрі міндеті – халықтың полицияға оң көзбен қарағаны екенін қадап айтты.

"Балаларыма аз уақыт бөлемін"

Жанболат Айтпаевтың жары – мұғалім, кәмелетке толмаған үш баласы бар.

Тағы оқыңыз: Тұрғымбаев тәулігіне 15 сағат жұмыс істейтінін айтты

"Отбасымды өте сирек көремін. Таңғы жетіде жұмысқа шығамын, содан түнде бір-ақ келемін. Олар да менің жұмыс кестеме үйреніп қалды. Ұл-қыздарыма уақыт аз бөлемін. Полицейлердің дені осылай өмір сүреді", - дейді ол.

Кілт сөздер:
қылмыс, Нұр-Сұлтан, полиция, Полиция күні
Загрузка...

Басты тақырып