Қоғам

Министр Сапарбаев қазақстандықтарға: көп еңбек етсек, көп жалақы аламыз

© Photo : Служба центральных коммуникацийБердібек Сапарбаев
Бердібек Сапарбаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бердібек Сапарбаев халықты жұмыспен қамту мәселесіне баса назар аударылып отырғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Әр қазақстандық, егер ол жұмыс істесе, жағдайы жаман болмайтынын түсінуі керек. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ең үлкен мәселенің бірі – халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Әрбір қазақстандық, егер ол жұмыс істесе, оның жағдайы жаман болмайтынын түсінуі керек. Жаңа көрмеден көрдіңіздер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар 1-3 миллион теңге кредит алып, кәсіп ашып, өзінен басқа жеті-сегіз адамды асырап отыр. Сондықтан, өміріміздің жақсы болуы өзімізге байланысты. Әсіресе, он екі мүшесі сау адамдар", - деді Сапарбаев халыққа есеп беру кездесуінде.

Министр қазір Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге құрайтынын атап өтті. Бұған қоса, 1 қаңтардан бастап жалақысы төмен азаматтардың еңбекақысы көтерілгенін, президенттің тапсырмасына сәйкес, 1 маусымнан бастап денсаулық, білім, мәдениет және спорт, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында істейтін айлығы аз қызметкерлердің жалақысы өскенін еске салды.

"Мұның бәріне бюджеттен ақша қаралған. Біздің есебімізше, 1 маусымнан бастап бұл шарамен кемінде 1 миллион 100 мың азамат қамтылады", - деді ол.

Сондай-ақ, Сапарбаев министрлік халықты жұмыспен қамту мәселесіне баса назар аударып отырғанын айтты.

Тағы оқыңыз: Сапарбаев: Берші, берші деп сұрай береді

"Қазір біз түсінеміз ғой, көп еңбек етсек, көп жалақы аламыз, проблема да аз болады. Ең бастысы, қазақстандықтарды жұмыспен қамту. Бұл үшін республикада "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Былтыр бұл бағдарлама аясында 571 мың қазақстандық қамтылуы тиіс еді, бірақ 628 мың азамат қамтылды. Бюджеттен 107 миллиард теңге бөлініп, соның шамамен 99 проценті игерілді", - деді министр.

Бұған қоса, оның айтуынша, микрокредиттер мен гранттар санын ұлғайту жоспарланып отыр.

Жаңалықтар
0