08:13 23 Тамыз 2019
Тікелей эфир
  • USD386.04
  • EUR427.77
  • RUB5.88
Қазақстанның ұлттық валютасы -теңге

Теңіздегі тәртіпсіздік: қазақстандық жұмысшылардың қанша алатыны белгілі болды

© Sputnik / Абзал Калиев.
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
4858 0 0

Шетелдік мамандардың айлығы тексеріс қорытындысынан кейін жария етіледі

НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде – Sputnik. Теңіз кен орнында істейтін қазақстандық жұмысшылардың орташа жалақысы – 223 мың теңге. Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Аталған компанияға қатысты (Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore – Sputnik), оларда орташа жалақы 223 мың теңгені құрайды. Бұл мәліметті бізге жергілікті атқарушы органдар берді", - деді Сарбасов Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында.

Ал Теңіз кен орнында жұмыс істейтін шетелдік жұмысшылардың айлығы еңбек инспекциясы жүргізген тексерістің қорытындысынан кейін жария етілмек.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Теңіз кен орнындағы тексеріс барысында жалақыға қатысты заң бұзушылықтар анықталған.

"Мәселен, бір мамандықты алайық. Шетелдік персоналдың еңбекақысына үстемақы қосылған, ал қазақстандық жұмысшыларда бұл қарастырылмаған. Мұндай заң бұзушылықтар анықталды, жұмыс берушіге жеткізілді, тиісті шаралар қабылданады. Нәтижесін кейін хабарлай аламыз", - деді министрдің орынбасары.

Тағы оқыңыз: Теңіздегі төбелес: Жақсылықов негізгі үш себепті атады

Сарбасовтың айтуынша, биыл министрлік Қазақстан бойынша шетелдік мамандарды жұмысқа тартатын 200-ге жуық компанияны тексеріп шыққан. Нәтижесінде 190 заң бұзушылық анықталыпты.

"Бұл заң бұзушылықтар еңбек, жұмыспен қамту заңнамасына, еңбек шарттарына қатысты", - деді ол.

Ал Теңіз кен орны бойынша бір ай бұрын жоспарлы тексеріс басталып, аяқталуға тақап қалған.  

"KazService" мұнайсервистік компаниялар одағының президиум төрағасы Рашид Жақсылықовтың мәліметінше, Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore компаниясы қазір Қазақстанда 14 мың адамға жұмыс беріп отыр.

"Тәртіпсіздік болған жерде қазір 8 мың адам жұмыс істеп жатыр, оның 500-і –  шетелдік азамат", - деді Жақсылықов.

Теңіздегі төбелес

Сенбі, 29 маусым күні Теңіздегі 3GI зауытының мыңға жуық жұмысшысы ереуілге шыққан болатын. Бұған әлеуметтік желідегі сурет себеп болған. Фотоға Ливия азаматы Ели Дауд (Eli Daoud) пен қазақ қызы бірге түскен.

Суреттегі көріністі намысқа тиеді деп есептеген жұмысшылар ереуілге шығып, араб қызметкерлерін соққының астына алды.

Тағы оқыңыз: "Намысқа тиетін сурет": Теңіз елді мекеніндегі жаппай төбелестің мән-жайы

Жаппай төбелестің салдарынан 45 адам зардап шекті. Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (CСЕР) компаниясының логистика жөніндегі бас әкімшісі  Эли Дауд дау туғызып, ереуілге себеп болған фото үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады.

Қазір Теңіздегі жағдай тұрақты және ішкі істер органдарының бақылауында.

Атырау облысының полиция департаменті бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Кілт сөздер:
Атырау облысы, жалақы, төбелес
Загрузка...

Басты тақырып