Қоғам

Армян және қырғыз нөмірлерімен жүрген көліктерді тіркеу жүйесі өзгереді

© Photo : mvd.gov.kzАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстанға шетелдік нөмірлермен кіретін көліктерді онлайн тіркеуден өткізу жоспарланып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті шетелдік нөмірлермен жүрген көліктерді тіркеудің жаңа әдісін енгізбекші, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әкімшілік практика басқармасының басшысы Нұрлан Тұяқбаевтың айтуынша, Армения, Ресей мен Қырғызстанның тіркеу нөмірлерімен жүретін көліктер ережені жиі бұзады. Себебі жазаға тартылмайтынын біледі. Тіпті, бір көлік ондаған заң бұзушылық жасап жүре береді. Ал оларды шетелдік нөмірлер бойынша бірден анықтау қиын. Өйткені құқық қорғаушылар көрші елдердің ақпараттық базаларына кіре алмайды.  

Тағы оқыңыз: 1 шілдеден бастап енгізілген өзгеріс – жүргізуші куәлігі неге берілмей жатыр

"Инспектор ондай көлікті ұстаса да, алдымен нөмірін және оны жүргізген адамның аты-жөнін жазып алады. Сосын көлікке қатысты мәліметтерді алдырту қажет. Рөлде отырған адамның кім екенін анықтайды. Оған біраз уақыт кетеді. Ал заң бойынша жол жүру ережесін бұзу фактісі болған күннен бастап екі ай өтсе, әкімшілік жауапкершілікке тартуға болмайды. Сөйтіп, ондай көлік иелері жауапкершіліктен құтылып кетеді", - деді Тұяқбаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде шетелдік нөмірлермен жүрген көліктердің жол қозғалысы ережесін бұзу оқиғалары артып келеді. Мәселен, өткен жылы аталған көліктердің қатысуымен 42 000 тәртіп бұзушылық болды. Сонда тек 3 800 жүргізуші ғана жауапқа тартылды. Ал биыл бес айдың ішінде 41 000 заң бұзушылық тіркелді.  Ондай көліктер жылдамдық режимін сақтамайды, сосын қоғамдық көлікке арналған жолақтармен жиі жүреді.

"Бүгінде өзіміздің елдің тіркеу нөмірімен жүрген көліктер ережені бұзса, жол полициясы оларды ұстап, айыппұлды төлеу туралы ұйғарымды бірден иесінің мекенжайына жібере алады. Ал шет елдің тіркеу нөмірімен жүрген көлік бойынша ондай ұйғарымды бірден жіберу мүмкін емес. Себебі біз өзге елдің ақпараттық базасын көре алмаймыз", - деп атап көрсетті Тұяқбаев.

Осыған байланысты Қазақстанға шетелдік нөмірлермен кіретін көліктерді онлайн тіркеуден өткізу жоспарланып отыр. Алайда аталған бастама алдымен қоғам талқысына шығарылады.

"Шетелдік нөмірлермен жүрген көліктерге шектеу қойылмайды. Уақытша тіркеу сияқты болады. Уақытша тіркеу болғанда арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезекте тұру емес, онлайн тіркеу жүйесі болады. Мәселен, Қазақстан азаматы шетелдік нөмірі бар көлікпен келсе, онлайн тіркеуден өтуі тиіс. Себебі бізге ондай көліктердің ақпараттық базасын жасау қажет. Сонда жол жүру ережесін бұзғаны туралы ұйғарымды бірден иесіне жібере аламыз", - деп атап көрсетті Тұяқбаев.

Жаңалықтар
0