Қоғам

"Он түнді ұйқысыз өткіздім": кіші қажылыққа барған алматылықтың әңгімесі

© Photo : Мақсат Мыхыбаевтың жеке архивінен алындыМақсат Мыхыбаев
Мақсат Мыхыбаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Умраға барар алдында ниет етіп, діни сауатты арттыру қажет

НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде – Sputnik, Дәурен Ерболат. Кіші қажылыққа барып келген Мақсат Мыхыбаев сапардан алған әсерімен бөлісіп, умраға баруды жоспарлап жүрген қазақстандықтарға кеңес берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Кіші қажылық

Мақсат биыл Рамазан айының 24-нен шәууәл айының 4-і аралығында кіші қажылыққа барып келген. Алматы қаласының тұрғыны Меккеге сапарын жарты жыл бұрын жоспарлапты.

© Photo : Мақсат Мыхымбаевтың жеке архивінен алындыМақсат Мыхыбаев екінші рет кіші қажылыққа баруын жарты жыл бойы жоспарлаған
Он түнді ұйқысыз өткіздім: кіші қажылыққа барған алматылықтың әңгімесі - Sputnik Қазақстан
Мақсат Мыхыбаев екінші рет кіші қажылыққа баруын жарты жыл бойы жоспарлаған

"Достарымның көбі қажылыққа барған. Біз алдын ала Рамазан айының соңғы 10 күндігінде кіші қажылыққа барамыз деген шешім қабылдадық. Себебі, имамдар "соңғы 10 күнде барсаңдар, оның сауабы мен құлшылығы да мол болады" деп ақыл-кеңес берді. Бұл жаққа барамыз деген жоспар жарты жыл бұрын болған. Сөйтіп, кіші қажылыққа достарыммен бардым. Қасымызда жасы үлкен адам да болды", - дейді Мақсат Мыхыбаев.

Қанша ақша жұмсалды

Мақсат Мыхыбаев кіші қажылыққа 2 000 доллардан астам қаражат жұмсағанын айтады. Мақсат Сауд Арабиясына Хикмет Travel компаниясымен барыпты.

"2100-2200 доллар ақша жұмсадым. Қазақстандықтар ол жақтан жайнамаз, құрма және тағы басқа заттар сатып алады. Соған қосымша қаржы жұмсайды. Ұшаққа 30 келі жүкті ақысыз алып кіруге болады. Ал одан көп болса, қосымша ақша төлейсіз", - дейді алматылық.

"Он түнді ұйқысыз өткіздім"

Мақсат Мыхыбаев кіші қажылықтан алған әсерімен бөлісті.

© AFP 2024 / Karim SahibАлматы тұрғыны умраға дайындалған кезде дұға жаттап, діни кітаптар оқығанын айтады
Он түнді ұйқысыз өткіздім: кіші қажылыққа барған алматылықтың әңгімесі - Sputnik Қазақстан
Алматы тұрғыны умраға дайындалған кезде дұға жаттап, діни кітаптар оқығанын айтады

"Алғаш рет кіші қажылыққа 2016 жылы барған болатынмын. Биыл екінші рет бардым. Екінші сапарыма рухани тұрғыда дайындалдым. Дұға жаттап, діни кітаптар оқыдым. Алған әсерім ерекше болды. Қажылықтан соң, бір жаман әдетіңді тастасаң, оның өзі үлкен жетістік. Қажылықта 2 сағат тарауық, 2 сағат таһажуд оқиды. Үтір уәжіп деген намаздың өзін 15-20 минут оқиды. Сол жерде дұға жасап, өзімді жақсы сезіндім. Кіші қажылықта 10 түнді ұйқысыз өткіздім. Яғни таң намазын оқып, қонақүйге таңғы сағат 5-6 келіп, осы уақытта ұйықтап жүрдік", - дейді ол.

Қызмет көрсету бағасы

Сондай-ақ, алматылық умраға барғысы келетін қазақстандықтарға ақыл-кеңес берді. 

"Меккеде әл-Харам мешіті, Мединедегі әл-Масжид әл-Набауи мешітіне неғұрлым жақын орналасқан сайын қызмет көрсету бағасы қымбаттай береді. Мен әл-Харам мешітінен 1,5 шақырым жердегі қонақүйде болдым. Ол жерде қажыларға бүкіл жағдай жасалған. Жататын жер, тамақ, құлшылық жасайтын орын, барлығы бар. Автобустардың өзі тегін жүреді. Ал үлкен адамдарға осы мешітке жақын жерде қоныстанған дұрыс. Себебі, қажылықта көп адам болады ғой. Автобуста қысылып немесе жолда қиналып қалуы мүмкін. Ал қонақүй жақын болса, ол өзі барып-келіп, құлшылығын жасайды", - дейді Мақсат Мыхыбаев.

Меккеге қандай киіммен барған дұрыс

Сондай-ақ, ол Сауд Арабиясында күннің қатты ыстық екенін атап өтіп, ол жаққа жеңіл киіммен бару қажеттігін ескертті. 

"Ол жақта күн өте ыстық. Сондықтан барлық жерде желдеткіштер болады. Тұмауратып қалуыңыз мүмкін. Менің ойымша, жөтелге қарсы дәріні алсаңыз да артық етпейді. Ал енді киімге келетін болсақ. Оны аяқ киімнен бастаған дұрыс қой. Өйткені ол жақта адамдар көп жүреді. Біріншіден, өте ыңғайлы, сапалы, жеңіл аяқкиім алу керек. Шәркей мен резеңке шәркей алуыңыз қажет. Сондай-ақ, таза мақтадан жасалған 2-3 футболка алғаныңыз абзал. Жеңіл, қалтасы бар, сапалы шалбар болуы шарт. Басыңызға тақия сынды баскиім алуды ұмытпаңыз", - дейді тұрғын.

"Ұрлық жоқ екен"

Сұқбат барысында Мақсат Мыхыбаев Мекке қаласындағы саудагерлердің бір әрекетіне таңғалғанын айтады.

"Мекке – адамның жүрегі демалып, рухани байитын орын. Тіпті, жанымда жүрген Еркін досым "Мекке маған ұнады. Осында бұрыннан тұратын сияқтымын. Осында қалсам ба екен?" деген ойын айтты. Мұнда құлшылыққа кедергі жоқ. Азан шақырылса, көшенің кез келген жерінде адамдар намазға тұра қалады. Сауда тоқтайды. Саудагерлер заттарының бетін жабады да, барлығы намазға асығады. Ұрлық жоқ. Әл-Харам мешітінің жанындағы саудагерлер осылай істеді. Мұндағы халық мешітке қарай асығады", - дейді ол.

Алматы қаласының тұрғыны қажылыққа барғысы келетіндерге діни сауатын арттыруға кеңес берді. Бірақ ол қарапайым азамат екенін атап өтіп, пәтуә бере алмайтынын тілге тиек етті.

Тағы оқыңыз: Қажылық-2019: Қазақстанға қанша квота бөлінді

"Қажылыққа баруды жоспарлап жүрген адамдар, алдымен, ниет ету керек. Ақша дайындау маңызды мәселе емес. Екіншіден, мүмкіндік болса, үйленген адам өзінің жұбайымен барғаны дұрыс. Үшіншіден, қажылыққа бармас бұрын, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсат еткен қажылық анықтамасын оқу керек. Яғни адам Қағба, зәм-зәм суы туралы және тағы басқа ақпаратты білуі керек. Мүфтият рұқсат еткен Мұхаммед пайғамбардың өмірі туралы кітаптарды оқу да артық етпейді", - дейді Мақсат Мыхыбаев.

Мақсаттың ауыз бекіте бастағанына жеті жыл, ал намаз оқығанына төрт жыл болыпты. Ол Алланың қолдауымен жаман әдеттерінен арылғанын айтады.

Жаңалықтар
0