11:11 17 Қыркүйек 2019
Тікелей эфир
  • USD385.16
  • EUR425.95
  • RUB6.01
Құрт, архивтегі сурет

"Денедегі артық майды кетіреді": ғалым құрттың пайдасын тізіп берді

© Sputnik / Табылды Кадырбеков
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
1187910

Құрт құрамында адамның денсаулығына пайдалы дәрумендер мол

НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik, Дәурен Ерболат. Қазақтың ұлттық тағамы құрттың қалай жасалатынын, қандай түрлері болатынын және денсаулыққа пайдасын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп көрді.

Құрт не туралы не білеміз

Құрт – кептірілген сүт өнімі. Оның құрамында кальций, А, В, С дәрумендері, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, кальций, алюминий микроэлементтері бар. Құрт – ақуызға бай, құнарлы тағам.

Оның қандай түрлері бар?

Жас құрт – жайғанына бір-екі күн ғана болған, әлі толық кеуіп үлгермеген құрт.
Сүзбеде тұрған құртты сары маймен жентектеп бастырма ретінде шаймен бірге дастарқанға қояды.

Көбік – қайнап жатқан құрттың қалқып алынған беті. Майлы, кенеулі ас ретінде жас балаларға, қарттарға қалқып беру салт болған. Ол майлы болады.

Ыстық құрт – қайнап жатқан құртты алып, май қосып сапырып ішетін кенеулі ас. Өкпе ауруына, суық тиіп ауырған сырқаттарға ем.

Сықпа құрт - қайнатқан құрттан айырмашылығы, ашыған айранды қапқа құйып сүзіп тұздайды. Кейін әртүрлі формада бөлшектеп, сөреде кептіреді.

Малта – езілген құрттың түйіршіктері. Ол жұмсақ болып келеді. Ұзақ сапарларда ауызға салып суын жұтқан кезде әрі сусын, әрі қорек болған.

Езген құрт – сорпаға, тұздыққа, көжеге және басқа тағамдарға қосуға немесе сусын дайындауға арналған құрт ұнтағы. Ақ малта құрт – езген құрттың ең соңғы шайындысы. Ол – өте жұғымды және тез сіңетін тағам, сусын ретінде пайдаланылады.

Ұнтақ құрт – арнайы түйіп ұсатқан немесе қап түбінен жинап алған үгінді. Оны сүттің піскен қаймағына былғап жейді.

Құрт-май – сары майға батырып жейтін құрт. Оны асығыс кезде дәм таттыру үшін немесе жеңіл-желпі түстік ретінде дастарқанға қояды. Кейде құрт, ірімшік, май тағамдарының қосындыларын "құрт-май" деп атайды.

Құрт қалай жасалады?

76 жастағы елорда тұрғыны Майра Бердібаева құрттың қалай жасалатынын айтып берді.

"Сиырдың сүтін сауғаннан кейін шелектің немесе ыдыс бетіне екі қабат дәкені қойып, сүтті сүзіп аламыз. Кейін оны пісіреміз. Сүт суып, қан жылы болған кезде оның үстіне айранның ұйытқысын құямыз. Осыдан соң сүтті сапырып, ыдыстың бетін жауып, жылы жерге қойып ұйытамыз. 5-6 сағаттан соң, ол айран болады. Оны келесі ыдысқа құйып, сапырып қайнатамыз. Сары суы сарқылғанда құртымыз қою болады. Осылайша, құртты аламыз ", - дейді зейнеттегі әже.

Оның айтуынша, қайнатылған қою құртты сүзу керек.

"Кейін оны қапқа салып, аузын қатты байлап, іліп қоясыз. Оның суы ағып, құрғайды. Осыдан соң, құртты қандай пішінде жасағың келсе, сондай пішінде жасайсың. Құртқа тұз, қант қосамын десеңіз өз еркіңіз. Оны әр адам өз қалауынша жасайды. Бұл – майы алынбаған құрт. Ол – дәруменге өте бай, әрі жұмсақ, денсаулыққа өте пайдалы", - дейді Майра Бердібаева.

Майы алынған құрт

Әңгіме барысында әже майы алынған құрт дәрумендер аз, қатты болатынын атап өтті.

"Сүтті сепараторға тартасың. Осылайша, оның майын жеке бөліп аласың. Ал майы жоқ сүттен жоғарыдағы әдіспен құрт жасауға да болады. Бірақ мұндай құртта дәрумендар аз, әрі қатты болады", - дейді ол.

Құрттың адам ағзасына пайдасы

Жазушы Жәди Шәкенұлы құрттың көшпенді қазақ өмірінде маңызды рөл атқарғанын айтады.

"Құрттың энергетикалық құндылығы өте жоғары. Сондықтан оны жорықтарда, аң аулау барысында, ұзақ сапарда, көште азық ретінде пайдаланған. Ол алып жүруге өте ыңғайлы. Малта құрт шөлдеген адамға сусын болған. Мысалы, өр мінезді ақын Махамбет Өтемісұлы "Ерлердің ісі бітер ме?" атты өлеңінде: Алты малта ас болмай, Өзіңнен туған жас бала, Сақалы шығып жат болмай..." - деп құрттың тағамдық құндылығын өлеңге қосқан", - дейді ол.

Жәди Шәкенұлы
© Photo : Жазушының жеке архивінен алынды
Жәди Шәкенұлы

Сондай-ақ жазушы құрттың денсаулыққа қандай пайдасы бар екенін түсіндірді.

"Ғылым тілімен түсіндірсек, құрттың адам ағзасындағы керексіз майларды ыдырататын қасиеті бар. Адам қанының қою болуы немесе қандағы май мөлшерінің артып кетуі деген мәселе бар. Оны ыдырататын заттар әдетте қымызда, саумал мен құрт, ірімшіктің сарысуында және құртта болады", - дейді Жәди Шәкенұлы.

Тақырып бойынша

"Әлі дәрі ішіп көрген жоқ" 104 жастағы кейуана ұзақ жасаудың құпиясымен бөлісті
Ғалымдар көздің көрмей қалуынан сақтайтын тағам түрлерін атады
Харам саналады: мүфтият мұсылмандарға нені жеуге болмайтынын айтты
Ғарышкерлер де қорқады: Талғат Мұсабаевтың ашық әңгімесі
ДДҰ мамандары құрт пен айранның неге қауіпті екенін айтты
Кілт сөздер:
пайдалы кеңес, денсаулық, құрт
Загрузка...

Басты тақырып