Қоғам

"40 күн жылады": халық емшісі атақты жазушының немересін тіл-көзден қалай емдегенін айтты

CC0 / virginia332 / тіл-көз
тіл-көз - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Дін өкілдері шариғатта тіл-көз тию бар екенін айтады

НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik, Дәурен Ерболат. Отбасының бірлігінен айырылуы, жаңа туған нәрестенің түні бойы ұйықтамай шығуы, жоғары қызметтегі адамның бір күнде беделінен айырылуы, сау адамның кенеттен ауыр дертке шалдығуы кезінде көңілде "тіл-көз тиді-ау" деген күдіктің пайда болатыны жасырын емес. Тіпті, көз тиюден аман болу үшін шара іздеп, шарқ ұрып жүргендер жетіп артылады. Тіл-көз тию деген рас па? Ол адам өміріне қауіпті ме? Одан қалай сақтану керек? Бұл мәселеге қатысты ислам діні не дейді? Бұл сұрақтарға жауапты Sputnik Қазақстан тілшісі іздеп көрді.

Тіл-көз тию – дәстүрлі қазақ қоғамындағы наным-сенім түрі. Қазақ жақсы адамға, сұлу қызға, жүйрік атқа, жас нәрестеге, тіпті, адамның дәулеті мен атақ-абыройына да көз тиюі мүмкін деп ойлайды. "Тіл-сұқ тас жарады" деген сөз осыдан шықса керек.

Халық емшілігінде бала кенет сырқаттанып қалса, оған "тіл-көз тиді, біреудің сұғы өтті" деп жорып, оған ащылау әдісімен ем жасайды. Ащылау - тіл-көз тиген баланы емдеу тәсілінің бірі. Емшілер балаға тіл-көз тиген жағдайда ол құсады, көзі кіртиеді, іші өтеді, денесі қызады деп топшылаған. Олар ащылау әдісі арқылы тұзды уыстап, баланың жалаңаш денесіне басып, көз тиюді қайырған.

Сондай-ақ жас баланы көз тиюден емдеуді кейде "үшкіру, түкіру" деп те атаған. Мысалы, жас келінге, жаңа туған нәрестеге қызыға қараған адамдарды "көзің тиеді" деп ырымдап, түкіруге мәжбүр еткізеді. "Тілім тасқа тисін" деген сөз осыдан қалса керек.

"Беті ісіп кетті"

Елорда тұрғыны 35 жастағы 4 баланың анасы Бұлғын Асанова көз тиюге алғашында сенбегенін, алайда өмірінде болған оқиға оның көзқарасын түбегейлі өзгерткенін айтады.

"Мен алғашында "тіл-көз тиеді" дегенге мүлдем сенбейтінмін. Бірақ осыдан 4-5 жыл бұрын туған әпкемнің Ақтоты есімді қызы ауырды. Ол өте сүйкімді еді. Бір күні үйге қонақтар келді. Олар кетсен соң, Ақтотының беті аяқ-астынан ісіп кетті. Дәрігерлерге апарды. Бірақ олар нақты диагнозды қоя алған жоқ. Шамалары келгенше емдеді.

Бірақ нәтиже ойдағыдай болмады. Ата-анасы амалсыздан Павлодардағы емшіге қаратты. Ол балаға көз тигенін айтып, емін жасады. Құдай қолдап, бала жазылды. Осыдан бастап мен де "тіл-көз тию" деген сенетін болдым. 4 баламды тіл-көзден қорғау үшін үнемі "Нас", "Фәләқ" сүрелерін ішімнен оқып жүремін", - дейді көпбалалы ана.

20 жылдан бері адам емдеп жүрген халық емшісі Айсара Өтебайқызының айтуынша, бір адамның екіншісіне теріс биоэнергетикалық әсері "көз тию" деп аталады. Мұндай жағдайға душар болған адам әлсіреп, бей-жай халге түседі. Оның сөзінше, адамдар арасындағы іштарлық, жағымсыз қарым-қатынас, жеккөрушілік және өзге де теріс жағымсыз жағдайлар көз тиюдің басты себептері. 

© Photo : Айсара Өтебайқызының жеке архивіненХалық емшісі Айсара Өтебайқызы
40 күн жылады: халық емшісі атақты жазушының немересін тіл-көзден қалай емдегенін айтты - Sputnik Қазақстан
Халық емшісі Айсара Өтебайқызы

"40 күн жылады"

Дәрігерлер медицинада "балаға көз тиеді деген ұғымның жоқ" екенін айтады. Олар баланың ауруын вируспен байланыстырады. Ал бұл мәселеге қатысты Айсара Өтебайқызының өз айтары бар.

"Маған тіл-көз тиген балалар жиі келеді. Олар әлсіз, ауру болады. Балаларды құранмен емдегенде, ем шипасын береді. Бұл балалар дәрігердің де емін алады ғой. Медицина қызметкерлері қатты көз тиген баланың бойындағы "қара" энергияны шығара бермейді", - дейді Қазақстан емшілері қауымдастығының құрметті мүшесі.

Халық емшісі тіл-көз тиген нәресте қолды-аяққа тұрмай шырылдап, жылай беретінін айтады.

"Бұл оқиға біраз жыл бұрын болған. Жазушы Дүкенбай Досжанның немересі дүниеге келеді. Нәресте тоқтамай жылай беріпті. Оны жазушы ғалымдарға, беделді дәрігерлерге апарған. Олардың емі баланың бойына қонбайды. Нәрестенің өмірге келгеніне 40 күн болады. Осы уақыт аралығында бала жылай берген. Бір күнде нәрестені 10 адам қараған ғой. Сөйтіп баланы маған алып келді. Нәрестені құранның сүрелерімен оқып, оның ішін, арқасын уқаладым. Сөйтіп, көз алдымда ол бала ұйықтап кетті. Содан нәресте 13 сағат ұйықтапты. Ата-анасы да демалды. Тәжірибемде мұндай жағдайлар жиі болады", - деп әңгімеледі ол.

Тағы оқыңыз: Үш рет "өліп-тірілген" тараздық келіншектің әңгімесі

Көз тию туралы ислам не дейді?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Хамзат Қажымұратұлының айтуынша, тіл-көз тию туралы исламда айтылған. 

"Тіл-көз тию шариғатта бар, ол расталған. Мұхаммед пайғамбардың "Көз тию хақ" деген хадисі бар. Пайғамбар заманында бір сахаба шомылып жатқан кезде екінші сахаба оған сұқтанып қараған кезде, оның ауырып қалғаны туралы деректер бар. Сол кезде Мұхаммед Пайғамбар "Адамның бойынан жақсы бір қасиетті көрсеңіздер, оған дұға жасаңыздар" деген", - дейді ол.

Құранның 62-аяты, "Жүсіп" сүресінде Жақып пайғамбар балаларына "Мысырға барған кезде барлығың бір қақпадан кірмеңдер, бөлек-бөлек кіріңдер" деген өсиет айтқан екен. 

"Мұны тәпсір ғалымдар "Жақып пайғамбардың балалары көп болған. Сондықтан Мысырға барған кезде "балаларымның көптігіне адамдардың көзі мен тілі өтпесін" деген ниетпен пайғамбар солай айтқан" деп түсіндіреді. Сондықтан адам тіл-көзден сақ болу үшін Аллаға шүкіршілік айтып, дұға оқуы керек. Мысалы, үйден шыққан кезде "Аят әл-курси", "Фатиха", "Фәләқ", "Нас" сүрелерін оқуы шарт. Бұл сүрелерді ішінен оқып жүрсе, адамға тіл-көз тимейді деген Мұхаммед пайғамбардың хадистері бар", - деді Хамзат Қажымұратұлы.

Жаңалықтар
0