Қоғам

Қазақстанда дәлме-дәл уақыт қалай есептеледі – уақыт сақшысы түсіндіріп берді

© Sputnik / Владислав ВодневУақыт сақшысы Сұлтанбек Смағұлов
Уақыт сақшысы Сұлтанбек Смағұлов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Елордада уақыт пен жиіліктің мемлекеттік эталонына жауап беретін бір ғана маман бар. Оның қызметі – уақыт сақшысы деп аталады

НҰР-СҰЛТАН, 2 тамыз – Sputnik, Арман Асқар. Сұлтанбек Смағұлов елімізде нақты уақытты қадағалап, мемлекеттік органдарға таратып отырады. Sputnik Қазақстан тілшісіне сұқбат берген уақыт сақшысы өз жұмысын көрсетіп қана қоймай, уақытты басқарудың құпиясымен де бөлісті.

Қазақстанда уақытты қалай өлшейді?

Баяғы заманда уақытты жердің айналуымен өлшейтін. Бір секунд сол айналымның 1/86 000 бөлігі болған. Ал XX ғасырдың басында кәдімгідей сағаттың көмегімен уақытты дәл өлшеуге мүмкіндік туды. Содан астрономиялық әдіс-тәсілдердің қажеті болмай қалды. Бертін келе, уақыт өлшеудің жаңа үлгілері шыға бастады. Мәселен, атом мен молекула да уақытты өлшей алады. Ондай әдістің дәлдігі жоғары.

"Мәселен, біз жауап беретін мемлекеттік уақыт және жиілік эталонының құрамында төрт жоғары дәлдіктегі цезий стандарттары қолданылады. Осы стандарттар уақыт пен жиілік бірліктерін өндіруге, сақтауға және таратуға арналған. Әрбіреуінің ішінде цезий түтікшесі бар. Аппаратты қосқанда ол түтікше қызады да, ионизация процесінің әсерінен цезий атомдары атқылай бастайды. 9 миллиард 192 миллион 631 мың 770 тербеліске кететін уақыт аралығы бір секунд болып саналады", - дейді Смағұлов.

Бұдан бөлек, әлем бойынша Менделеев кестесіндегі әр түрлі элементтердің атомдары да уақыт және жиілік стандарттарында пайдаланылады. Мысалы рубидий стандарттары бар. Ол аппараттар 1 000 жылда 0,15 секундқа ауытқып кетуі мүмкін. Цезий стандарты - 0,01 секундқа, ал сутегі стандарты миллион жылда небәрі 0,2 секундқа ғана қателеседі.

Эталонды жаңарту қажет

Бүгінде иттербий, сынап және стронций негізінде жұмыс істейтін жаңа стандарттарды да шығаруға болады. Мәселен, жапондықтар стронций стандартын ойлап тапты. Ол бүгінгі цезий аппаратынан 1000 есеге дәл уақытты көрсетеді екен. Қазақстанға осындай аппараттар қажет-ақ.

"Мысалы, Ресейдің уақыт эталонында 55 адам жұмыс істейді. Американың эталонын 94 адам бақылайды. Ал бізде бір адам ғана жауап береді. Сосын құрал-жабдықтар да ескіріп келеді. Цезий стандартары осыдан 13-14 жыл бұрын шыққан. Әлем бойынша уақыт стандарттары жыл сайын жаңарып тұрады. Бізге соған ілесіп отыру қажет", - деді Смағұлов.

Оның айтуынша, уақыт пен жиілік эталоны - мемлекеттің мәртебесін көтеретін бірден-бір көрсеткіш. Себебі бүгінде әлем елдері өзара бәсекеге түсіп, неғұрлым дәл уақытты ұсынуға тырысады. Осының арқасында халықаралық беделін де көтереді.

"Негізінен маған осы қызмет ұнайды. Өйткені бұл жерде көп нәрсені оқу қажет, көп білу керек. Себебі  Қазақстанды әлемге танытамыз. Сан алуан конференцияларда өзге елдің ғалымдарымен кездескенде тең дәрежеде пікір алмасу қажет", - дейді уақыт сақшысы.

Уақыт сақшысы не істейді?

Қазіргі кезде әлем елдерінің басым бөлігі уақытты атомдық шкаламен, яғни арнайы аппараттармен өлшейді. Бұдан бөлек, Universal time деп аталатын бүкіләлемдік уақыт бар. Алайда барлығы бірдей UT-мен жүре алмайды. Себебі күн бір жерде ерте батады, енді бір жерде кеш батады. Сол себепті адамдарға ыңғайлы болу үшін жер шары сағаттық белдеулерге бөлінген. Әрбір белдеудің интервалы – 1 сағат. Содан атомдық шкала мен бүкіләлемдік уақыт бір-біріне сәйкес келмей жатады. Осыған байланысты аралық шкала енгізілген. Оның атауы – бүкіләлемдік үйлестірілген уақыт (UTC). Сұлтанбек Смағұлов осы шкалаға қарай Қазақстан уақытын түзеп отырады.

© Sputnik / Владислав ВодневСұлтанбек Смағұлов Қазақстанда уақыт қалай түзетіліп отыратынын айтып берді
Қазақстанда дәлме-дәл уақыт қалай есептеледі – уақыт сақшысы түсіндіріп берді - Sputnik Қазақстан
Сұлтанбек Смағұлов Қазақстанда уақыт қалай түзетіліп отыратынын айтып берді

"Біздің эталонымызда GPS, ГЛОНАСС, EGNOSS сигналдарын қабылдайтын аппараттар бар. Сол арқылы ғарыштағы жер серіктерінің сигналын қабылдап, UTC-ден қаншаға ауытқып кеткенімізді бақылап отырамыз. Біз осыны үнемі қадағалаймыз, себебі шкаланы ұстап отыру қажет. Енді, техника болғаннан кейін ауытқулар болады. Мен соны бірден түзетіп отырамын", - дейді ол.

Сақшының сөзіне қарағанда, ауытқулар айтарлықтай үлкен емес. Дегенмен, 10 наносекундтың өзін түзетіп отыру қажет. Сонда ғана дәл уақыт шығады.

"Сенбі, жексенбі күндері демаламыз. Дегенмен, үнемі қадағалап отыру қажет. Бұрын екі адам болған. Қазір мен жалғызбын. Келгеніме бір жыл ғана болды. Бас кезінде қиын болды. Қазір осы саланың 5-10 процентін білемін деуге болады. Әлі көп нәрсені меңгеру керек", - деді Смағұлов.

Уақытты басқарудың құпиясы

"Жалпы, уақытты босқа өткізбеу керек. Мысалы, шет елдердегі жастарды қарасаңыз, автобуста отырса да, метромен жүрсе де, уақытты құр босқа өткізбей, бір нәрсені оқып отырады, зерттейді. Біздікілер болса, құлаққап киіп алады да, музыка тыңдап отырады", - дейді Смағұлов.

29 жастағы уақыт сақшысы кітап оқығанды ұнатады. Өзі электроэнергетик мамандығы бойынша аграрлық университетті бітіргеннен кейін Томск политехникалық университетіне грантқа түсті. Оны да қызыл дипломмен тәмамдады. Сонымен қатар, тағы бір техникумда оқып алды. Журналистика бойынша арнайы курстан да өтті. Үйленген, екі баласы бар. 

© Sputnik / Владислав ВодневҚазақстан Республикасының уақыт және жиілік эталоны
Қазақстанда дәлме-дәл уақыт қалай есептеледі – уақыт сақшысы түсіндіріп берді - Sputnik Қазақстан
Қазақстан Республикасының уақыт және жиілік эталоны

"Достарым бәріне қалай үлгересің деп таңғалады (күлді). Мен Қазақстанның авторлар қоғамының мүшелігіне де кіремін. Қазақша әндердің мәтінін жазамын. Мысалы, "Сарыарқа" тобы орындайтын "Жастық дәурен" әнінің мәтіні менікі. Жалпы сегіз ән мәтінің авторымын. Көп нәрсеге қызығамын. Ең бастысы уақытты босқа өткізбеу керек. Себебі бізде уақыт шектеулі. 60-70, әрі кетсе, 80 жыл өмір сүреміз. Сондықтан әрбір секундты бағалау қажет", - дейді уақыт сақшысы.

Жаңалықтар
0