13:10 18 Қыркүйек 2019
Тікелей эфир
  • USD385.42
  • EUR424.58
  • RUB6.00
Құрбан айт мейрамы, Нұр-Сұлтан

"Көбісі намыстанады": қазақ жігіті қойдың ішегінен қалай пайда тауып отырғанын айтты

© Sputnik / Абзал Калиев.
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
Құрбан айт 2019 (29)
10280 0 0

Елордадағы мал базарында бір қойды құрбандыққа шалу 40 000-50 000 теңгенің маңайында шығады

НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Құрбан айттың алғашқы күні демалысқа түскеннен кейін құрбандық шалып жатқан адамдар көп. Sputnik Қазақстан тілшісі елорданың мал базарында болып, құрбандықты қаншаға шалуға болатынын, сондай-ақ, күл-қоқысқа кететін қойдың ішегін шетелге не үшін жіберіп жатқанын біліп қайтты.

Құрбандықтың бағасы қанша?

Астананың "Алтын таға" мал базарында құрбандық шалуға келген адамдар құмырсқадай құжынап жүр. Таң атқаннан бері қасапшыларға дамыл жоқ. Қойдың басын үйіту мен ішек-қарнын жуу қызметіне де сұраныс жоғары. Бірақ алдымен қойды таңдау қажет.

Курбан айт
© Sputnik / Абзал Калиев.
Мал базарына келген елордалықтар құрбандыққа шалатын қойды таңдап жатыр

"Бұл жерде базарды бірнеше зонаға бөліп тастады. Алдымен бір аймаққа кіріп, қойды таңдау керек. Одан кейін кассаға ақша төлейсіз. Сөйтіп, арнайы түбіртекпен қойды алып кетуге болады. Сол зонадан шыққанда қоймен бірге түбіртекті де көрсету керек. Онсыз шығармайды. Ары қарай қасапшылардың аймағына барасыз", - дейді базардың қызметкерлері.

Базарда қойдың түр-түрі бар. Тоқтылар 35 000-45 000 теңге болса, одан ірілері 65 000 теңгеге дейін барады. Қойды алғаннан кейін тәшкені жалдау керек. Оның ақысы – 500 теңге. Қасапшының қызметі – 2 000 теңге. Бас үйіту 1000-1500 теңге болса, ішек-қарнын жуып бергені үшін 1500 теңге алады.

Бас үйіту қызметі 1000-1500 теңге тұрады
Арман Асқар
Бас үйіту қызметі 1000-1500 теңге тұрады

"Биыл құрбандықтың бағасы қымбат емес сияқты. Малдары жақсы. Қойдың бағасы түріне және салмағына қарай әртүрлі ғой. Бір қойды құрбандыққа шалу 40 000-50 000 теңгенің маңайында шығады. Негізі, мал шалатын ресми орындарда бәрі дұрыс. Ал, енді, қаланың шетінде жол-жөнекей тұрған жерлердің санитарлық жағы онша емес. Дегенмен, бәрін жақсылыққа жазсын. Құрбан айт құтты болсын!", - дейді қала тұрғыны Мейірхан Қаппасов.

"Көп адам намыстанады"

Мал базарында ірі қараны да шалуға болады. Ал сыртта тұрған мешіттер мен медреселердің көліктеріне малдың бір бөлігін тапсыруға мүмкіндік бар. Ал сойылған малдың терілері мен ішек-қарындарын бірден жүк көлігіне қотарып, арнайы жерлерге шығарып отырады.

Біз күл-қоқыстың ішінен ішектерді алып, тазартып жатқан жігіттерді байқап қалдық. Оны не үшін алып жатқанын сұрағанда, пайдалы бір кәсіптің бар екенін айтып берді. Бірақ өз есімдерін көрсетпеуді өтінді.

Күл-қоқыстың ішінен ішектерді алып, тазартып жатқан жігіттер
Арман Асқар
Күл-қоқыстың ішінен ішектерді алып, тазартып жатқан жігіттер

"Енді, көп адамдар бұндай жұмыс істеуге намыстанады ғой. Алайда бұл – өте тиімді кәсіп. Мысалы, құрбандық шалған адамдар мына ішектерді лақтырып тастайды. Біз соның бәрін тазартамыз да, буып-түйіп, шетелге жібереміз. Ол жақта кетгут, яғни медициналық жіп жасайды. Онымен хирургтар адамның ішкі ағзаларын тігеді, артынан кетгут өзі таралып кетеді. Бұдан бөлек, ішектен шұжықтың сыртын орайтын материалдар жасалады", - дейді қазақтың бір жігіті.

Елордадағы Алтын таға мал базары
Арман Асқар
Елордадағы "Алтын таға" мал базары

Мал базарында шетелдіктер де жүр. Олар қойды қасапшыға тапсырғаннан  кейін құрбандықты қалай шалып жатқанын шетелде отырған ата-анасына және балаларына ұялы телефон арқылы көрсетеді екен.

Тақырып:
Құрбан айт 2019 (29)
Загрузка...

Басты тақырып