Қоғам

Қазақстанда адам зорлағандардың суретін жариялау ұсынылды

© Sputnik / Табылды КадырбековДевушка закрывает лицо руками, архивное фото
Девушка закрывает лицо руками, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Зорлау қылмысы үшін жазаны қатаңдату туралы петицияға 5 мыңға жуық адам қол қойған

НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз – Sputnik. "НеМолчиKZ" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі (Смайылова) жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін сотталғандардың суретін БАҚ-та жариялауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Адам зорлағандардың суретін үнемі жариялап отыруды қатты өтініп сұраймын. Өкінішке қарай, жұрт олар туралы ештеңе білмейді. Сотталды ма, өтініш, баспасөз хабарламасын шығарып, барлық БАҚ-та суретін жариялаңыздар. Журналистер сотта артынан жүгіріп, олар бетін бүркемелеп жүрмес үшін. Қандай мектепте, жоғары оқу орнында оқығанын, ата-анасы кім, толық өмірбаянын жария ету керек", - дейді ол елордада жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы қылмыстық жазаны күшейту туралы дөңгелек үстелде.

Таңсәрінің айтуынша, адам зорлағандар заңнамамен жан-жақты қорғалған. Ал жәбірленушілер туралы ешкім ойлап та жатқан жоқ.

Тағы оқыңыз: Пойызда зорланған әйел басынан өткен сұмдықты айтып берді - видео

"Зорлаған қылмыскер заңмен жан-жақты қорғалған: түрін көрсетуге болмайды, жеке мәліметтерін жария етуге тыйым салынған. Алайда тергеу, сот басталған кезде, жәбірленушінің мәліметтері жарияланады. Оларды ойлап жатқан ешкім жоқ. Бұл жайлы ашық айтатын уақыт жетті. Біз олардың бет-әлпетін жасырып жүргенде, қыздарымыз жәбір көреді", -дейді Таңсәрі.

Қоғам белсендісі зорлау қылмысы үшін жазаны қатаңдату туралы петицияға 5 мыңға жуық адам қол қойғанын атап өтті.

"Біз бұл тізімді парламентке тапсырып, 5 мың адам заңды қатаңдатуды қолдайтынын айтуға дайынбыз. Бұл жағдай барша қазақстандықты алаңдатып отырғанын білеміз. Бәріміз қауіпсіздікті қалаймыз", - дейді ол.

Бұған дейін Тұлпар-Тальго пойызында зорланған қыз алғаш рет ел алдына шығып, басынан өткен сұмдық жағдайды айтып берген еді.

Жаңалықтар
0