11:35 19 Тамыз 2019
Тікелей эфир
  • USD386.82
  • EUR428.67
  • RUB5.86
Марат Жыланбаев

Жеті рет Гиннесс рекордын жаңартқан белгілі желаяқ өміріндегі қиындық туралы айтты

© Sputnik / Абзал Калиев.
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
754 0 0

Марат Жыланбаев – Қарақұм (Қазақстан), Сахара (Африка), Үлкен Виктория (Австралия) мен Ажал алқабы (Солтүстік Америка) шөлдерін жүгіріп өткен жалғыз марафоншы. Оның бұл рекордын әлі күнге дейін ешкім жаңарта алған жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 14 тамыз – Sputnіk, Дәурен Ерболат. Супермарафоншы, жеті рет Гиннесс рекордын жаңартқан желаяқ Марат Жыланбаев неге сурет салудан спортқа ауысқанын, 4 құрлықтағы ірі шөлдерді бағындыру үшін қалай жаттыққанын, шөл далада тамақтану мен жаттығудың ерекшелігін Sputnіk Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Жетімдік

Марат Жыланбаев 1963 жылдың 19 сәуірінде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы қазіргі Аманжолов ауылында дүниеге келген. 7 жасында әкесі мен анасы қайтыс болып, жетімдік пен жоқшылықтың кермек дәмін татады.

"Бірінші сыныптан бастап, Саран, Қарағанды қалаларындағы балалар үйінде тәрбиелендім. Ол жерден көп қашатынмын. Балалар мені "бродяга" ("қаңғыбас") деп атайтын. Мектептегі мінездемемде "қашып кетуге бейім" деп жазылған. Саяхат жасағанды қатты ұнататынмын. Қарағандыдағы көмір тиелген пойызға отырамын да өзім қалаған жаққа жүре беремін. Осылай, Алматыда, Балқаш, Шымкент, Омск, Новосібір, Павлодар қалаларында болдым", - дейді супермарафоншы балалық шағын еске алып.

Оның жертөледе, үйдің шатырында, далада ұйықтаған кездері болыпты. Ал кейде түнде зираттың ішімен де жүрген екен. Пойызбен Қазақстанды аралап жүрген кезде милицияға ұсталып, балалар үйіне қайта алып барған . Бірақ сонда да болашақ супермарафоншы қашуды тоқтатпапты. Жыланбаев бұл әдетін балалар үйінен кеткен соң ғана қойған. 

Марат Жыланбаев
© Photo : Марат Жыланбаевтың жеке архивінен алынды
Марат Жыланбаевтың жастық шағы

Кітап қиялыма қанат бітірді

Супермарафоншы балалық қиялына қанат бітірген кітап екенін айтады. Тіпті кейбір кездері жалған куәлік жасап, кітапханалардан кітап алып жүріпті.

"Мен көп кітап оқыдым. Оқушы кезімде кітап алғанда кітапханашы "бұл ересектерге арналған кітап. Сенің ертегілерді оқығаның жөн" дейтін. Кітапханадағы барлық кітапты оқып шықтым. Сондай-ақ, кітапхана куәлігін қолдан жасап, басқа жерден де кітап алып жүрдім. Оны қайтармаған кездерім де болды. Кітап менің қиялыма қанат бітірді", - дейді Марат Жыланбаев.

Марафон

Қазақтан шыққан желаяқ балалық шағында суретші болуды армандапты. Жастайынан суретті жақсы салған. Оны салып қана қоймай, шетелге қомақты қаражатқа сатыпты. Ақшам көп болғаны сондай, оны оңды-солды шашқанын айтады. Кейін спортқа бет бұра бастапты. Өзінің жүгіру техникасын ойлап тапқан соң, сурет салуды қойыпты. 19 жасында Қарағандағы алғашқы марафонына қатысып, 21 шақырымды бағындырады. Сегіз жылдан соң, 1200 шақырымды жүгіріп өтіп, Қарақұм шөлін бағындырады. 

Марат Жыланбаев
© Photo : Марат Жыланбаевтың жеке архивінен алынды
Қарақұмды бағындыру үшін Марат Жыланбаев өте мұқият дайындалған. Шөлде шаян, тасбақа мен жыланды жепті

"Оған дейін мен ғалымдармен ақылдастым. Шөл институттарына хат жаздым. Көп дайылдалдым. Ең қиыны Қарақұм шөлі болған шығар. Оны 20 күнде бағындырдым. Себебі, ол жерде жалғыз өзім рюкзакпен жүгірдім. Шаян, тасбақа мен жыланды да жедім. Шаяндарды қуырдым, оның дәмі чипсыға ұқсас. Жыланды да қуырдым, ал тасбақаны қайнаттып жедім. Оларды шөл далада ұстау оңай. Әсіресе, жыланды ұстағанда өте сақ болу керек. Күндіз ыстық болса, демалып, түнде жүгірдім. 1993 жылы әлемдегі ең үлкен шөл – Сахараны 24 күнде жүгіріп өттім. Бірақ қасымда адамдар болды. Олар барлығын бақылап отырды", - дейді супермарафоншы.

Есімнен айырылдым

Марат Жыланбаев Қарақұм (Қазақстан), Сахара (Африка), Үлкен Виктория (Австралия) мен Ажал алқабы (Солтүстік Америка) шөлдерін жүгіріп өткен соң, жаңа белестерді бағындыруды мақсат еткен. Жолға қаржысы болмаған соң, үкіметтен көмек сұрапты. Шенеуніктер уәде бергенмен, соңында сөзінен тайып шыға келген. Бұл жағдай оның денсаулығына қатты әсер етіпті.

"1995 жылы өзімді қалыпты деңгейде ұстау үшін күніне 85 шақырым жүгірдім. Әрине, бұл денсаулығыма салмақ түсірді. Жарыстарға қатысайын десем, ақшам болған жоқ. Сондықтан президент, министрлерге хат жаздым. Бірақ жауап болған жоқ. Күйзеліс салдарынан амнезия болды. Тіпті, Мәскеуге қалай барғаным есімде жоқ. Емделу үшін ондағы психологтармен бірге жұмыс істедік. Олар маған "сіз есіңізден айырылдыңыз. Бірақ ақылыңыздан алжасып кетер едіңіз. Сіздің жолыңыз болды" деді. Сөйтіп, дәрігерлер маған жүгіруді ұмыт деді. Содан соң, 17 жыл жүгірген жоқпын", - дейді қазақстандық марафоншы.

Қорқынышты қалай жеңу керек

Спортшы адам бойындағы қорқынышты жеңбесе, ол биік белестерді бағындыра алмайды деген пікірде. Сондықтан адам әрқашан алдына нақты мақсат қойып, оған жету үшін аянбай күресуі қажет.

Тағы оқыңыз: Ла-Маншты жүзіп өткен тұңғыш қазақ жігітінің әңгімесі

"Шөлді бағындырғанда бойымда қорқыныш болды. Бірақ адам оны жеңе білуі керек. Мен қиын жағдайда қалай аман қалу қажеттігі жайында көп кітап оқыдым. Содан бір түсінгенім - адамды бойындағы қорқыныш "өлтіреді" екен. Марафоншы болғым келді. Әрине, қорқыныш болды. Одан өз-өзіңе деген сенімсіздік пайда болады. Мұны жеңе білу керек. Сонда ғана мықты боласың", - дейді Марат Жыланбаев.

Баланы қалай тәрбиелеген жөн

Супермарафоншы АҚШ-тан келген миллионермен сөйлесіп, бала тәрбиесі жөніндегі позициясын естігенде алғашында таңғалған. Кейін оның өмірге деген көзқарасы дұрыс екеніне көзі жеткізіпті.

"Бұл кәсіпкермен нақты қай жылы кездесенім есімде жоқ. Менің Екібастұз қаласында тұрған жерлесім бар. Ол АҚШ-қа көшіп кетіп, миллионерге тұрмысқа шықты. Оның күйеуімен астанада кездесіп, бала тәрбиесі туралы сөйлестік. Ол маған "Мен балаларымды өсірдім, білім бердім. Енді олар өз күндерін өздері көру керек, жағдайын жасауға міндетті емеспін! Егер балаларға барлығын сатып бере берсем, олардың түбіне өзім жетемін. Салдарынан олар еріншек, біреудің есебіне өмір сүретін адамға айналады"деді. Бірақ оның сөзін сол кезде мен түсінген жоқпын", - дейді ол күліп.

Марат Жыланбаев
© Sputnik / Абзал Калиев.
Америкалық миллионердің ақыл-кеңесін еске алған супермарафоншы күліп жіберді

Кейін Марат Жыланбаев оның кеңесіне құлақ асқан. Желаяқтың төрт қызы мен бір ұлы бар. Ол жалғыз ұлына қатал әке болғанын айтады. Ал қыздарына мейірімін аямапты. Спортшының ұлы бизнес саласында еңбек етеді. Ағылшын, қытай тілін еркін меңгерген.

Жүгіруге арналған кроссовкиді қалай таңдау қажет

Марат Жыланбаев жүгіруге арналған кроссовкиді қалай таңдау керек екенін айтып берді.

"Қазіргі кроссовкилер бір-біріне ұқсайды. Технология заманы ғой. Олардың арасында айтарлықтай айырмашылық бар деп айта алмас едім. Тіпті, оған артық ақша жұмсаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл – жеке менің пікірім. Менде 40 кроссовки бар. Кроссовки сізге дәл әрі ыңғайлы болуы тиіс. Аяқ-киімде артық орын болуы керек. Себебі, жүгірген кезде аяғыңыз іседі. Осыны есте сақтаған абзал", - дейді желаяқ.

Марат Жыланбаев таңғы сағат 4:00-де тұрады. Оның пікірінше, ерте тұру - табысты адамның әдеті. Сонымен қатар бүгінде шәкірт тәрбиелеуді мықтап қолға алған. Бір топта 17 адам бар. Айына 4 немесе 8 топты дайындайды екен. Олар таңғы сағат 05:00, 06:00-да Жыланбаевтың арнайы методикасы бойынша жаттығады.

Супермарафоншы жүгіріп үйрену үшін жаттықтырушының ақыл-кеңесі қажет деген ойда. Себебі, асфальтта ұзақ жүгіру адам денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан оның айла-әдісін білу қажет екен.

Тақырып бойынша

Ақтаулық жеңіл атлет жаңа рекорд орнатты – видео
Супермен сияқты секірген желаяқ мәре сызығын бірінші болып кесті - видео
Нұр-Сұлтанда атлетика орталығы ашылды
Кілт сөздер:
марафон, рекорд, Гиннесс рекордтар кітабы
Загрузка...

Басты тақырып