18:58 19 Қыркүйек 2019
Тікелей эфир
  • USD386.77
  • EUR427.26
  • RUB6.00
Қарттар үйіндегі ғашықтар

"Алғаш рет шын ғашық болдым": қарттар үйінде сүйіктісін кездестірген қарияның әңгімесі

© Sputnik / Арман Асқар
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
734710

Қарттар үйінде сүйіктісін кездестірген Болат Азнабаев бізге жантебірентерлік әңгімесін айтып берді

НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik, Арман Асқар. Елорданың қарттар үйінде жалғыз қалған қариялар аз емес. Дегенмен, олардың арасында дәл осы жерде өмірлік серігін тапқандар, тіпті, алғаш рет ғашық болғандар да бар. Осындай жандардың бірі - 68 жастағы Болат Азнабаев. Ол Sputnik Қазақстан тілшісіне өзінің махаббат хикаясын айтып берді.

"Өте жақсы адам"

Бас кезінде біз Болат ағаның ғашықтық сезімі туралы білмедік. Оның өмірлік жолын ғана жазамыз деген ой болды. Мекеме қызметкерлері де "Ол кісі Жоғарғы сотта істеген" деп, бізді бұрынғы лауазымды тұлғаның бөлмесіне бірден алып барды. Бірақ оның бөлмесі жабық болып шықты. Қалаға шығып кеткен шығар дедік. Бір кезде дәліздің арғы жағында арба итеріп келе жатқан ер адамның сұлбасы көрінді. Осы кезде мекеменің Ақмарал есімді қызметкері: "О, бұл кісі осында екен. Дина екеуі далаға серуендеп қайтқан ғой", - деп ақырын ғана сыбырлады.

Болат ағаның бөлмесіне кіріп жайғастық. Екі жағында - кереуіт, бұрышта - тоңазытқыш, ортада - тамақ ішетін үстел. Бөлменің іші таза, жарық. Онымен бірге тағы бір кісі тұрады екен. Бірақ ол күні орнында болмады, қалаға кетіп қалған.

Қария 70 жылдан кейін келген сезімімен бөлісті
© Photo : Болат Азнабаевтың жеке архивінен алынды
Болат Азнабаев пен Дина Лямқадырова

Біз қонаққа не үшін келгенімізді айттық. Ол кісі сұқбаттың жарияланатынын естігенде: "Не айтамын? Ұят шығар, сұқбат бермей-ақ қояйын", - деп қашқақтай бастады. Осы кезде арбада отырған келіншек бөлмеден шығып бара жатып: "Жазыңыз, жазыңыз, бұл кісі - өте жақсы адам. Кез келген адамға көмек беруге дайын тұрады", - деп артына қарады да, өз бөлмесіне кетті. Осы кезде ағаның сәл қызарып қалғаны байқалды. Мына жақтан Ақмарал да қолқалағаннан кейін Болат Азнабаев сұқбат беруге келісті.

Жоғарғы соттағы қызметі

"Мен құжат бойынша 1951 тудым. Негізі, одан бұрын дүниеге келгенмін. Шешем "паспорт столында" бастық болған ғой. Мені әскерге кештеу барсын деп, туған күнімді алға қарай жылжытып жазған. Шын жасым 70-тен асып кетті. Әкем милицияда істеді. Жұмыс бабымен Целиноградқа ауысқаннан кейін біз де Жолымбеттен осында көшіп келдік", - деп бастады Азнабаев өз әңгімесін.

Болат аға мектепті де, оқуды да тың игеру өлкесінде бітірген. Мәскеудің түбінде әскери борышын үш жыл өтеп келді.

"Целиноградтың инженерлік-құрылыс факультетінде оқыдық. Одан кейін Алматыдағы бүкілодақтық энергетика институтында білім алдым. Қазақсельмашта бастықтың орынбасары болдық. Сосын Жоғарғы соттың жалпы бөлімінде қызмет еттім. Сол жерден зейнетке шыққанмын", - дейді Азнабаев.

Тағы оқыңыз: "Бір күнде отбасымнан айырылдым": қарттар үйіне түскен қарияның тағдыры

Болат аға соттан неге кеткенін де айтты. Оның айтуынша, адамның жүйкесін тоздыратын жұмыс көп болған.

"Лауазымды тұлғалар келетін, шу шығаратын. Біз заң бойынша оған бағынбайтынымызды айтамыз. Келдің бе, дұрыс сөйле. Сонда да тыңдамайды ғой. Шынымды айтсам, содан шаршап кеттім", - деп еске алады Азнабаев.

Үйдің жалғыз баласы 

Болат ағаның әкесі ерте қайтыс болған. Ал анасы бертін келе о дүниелік болып кетті.

"Менің ешкімім жоқ. Үйдің жалғыз баласы болдым. Бір рет үйленгенмін. Әйелім қайтыс болды. Балаларымыз болмады", - деп қысқа ғана қайырды Азнабаев.

Осыдан кейін бір шаруамен асығып тұрғанын жеткізді. Динаның Алматыға дайындалып жатқанын, соны шығарып салу қажет екенін айтты. Осы кезде әңгімеге Ақмарал араласты.

"Билеті ертең емес пе? Қыдыру керек десеңші. Қит етсе, Динаға асығып тұрасыз. Қазір бұл кісінің басы махаббаттан айналып жүр. Сондықтан басқасын сұрамай-ақ қойыңыз", - деді Ақмарал.

Осы кезде Болат ағамыздың көңілі жадырап сала берді. Жас баладай ұялып, бір жерде отыра алмай, тыпырши бастады. Сөйтсек, күнде солай, бос уақыты болса, Динаға асығады. Ол туралы сұраса, күле береді. Ал жауап бергенде дауысы дірілдеп кетеді.

"Б" блогының күйеу баласы

"Біз Динамен осы жерде таныстық. Әрине, сезім бар. Сезім болмаса, адам жүре ме? Дина ұнайды, өзі өте байсалды. Ай, сен бұның бәрін жазбай-ақ қой", - деп Болат аға күлді. 

Дина бала кезінен арбаға таңылған. Тобығына бірнеше рет ота жасалса да, әлі өз аяғымен жүре алмайды. Жасы 50-ден асты. Тұрмысқа әлі шықпаған. "Мына кісі өзі Динаның аяғына массаж жасайды", - дейді Ақмарал. Осы кезде Болат аға қызарып, қатты ұялып кетті. Сөйтсек, қазір Азнабаевты өз бөлмесінен ұстау қиын. Бізге сәттілік серік болды ма, қонаққа келгенде Дина екеуі алдымыздан шыға келді.

"Болат ағамыз ылғи "Б" блогында жүреді, сол жақтың күйеу баласы болып кетті (күлді). Жұма сайын мешітке барады. Жаман әдеті жоқ. Таң атпай кетеді. Түнгі сағат 12-де қайтып келеді. Екеуін үйлендірейін десек, Дина ойланып жүр. Тағдырдың жазуы шығар, екеуі осы жерде кездесті. Негізі, бізде бірге тұруға рұқсат бар. Екеуі ресми түрде некеге тұрса, бөлек бөлме береміз", - дейді Ақмарал.

"Шын ғашық болып отырғаным бірінші рет... "

Болат аға екеуін фотоға түсіргенде Динамен тілдесудің сәті түсті. Ол Алматының тумасы екен. Бала кезінен жүре алмағаннан кейін үнемі ота жасайтын дәрігерлерді іздеумен болды. Алматыда бірнеше рет операция жасатты. Бірақ одан нәтиже шықпады. Кейін астанада бір дәрігерлерді тауып, осында келді. 

"Бала кезімде бір қадам жасап, құлай беретінмін. Содан ылғи жарақат алып, аяғым сынады. Биыл ақпан айында ота жасады, гипс салды. Дәрігерлер үнемі қаралу қажет деді. Сөйтіп, осында келдім. Тағы бірнеше операция бар. Тізеге, табанға ота жасауы тиіс. Алматыда анам жалғыз тұрады", - дейді Дина Лямқадырова.

Сол күні Дина Алматыға баруға дайындалып жатқан. Бірнеше айдан кейін елордаға қайтадан келемін дейді. Болат ағамыз осыны біле тұра, үнемі Динаның қасынан табылуға тырысты. Ал жеке-дара сөйлескенде алғаш рет ғашық болып отырғанын да айтып қалды.

"Енді, шын ғашық болып отырғаным бірінші рет, шын сезім екенін білемін. Кейбіреулер өмір бақи арбамен жүресің бе дейді. Онда тұрған не бар? Жақсы көріп тұрсаң, еш нәрсеге қарамайсың. Дина екеуіміз қалаға шығып тұрамыз, саябаққа, театрға барамыз. Бақытты жандар уақытқа да, жасқа да қарамайды", - дейді Болат Азнабаев.

Біз қарттар үйінен шығып бара жатқанда дәрігер Динаны процедураға шақырды. Болат ағамыз әдеттегідей оны жалғыз жібермей, арбаны өзі итеріп, дәрігердің кабинетіне алып кетті.

Тақырып бойынша

"Әлі дәрі ішіп көрген жоқ" 104 жастағы кейуана ұзақ жасаудың құпиясымен бөлісті
"Келін тамақ істемей қойды": қарттар үйіндегі ардагер ананың әңгімесі
70 жыл отасқан ерлі-зайыптыны өмірден озған соң да ешкім ажырата алмады
Махаббат жасқа қарамайды: Астанада 80-дегі қария мен 55-тегі әйел үйленді
"Қазақта ондай бәле болған жоқ" Назарбаев жастарға ақыл-кеңес берді
Кілт сөздер:
қария, қарттар үйі
Загрузка...

Басты тақырып