18:36 19 Қыркүйек 2019
Тікелей эфир
  • USD386.77
  • EUR427.26
  • RUB6.00
Арселор Миттал Теміртау АҚ көмір департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Николай Байызбаев

"50 жасты қайтарсын": қарағандылық шахтер үкіметке өтініш айтты

© Photo : ИИДМ баспасөз қызметінен алынды
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
265 0 0

Тамыздың соңғы жексенбісі қазақстандық кеншілер төл мерекесін атап өтеді

НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Кенші мамандығы – әлемдегі ең қиын әрі қауіпті мамандықтардың бірі. Жастардың дені машақаты көп жұмыстан жүрексінетіні де сондықтан. Десе де бар ғұмырын көмір өнеркәсібімен байланыстырып, осы саланың құрметті қызметкері атанғандар да баршылық. Соның бірі – елу жылдық еңбек өтілі бар Николай Байызбаев. "Арселор Миттал Теміртау" АҚ көмір департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында шахтер мамандығының қиындығы, ереуілдер мен кеншілердің зейнет жасын қозғады.

"Қыздар артымыздан жүгіретін"

76 жастағы Николай Дуабайұлы – Ресейдің тумасы. Әке-шешесі өткен ғасырдың 30-шы жылдарында, елді аштық жайлағанда қоныс аударыпты. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Байызбаевтар отбасы қайта Қазақстанға оралады.

"1950 жылы Қарағандыға көшіп келдік. Қарағанды кеншілер қаласы ғой, сол кезде жас жігіттердің бәрі шахтаға ұмтылатын. Олардың арасында мен де бармын. Жалақысы жоғары, үй береді, көлік береді. Қыздар "шахтада ең сенімді жігіттер істейді" деп, біздің артымыздан жүгіретін", - деп күлді әңгімесін бастаған қарт кенші.

Байызбаев еңбекке 17 жасында араласты. Зауытта бір-екі жыл істегеннен кейін, әскер қатарына шақырылған. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, тау-кен техникумына оқуға түседі.

"Жас кезімде жеті жарым жыл жер астында істедім. Сосын 1975 жылы Алматыға партия мектебіне оқуға жіберді. Оны тәмамдағаннан кейін, мені шахтаға жұмысқа жіберіңіздер деп сұрандым. Сөйтіп Костенко атындағы шахтаға түстім. Екі жылдай еңбек еттім. Кейін Майқұдықтағы шахтаға ауыстым. Ол жерде партия жұмысын ұйымдастырушы болып алты жыл жұмыс істедім", - дейді ол.

Тағы оқыңыз: Қарағандыда мүгедек шахтерлер жәрдемақыны көбейтуді талап етті

Кеңес одағы ыдырыған тұста Байызбаев Костенко атындағы шахтаға қайтып оралады. Бас инженердің орынбасары, шахта директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарады. Бас-аяғы жиырма жылдық ғұмырын осы кенішке арнайды. 2006 жылы 63 жасында зейнетке шығады. Бірақ, көп ұзамай, ардагерлер ақылдасып, "Арселор Миттал Теміртау" АҚ көмір департаментіне қарайтын ардагерлер кеңесін құрады. Төрағалығына да Николай Байызбаевты сайлайды.

"Назарбаев инвестор таптым деді"

КСРО күйрегеннен кейін, Қазақстанның көмір өнеркәсібі тоқырау кезеңін бастан өткерді. Кен өндіру көлемі азайды, жалақы уақытылы төленбеді.

"Өте қиын кездер болатын. Көмірді етке, тауыққа, жұмыртқаға айырбастап алып жүрдік. 1996 жылы Костенко шахтасына президент Нұрсұлтан Назарбаев келді. "Мен сендерге инвестор таптым, енді тұрмыс түзеледі, жалақыны дер кезінде алып тұрасыңдар" деді. Сөйтіп Миттал мырзаны таныстырды. Осыдан кейін жалақымыз көтерілді, әлеуметтік мәселелер шешіле бастады", - деп еске алды шахтер.

Қазір, айтуынша, қарағандылық шахтерлердің жағдайы жаман емес. Жұмысшылардың айлығы 200 мыңнан 450 мың теңгеге дейін. Шахталарда барлық дерлік процесс механикаландырылған.

Тағы оқыңыз: АрселорМиттал шахтерлердің жалақысы көтерілгенін мәлімдеді

"Қазіргі шахталарды бұрынғымен салыстыруға келмейді. Бұрын әкем шахтада істегенде, балтасын қолынан тастамайтын. Ол кезде монша да болған жоқ. Жер астынан шаң-шаң болып шығып, үйге келіп бір-ақ жуынады. Ал қазір барлық жағдай жасалған", - дейді Байызбаев.

Сондай-ақ, ардагер кенші шахтерлерге көрсетілетін әлеуметтік жеңілдіктерге де тоқталды.

"66 күндік еңбек демалысы беріледі. Шипажайға жеңілдікпен жолдама аласың. Біз сияқты көмір өнеркәсібінің ардагерлеріне 7 тонна көмірді тегін береді. Емханада тегін емделеміз. Мемлекеттен алатын зейнетақыдан бөлек, "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы ай сайын 8 мың теңгедей ақшалай көмек көрсетіп тұрады", - деді қарағандылық кенші.   

"Екі тонна көмірдің астында қала жаздадым"

Кеншілер жер астында қауіп-қатермен жиі бетпе-бет келеді. Байызбаев та өзі мен әріптестерінің өмірі үшін қорыққан сәтін еске алды.

"Қателеспесем, 71 жыл болатын. Ол кезде 22-ші шахтада жөндеу учаскесінің бастығы болып істеймін. Бір күні сағат онда шахтаның астына түстік. Сағат бір-бір жарымда жұрт жер үстіне шығады ғой. Мен де қасымдағыларға "тез-тез жөндеп, ертерек шығайық" дедім. Бұрын шахталарда бәліш сататын. Сонымен жүрек жалғап алайық деп, жер астында аздап тынығып отырдық. Сосын орнымнан тұра бергенім сол еді, артымнан екі тонна көмір құлады. Өз-өзінен. Егер үш-төрт секунд сол жерде отырып қалғанда, көмірдің астында қалар едім. Алла сақтап, әйтеуір, тірі шықтым", - дейді кенші.

Тағы оқыңыз: Нығматулин Қарағандыдағы шахтерлердің ереуіліне қатысты пікір білдірді

Өміріне қауіп төнсе де, Байызбаев басқа жұмысқа ауысуды ойламаған.

"Шахтаға әбден үйреніп алғанбыз. Қазір зейнетте болсам да, өзімнің сүйікті Костенко шахтасына барып, жігіттермен әңгімелесіп қайтамын. Олар менен "Николай Дуабайұлы, қорыққан жоқсыз ба?" деп сұрайды. Мен айтамын: Жоқ, мүлде қорқынышты емес. Шахтер мамандығы – батыл, қайсар азаматтардың мамандығы" деп жігерлендіремін", - дейді ардагер.

"50 жасты қайтару керек"

Николай Байызбаев – ереуілге шыққан кеншілердің бірі. 2008 жылы Абай шахтасында жойқын жарылыс болып, ондаған шахтер ажал құшты. Соның ішінде 23 кенші жер астында қалып, жанып кеткен еді. Ол уақытта Қарағанды облысын қазіргі мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин басқарған.

"Сол жылдары жалақымыз небәрі 50-60 мың теңге еді. Нығматулин Митталға жалақыны 1000 долларға дейін өсіру керек деді. Ол жігітке рақмет айтамыз. Кеншілердің айлығын 150 мың теңгеге дейін көтеріп берді", - деді ол.

Ал 2017 жылғы ереуілден кейін, Байызбаевтың сөзінше, қарағандылық шахтерлердің жалақысы 450 мың теңгеге дейін көтерілген.

Ереуілге шыққан кеншілердің жалақыдан бөлек талабы – зейнет жасын төмендету. Ардагер Байызбаев та 63 жас шахтерлер үшін тым көп дейді.

Тағы оқыңыз: Көгілдір отын Қарағанды өңірінен көмірді ығыстырып шығара ма?

"Бұрын КСРО заманында дәрігерлер 50 жастан кейін шахтада істеуге болмайды деген медициналық қорытынды беретін. Себебі, өмір бойы жер астында еңбектенген адам денсаулығынан айырылады, көз көрмейді, жүріп-тұруы қиындайды. Алпыстан асқан кісі ауыр жұмыс істеуге шамасы келмейді. Үкімет одан да елудегі кеншілерді зейнетке жіберіп, жастарды тартуы керек. Жастардың берері мол. Бұл үкіметке де тиімді болар еді. Сондықтан осы жолы елордада өткен салтанатты марапаттауда Қарағанды кеншілері мен ардагерлерінің атынан үкіметке зейнет жасын төмендету керек екенін айттым", - дейді ол.

"Кеңес одағында бір тонна көмір 2 рубль ғана тұратын"

Елу жылдық еңбек өтілі бар Байызбаев көмірдің қымбатшылығы мен тапшылығын былай түсіндірді.

"Бұрын Кеңес одағында бір тонна көмір 2 рубль ғана тұратын. Ал қазір Шұбаркөл көмірі 16 мың теңге. Не істейсіз енді, жұмыс қиындап барады. Бұрын 300-400 метр тереңдікке түссе, қазір 700-800 метр тереңдікте жұмыс істейді. Оған ауа жеткізу керек, көмірді шығару керек. Осыдан кейін, әрине, оның өзіндік құны өседі", - дейді ол.

Кілт сөздер:
жалақы, Нұрлан Нығматулин, шахтерлер, Қарағанды
Загрузка...

Басты тақырып