Қоғам

Балалар үйіндегі қанды қырғын: павлодарлық үш жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді

© Photo : pixabay / Markus Spiske балта
балта - Sputnik Қазақстан
Жазылу
17 жыл бұрын Павлодар қаласындағы балалар үйінде жантүршігерлік оқиға болды. Интернаттың үш шәкірті осы мекемеде алты бірдей адамды балталап өлтірді. Sputnik Қазақстан тергеу материалдарына сүйене отырып, бүкіл елдің жағасын ұстатқан қылмыстың қалай болғанын баяндайды

"Вера, мен сені жақсы көремін!"

2002 жылы 15 мамырда түнгі сағат 03:00-де интернат балалары ұйқыдан оянып, сұмдық жағдайды көрді. Алты адамды пышақтап кеткен, тағы біреуі есін жия алмай, мәйіттердің арасында жатыр. "Өлтіріп кетті, өлтіріп кетті!", - деп бәрі шулай бастайды. Оқиға орнына шаруашылық бөлімінің меңгерушісі бірінші болып барды. Интернаттың ауласына кірген бойда аяғы бет-жүзі танымастай болып кеткен екі әйелдің өлі денесіне шалынды. Олар – күзетші және медбике. Ал меңгерушінің орынбасары отыратын кабинеттен көкшіл сұр түтін шығып жатты. Шаруашылық маманы бірден полиция мен өрт сөндіру қызметіне хабар берді.

Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер кабинеттен шыққан тілсіз жауды бірден ауыздықтап, интернаттан 150-ден астам баланы қауіпсіз жерге көшірді. Ал полицейлер тексеріс кезінде бірінші және екінші қабаттың арасындағы баспалдақтан бір әйелдің мәйіті – тәрбиешінің көмекшісін тапты. Оның жанындағы қабырғада "Вера, мен сені жақсы көремін!" деген сөздер қанмен жазылып тұрды.

Екінші қабаттағы бөлмелерде тағы үш адамның өлі денесі табылды. Біреуі комендант әйел болса, екеуі – 15 жастағы интернаттың шәкірттері. Қан-жоса болған денелердің арасынан осы мекеменің тағы бір шәкірті – осы түні аман қалған жалғыз адам Андрей Зыков та болды. Ол көптеген пышақ жарақатынан қанға боялып, әрең дем алып жатқан. Баланы бірден облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізді.

Тінту кезінде меңгерушінің кабинетінен бір парақ қағазды табылды. Онда "Қаншықтар, бұны мен жазып отырмын. Мен Вераны жақсы көремін, мен сені сүйемін. Біз 7 адамды өлтірдік, үш адам болдық" деген жазу болды. Астында үш адамның қисық жазылған қолтаңбасы бар.

"Аядық, бірақ түрмеге отырғымыз келмеді..."

Тергеушілер қандықол қылмыскерледі бірден анықтады. Үшеуі де интернатта 1996 жылдан бері тұрған. Біреуі 15 жаста, қалған екеуі 16 және 17 жаста болған.

Павлодар облысы бойынша бірден шұғыл ұстау операциясы жарияланды. Оған ең мықты қылмыстық іздестіру мамандары тартылды. Сөйтіп, таңғы сағат 10:00-ге таман үшеуі де қолға түсті. Олар сорғы стансасында тығылып отырған. Бәрі тынышталғаннан кейін Ресейге қашып кетеміз деп ойлады. Ұстау кезінде екеуі қарсылық көрсетпеді, үшіншісі қаша жөнелді. Бірақ көпке ұзаған жоқ.

Дене бітімі арық, сырт көзге әлсіз көрінген үшеуі де кінәларын мойындады. Алайда адам өлтіруді ойламағанын, тәрбиешілерді тек қорқытпақ болғанын айтып ақталды. Себебі олар қыздар блогына өтуге және музыканы қатты қоюға рұқсат бермеген. Дегенмен, тергеу кезінде олардың осы қылмысқа тыңғылықты дайындалғаны анықталды. Бір ай бұрын балта мен екі үлкен асүй пышағын сатып алыпты.

Тергеушілер "Ересек кісілер мен балаларды өлтіргенде аямадыңдар ма?" деген сұрақ қояды. Осы кезде 15 жастағы Алексей Малинин:

"Аядық. Бірақ түрмеге отырғымыз келмеді...", - деп қысқа ғана қайырды.

Дәл осы Алексей меңгерушінің кабинетінде хат қалдыруды ойлап тапқан. Ал сыбайласы қолын кесіп алғаннан кейін орамалдың бір шетін қанға батырып, қабырғаға Вера есімді кластасына арнап жазу қалдырды.

Батылдық берген "чекушка" 

Тергеу материалдарына сәйкес, 14 мамырда шамамен 23:00-де теледидар көргеннен кейін Алексей Малинин 17 жастағы Азат Сәкеновпен бірге екінші қабаттағы дәретханаға барады. Олардың артынан 16 жастағы Қайрат Исенов және тағы екі жасөспірім кірген. Сол жерде барлығы бір "чекушка" арақты сіміріп алады. Ол аз болғаннан кейін Алексей біреуіне ақша беріп, дүкенге бір бөтелке шарап пен темекіге жібереді. Оны да өзара бөліп ішеді. Осыдан кейін Малинин Қайрат қана қалсын дейді, қалғаны тарап кетеді.

Екеуі жеке-дара қалғанда Алексей өзімен бірге тұратын Андрей Зыковты өлтіруге ұсыныс жасайды. "Неге?" деген сұраққа екеуіміз тіл табыса алмай жүрміз дейді. Қайрат бірден келісті. Содан соң екеуі Сәкеновты шақырады. Оған да осы ұсынысты айтады. Бас кезінде Азат тартыншақтайды, алайда Малининнің қатты-қатты айтқан сөзінен кейін келісімін берді. Алексей тығып қойған үш пышақ пен ет шабуға арналған балтаны алып шығады. Исеновке - балтаны, Сәкеновқа – екі үлкен асүй пышағын, ал өзі қолдан жасалған пышақты алды.

Тағы оқыңыз: Отыз жеті баланы зорлап, үшеуін өлтірген адам бостандық сұрап жатыр

Түнгі сағат 03:00-дің кезінде үшеуі Зыковты оятып, дәретханаға шақырған. Ол кіргеннен кейін Сәкенов іштен есікті ұстайды. Ал Малинин ештеңе айтпай, бірден Зыковтың басына пышақ салады. Андрей жерге құлап, айқайлай бастайды. Осы кезде Алексей үстінен төніп, қолындағы пышақты басына да, денесіне де сұққылайды. Басқалар да қарап тұрмай, балтамен де, пышақпен де ұрды. Андрей олардың тоқтамайтынын түсініп, өтірік өлген адам болып, қозғалмай жатады. Осы кезде үшеуі тоқтайды да, дәретханадан шығып кетеді.  

Куәгерлердің көзін құрту керек

Зыковтың дауысын төменде жүрген 37 жастағы тәрбиешінің көмекшісі Рима Қалиева және 53 жастағы комендант Людмила Дубаева естіп қалып, жоғарғы қабатқа көтеріледі. Дәл алдынан үш жасөспірім шығады да, екеуіне тап беріп, кезек-кезек балтамен ұрады, пышақ сұғады. Комендант екінші қабаттың баспалдағында құлайды. Ал Қалиева төмен қарай жүгіреді. Бірақ Малинин оған бірінші және екінші қабаттың ортасында жетіп алып, пышақты тоқтамай сұға бастайды.

Әйел пышақтың жүзін қолымен ұстап қалуға тырысты. Бірақ Сәкенов жетіп келді де, өзінің екі пышағымен бірнеше рет бастан ұрады. Соңғы соққының қатты болғаны сонша, пышақ әйелдің бас қаңқасында тұрып қалды. Қанішер басты аяқпен тіреп тұрып, қаруын алып шығуға тырысты. Осы кезде пышақтың басы сынып, бір бөлігі бас сүйектің ішінде қалады. Тәрбиешнің көмекшісі алған жарақатынан тіл тартпай кетті. Осы кезде Исенов баспалдақтың үстінде жатқан Дубаеваның басынан балтамен бір ұрады. Сөйтіп, үшеуі төменгі қабатқа түседі. Малинин коменданттың кабинетінен тағы бір пышақты тауып, сынып қалған қарудың орнына Сәкеновке береді.

45 рет пышақ салды

Бірнеше минуттан кейін Дубаева есін жияды. Зәре-құты қашқан ол жақын тұрған бөлмеге тығылады. Осы бөлмеде кәмелеттік жасқа толмаған Павел Качута мен Анатолий Кащук ұйықтап жатқан. Әйел бос тұрған төсекке отырып, қабырғаға сүйенеді. Сөйтіп, барынша көрінбеуге тырысады.

Дегенмен, қылмыскерлер екінші қабатқа қайта барған. Баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда тәлтіректеп тұрған Зыковты көреді. Оны тағы төмпештеп, денесіне 45 рет пышақ салады, бастан ұрады. Коменданттың жоғын көріп, оны іздей бастайды. Қанның ізімен бөлмеге барады да, Дубаеваны қайтадан соққының астына алады. Оның айқайлаған дауысынан екі жасөспірім оянып кетеді. Қандықол қылмыскерлер куәгерлер қалмасын деп оларды да өлтіріп кетеді.

Осыдан кейін үшеуі бірінші қабатқа түседі де, бәрін қирата бастайды. Дубаеваның сөмкесін ақтарып, 100 теңгені, тәрбие жұмысы жөніндегі бастықтың орынбасары отыратын кабинеттің сейфінен тағы 900 теңгені алып шығады да, өрт қойып кетеді.

Тағы оқыңыз: Әйелін қызғанған ер адам жантүршігерлік қылмысқа барды

Өкініштің не екенін түсінбеді

Үшеуі жатақханадан шығып, шығаберіске бет алғанда алдарынан 42 жастағы кезекші медбике Майя Шәкірова және 55 жастағы вахтер Анна Полешко шығады. Екеуі балалардың үстіндегі қанды және қолындағы пышақтарды көреді де, қылмыскерлерді ұстауға тырысады. Бірақ жас балалар оларға да шабуыл жасайды. Екі әйел қашады.

Әйелдер қақпаның жанындағы адамдар кіріп-шығатын бөлмеге жеткенде артынан үш қылмыскер баса көктеп кірген. Малинин іште тұрған сүйменді алып, сонымен бір әйелді ұрғылайды. Ал Исенов екіншісін балталап өлтірді.

2002 жылы 20 қыркүйекте осы іске қатысты сот отырысы өтті. Үшеуі де өз кінәларын мойындады. Бірақ жасаған қылмыстарына өкініш білдірген жоқ. Олар өкініштің не екенін де түсінбеді. Ата-анасы тастап кеткен олар өздерін ешкімге керексіз санап, бүкіл әлемге ызаланып жүрген.

Судья үшеуінің кәмелеттік жасқа толмағанын ескеріп, Алексей Малинин мен Қайрат Исеновты 12 жылға, ал Азат Сәкеновты 11 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот шешімін жариялағанда жасөспірімдер тыныш қана тұрды, эмоция білдірген де жоқ. 

P.S. Осы қылмыстың құрбандары мен зардап шеккендердің, сондай-ақ қылмыскерлердің аты-жөні өзгертілді.

Жаңалықтар
0