Қоғам

Ауыр дертпен күресіп жүрген астаналық жігіт: бақсы-балгерлерге бармаңдар

© Sputnik / Варвара Гертье / Медиабанкке өтуаурухана
аурухана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Дәрігер Ұлдана Ахмедина мен қант диабетіне шалдыққан астаналық тұрғын дертпен қалай күресу қажеттігін айтып берді

НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik, Дәурен Ерболат. Терапевт, медицина ғылымдарының кандидаты Ұлдана Ахмедина қант диабеті ауруының қалай пайда болатынын, бұл дерттің несімен қауіпті екенін, диетаны қалай ұстау қажеттігін және қандай тамақ жеуге болмайтынын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Қант диабеті қандай ауру

Медицина саласында еңбек етіп жүргеніне 20 жыл болған тәжірибелі дәрігер Ұлдана Ахмедина қант диабеті емделмейтін дерттің қатарына жататынын, бірақ пациент диета ұстаса, ауруының асқынбайтынын айтады.

"Қант диабеті – қарын безінде бөлінетін инсулин гармонының дұрыс бөлінбеуінен пайда болатын эндокринді ауру. Инсулин организмде глюкозаның қалыпты деңгейде болуын қамтамасыз етіп,  қант мөлшерін ретке келтіреді. Қант диабетінің екі түрі бар. Бірінші түрімен балалар мен жасөспірімдер ауырады. Олар "қант диабеті" диагнозы қойылған соң, бірден инсулин қабылдауы керек. Екінші түрімен егде жастағы артық салмағы бар адамдар аурады. Бұл дерт тұқым қуалайтынын ұмытпаған жөн", - дейді ол.

Қалай тамақтану қажет

Айтуынша, артық салмақтың және жүректің ишемиялық ауруы, күретамыр гипертониясының болуы қант диабетіне шалдығу қаупін арттырады. Сонымен қатар, белсенді өмір салтын ұстанбау, дұрыс тамақтанбау және стрестік жағдайда жүру бұл дерттің пайда болуына ықпал етеді. Осы орайда дәрігер қалай тамақтану қажеттігін айтты.

"Қант диабетінің екінші түріне шалдыққан адамдар өмір бойы қатаң диетаны сақтауы керек. Яғни, олар үнемі не жегенін бақылап отыруы шарт. Диета пациенттің тамақ рационындағы көмірсулардың құрамына байланысты тағайындалады. Әрбір өнімнің нақты гликемиялық индексі болады. Сондай-ақ белсенді өмір салтын ұстанғаны абзал", - дейді Ұлдана Ахмедина.

Не жеуге болмайды

Ол пациент энергетикалық құндылығы төмен тамақтарды жеп, спортпен шұғылдану қажет деген пікірде.

"Қант диабетіне шалдыққан пациент баклажан, қызанақ, кәді (кабачок), орамжапырақ, пияз көп жеу керек. Себебі, олардың гликемиялық индексі төмен. Ал қуырылған және қайнатылған картопты, асқабақты, қызылшаны, жүгеріні жеуге болмайды. Сүт өнімдеріне рұқсат етілген. Тек майлы ірімшік, майлы қаймақ, майлы айранды тұтынбаған жөн. Сүрленген, тұздалған, ұннан жасалған тамақтарды жемеу керек", - дейді дәрігер.

Оның айтуынша, рационда міндетті түрде ет пен балық  болуы керек. Алайда шошқа және қой етін жеуге болмайды. Себебі, олардың еті майлы.

Диета ұстамаса не болады

Ұлдана Ахмедина қант диабеті асқынуымен қауіпті екенін атап өтті. Егер адам диетаны ұстамаса, дерті асқынып, өліп кету қаупі бар.

"Диетаны ұзақ уақыт сақтамау, алкогольдік ішімдік ішу, тәтті тағамдарды жеу дертті асқындырады. Адам өміріне қауіп төнеді. Мысалы, диабетикалық ретинопатия кезінде адам соқыр болып қалуы мүмкін. Ал диабетикалық нефропатияда адамның бүйрегі дұрыс жұмыс істемей қалуы ықтимал. Мұндай жағдайда инсульт алу қаупі жоғары болады. Сондықтан бұл дерт – өте қауіпті ауру", - дейді ол.

Осы орайда дәрігер бұл дертке шалдыққан адам сары уайымға салынбауы қажеттігін жеткізді. Ұлдана Ахмединаның пікірінше, қант диабетіне шалдыққан адам дұрыс тамақтанса, белсенді өмір салтын ұстанса, дәрігердің бақылауында болса, өміріне қауіп төнбейді.

"15 жыл күресіп келемін"

Мұндай пікірді астанадағы беделді жеке меншік компаниялардың бірінде контент менеджері болып жұмыс істейтін Владимир Бороков (өтініші бойынша кейіпкердің аты-жөні өзгертілді) қолдайды. Ол бұл дертке 12 жасында шалдығыпты. Алғашында бұл жайсыз жаңалықты қалай қабылдарын білмей, қатты қиналғанын айтады.

"Қант диабетімен 15 жыл күресіп келемін. Қазір жасым 27-де. Бұл дерттің жазылмайтынын білетінмін. Бірақ басыңа іс түскен соң барлығына көнеді екенсің. Қазір қатаң диета ұстап, күніне 4 рет инсулин екпесін алып жүрмін.

Қатты уайымға салынудың қажеті жоқ. Енді жаңа ереже бойынша өмір сүру керек. Күн сайын неге жегеніңді қадағалап отыруың шарт. Көңіл-күйіңнің көтеріңкі болғанына да назар аударғаның жөн. Ол да маңызды", - дейді Бороков.

"Бақсы-балгерлерге бармаңдар"

Ол тәтті тағамдарды жемейтінін, алкогольдік ішімдіктерді ішпейтінін атап өтті. Елордалық тұрғын инсулинді тұрғылықты мекен-жайы бойынша ауруханадан алып тұратынын, қант құрамын үнемі бақылап отыратын жеткізді.

"Қанның мөлшерін үнемі бақылап отыру керек. Оны қалыпты нормада ұстаған абзал. Себебі, қант мөлшерінің төмендеуі немесе жоғары болуы денсаулығыңа кері ықпалын тигізеді. Егер қанттың мөлшері жоғары болса, жиі дәретханаға барасың, аяғың мен қолың ісіп кетуі мүмкін. Өзіңді жағымсыз сезініп, денең ауруы мүмкін. Ал қан мөлшері төмен болса, әлсіздік пайда болып, қолың дірілдеп, дұрыс жүре алмай қаласың. Тіпті, инсульт алып, өліп кетуің де мүмкін", - дейді пациент.

Тағы оқыңыз: Қазақстандық дәрігер адам үшін аса қауіпті сусынды атады

Осы орайда ол "жазылмайтын ауыр дертке шалдықтым" деп бақсы-балгерлерге барудың қажеті жоқ екенін айтты. Олар тек ауруды асқындырып жіберуі мүмкін.

"Бақсы-балгерлерге, сәуегейлерге, гомеопаттарға бармаңыздар. Денсаулығыңызға қауіп төнуі мүмкін. Салауатты өмір салтын ұстанып, қатаң диета ұстаныңыз. Дәрігердің бақылауында болыңыз", - дейді Владимир Бороков.

Жаңалықтар
0