Қоғам

Айдос Сарым елдегі саяси реформаларға қатысты ұсыныс жасады

© Sputnik / Тимур БатыршинАйдос Сарым
Айдос Сарым - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Саясаттанушы елімізде саяси реформаларды бос сөз деп санайтындардың қатары көбейіп келеді деп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек — Sputnik. Саясаттанушы Айдос Сарым саяси реформаларға қатысты ұсыныстарды жариялады. Ол ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде арнайы жұмыс тобын басқарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сарапшының айтуынша, бүгінде саяси реформаларды бос сөз деп санайтындардың қатары көбейіп келеді. Қоғам ішінде біреулер өзгерістерді қаласа, енді біреулер ештеңе өзгермесе екен деп отырады. Ондай адамдар биліктің ішінде де бар.

© Sputnik / Абзал КалиевАйдос Сарым саяси реформаларды қаламайтындар биліктің ішінде де бар екенін айтты
Айдос Сарым елдегі саяси реформаларға қатысты ұсыныс жасады - Sputnik Қазақстан
Айдос Сарым саяси реформаларды қаламайтындар биліктің ішінде де бар екенін айтты

"Қазақстанда саяси үдерістердің негізін қалайтын 5—6 заң бар. Егер осы бес заң ырыққа келсе, дұрыс сайлау өтеді, саяси плюрализм мен саяси белсенділікке жол ашылады деген пайым бар. Бұл заңдар — 1995 жылы қабылданған "Митингтер туралы" заң, 1995 жылдан бері мың рет жамалған "Сайлау туралы" заң, 1999 жылғы "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заң, 2002 жылғы "Саяси партиялар туралы" заң және "Парламент және депутаттар туралы" заң", — деді Сарым.

Саясаттанушының сөзіне қарағанда, бұл заңдарды заман талабына қарай жаңадан жазып шығу қажет. Атап айтқанда, митингілер туралы заңда алдымен азаматтардың өз ойын айту құқықтарын қамтамасыз ету керек. Бейбіт шерулердің сипатын заңмен белгілеп қойған жөн.

Тағы оқыңыз: "Билік тізгінін соларға тапсырамыз": Тоқаев маңызды мәселені көтерді

"Саяси партиялар туралы заңнамада азаматтардың саяси мүддесіне сай партияларға бірігіп, оларды құру мен мемлекеттік тіркеуге қатысты шектеулер азайтылуы тиіс. Ал бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнама БАҚ деген ұғымды дұрыс анықтау, жалған ақпарат ұғымын декриминализациялау, дау—дамайды сотқа жеткізбей шешу тұрғысында қабылдануы қажет деп санаймыз", — деп атап көрсетті Сарым.

Бұдан бөлек, жұмыс тобының мүшелері сайлау заңнамасы аясында парламент пен мәслихаттарды сайлаудың аралас жүйесіне көшіру, партиялардың мәжіліске өту межесін төмендету, халықтың аудан деңгейіне дейінгі әкімдерді тікелей сайлауы тиіс деп отыр.

"Парламент депутаттары туралы заңнама да қайта қаралуы керек деп отырмыз. Құжатта парламенттің атқарушы биліктен тәуелсіздігін қамтамасыз ету, парламенттік оппозицияның қызметіне мүмкіндік беру, парламент қызметінің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру мәселесі қамтылуы тиіс ", — дейді Сарым.

Оның айтуынша, елімізде саяси реформалар туралы айту оңай болса да, оны іске асыру — қиын мәселе.

"Шынын айту керек, елімізде саяси реформа деген тақырып айтуға оңай болғанымен іс жүзінде аса күрделі. Қазақтың қызыл тіліне салсақ, үш аптада саяси жұмақ орнатуға болатын сияқты. Бірақ ақиқатына келсек, жұмыс тобының ішінде де қызу талқылау болды",— деді саясаттанушы.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Кеңес биыл маусымда Тоқаевтың жарлығымен құрылған болатын.

Жаңалықтар
0