Қоғам

Жанар Хамитовамен дуэт орындаған әнші оның соңғы өтінішін айтты

Жазылу
Жанар Хамитованың соңғы бейнебаяны биыл маусымның 11-інде жарияланған еді. Марқұм әншімен дуэт айтқан жақын досы Рысбек Аташ Sputnik Қазақстанға сұқбат берді

НҰР-СҰЛТАН, 19 қыркүйек – Sputnik. Жанар Хамитовамен дуэт орындап, бейнебаян түсірген жақын досы Рысбек Аташ әншінің соңғы өтінішін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Маған Нұржанмен кездестірші деп айтқан. Бұрынғыдай бәріміз отырсақ, сөйлессек дейтін. Сосын "Астарлы ақиқатта" берген соңғы сұқбатта Нұржанға қатысты қатты айтып қойдым. Сол үшін кешірім сұрағым келеді, соған өкініп жүрмін деді. Кездестірші деп сұраған. Кездескенше осыны жеткізші деп айтып жүретін. Соған қарағанда, жанына рухани жағынан бір тыныштық керек болған ғой", - деп еске алады Аташ Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Ол араға он бір жыл салып сахнаға оралған Жанар Хамитовамен бірге түсірген бейнебаяндары туралы айтып өтті.

"Жанар Алматыға келгеннен кейін Сиви ханыммен жұмыс жасады. Екеуіміз "Айтқым келеді" деген әнге клип түсірдік. Халық тарапынан жақсы қолдау болғаннан кейін тағы бір "Күннен күнге" деген ән жазылды. Клип те түсірілді", - деді Рысбек.

Аташтың айтуынша, әншінің отбасылық проблемалары болды, балаларын қатты сағынып жүрген екен.

"Жанардың отбасылық проблемалары болды. Содан көңіл-күйі дұрыс болмады. Сосын Жанар әрбір нәрсені жүрегіне жақын қабылдайтын жандардың қатарынан ғой. Кейбір нәрселерді көтере алмай қалады. Енді ажырасу оңай емес. Бала-шағасы қасында емес. Анаға ауыр ғой. Сағынамын, көргім келеді деп айтып жүретін", - дейді ол.

Жанар Қарағандыға барғаннан кейін жаңа әндерді шығаруды жоспарлағанын айтқан. Арасында тойға шығып, ақша табатынын да жеткізген.

"Жанардың басты мақсаты адам болу еді. Ол өте ақылды жан болатын. Тұрмысқа шыққанға дейін араластық. Жақсы дос болдық. Өз қолында болса, жан-жаққа көмектескісі келіп тұратын. Дос-құрбыларына үнемі көмектесіп жүретін. Далада кетіп бара жатқан мысықтың өзін құшақтап алатын. Сондай бір шынайы адам болды. Біреуді ұнатпаса, тіке айтатын", - дейді Рысбек.

Сөз соңында әнші жақын досының қазасын қатты күйзеліспен қабылдағанын айтып, әлі күнге сене алмай жүргенін жеткізді.

"Енді, сене алмаймыз ғой, әлі күнге дейін сенбейміз. Анау "хайп" деген дүние бар ғой. Сол "хайп" болса екен деп тілейсің. Қимайсың...Рас болды дегенде қатты тиді", - дейді Аташ.

Жанар Хамитованың қазасы

"Арнау" дуэтінің экс-әншісі Жанар Хамитова 16 қыркүйек күні таңертең көз жұмғаны белгілі болды. 30 жастағы әншінің өліміне қатысты Қарағанды облысының полиция департаменті іс қозғалғанын хабарлады. Сейсенбі ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Жанардың өз-өзіне қол жұмсағанын мәлімдеді.

Тағы оқыңыз: Министр әнші Жанар Хамитованың қазасына қатысты түсініктеме берді

Хамитованың қазасы бойынша тиісті сараптамалар тағайындалған, қылмыстық кодекстің 105-бабы бірінші бөліміне (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сәйкес тергеу жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтар
0