10:31 13 Қараша 2019
Тікелей эфир
  • USD388.81
  • EUR429.01
  • RUB6.08
Мырзабек Смағұлов

Батагөйлер арасында чемпион атанған ақсақал бата берудегі басты кемшілікті атады

© Photo : Мырзабек Смағұловтың жеке архивінен
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
1515 0 0

Суырып салма қасиеті бар Мырзабек ата ақ батасын өзі ойдан шығарып, шын ниетімен жеткізуге тырысады

НҰР-СҰЛТАН, 20 қыркүйек – Sputnik, Дәурен Ерболат. Аудандық, облыстық деңгейде өтетін бата беру конкурстарының жеңімпазы - 79 жастағы Мырзабек Смағұлов бата беруді қалай үйренгенін, бүгінгі баталарға неге көңілі толмайтынын, сондай-ақ өміріндегі қиындықтарды қалай еңсеріп, дін жолына қалай келгенін Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

Сәждеге жығылтқан ауыр қайғы

Мырзабек Смағұлов – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылының тұрғыны. Ол 1939 жылы 5 желтоқсанда осы өңірде дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласыпты. Есепші, кассир, орман шаруашылығының қызметкері, краншы қызметтерін атқарған. Мырзабек ата 18 жасында үйленіп, қазірде жеті баласынан 15 немере мен 10 шөбере сүйіп отыр.

Сұқбат барысында 79 жастағы қария әйелі мен бір баласының қайтыс болғанын еске алып, ең жақын адамдарының өлімі қабырғасын қайыстырғанын айтты.

Тағы оқыңыз: Бата беру дәстүрі қайдан шықты және оны кімдер береді?

"Әйелім бұл өмірден өткен соң, үлкен ұлым мен келінімнің қолына келдім. Алайда үлкен ұлым да ауырып, қайтыс болды. Қазір алты балам қалды. Бұл маған ауыр тиді. Төсектен тұрмай жата беретін күйге түстім. Кейін бұл Алланың сынағы екенін түсініп, қайғыға қарсы тұру қажет деп шешім қабылдадым. Мешітке барып, алғаш рет сәждеге жығылдым. Құран оқуды, бата беруді үйрендім", - дейді ақсақал.

Жаттанды баталар

Мырзабек Смағұлов жаттанды батаны ұнатпайтынын, ақ тілегін шын ниетімен айтатынын жеткізді. Ақсақалдың қазір айтылып жүрген баталарға көңілі толмайды.

"Қариялардың бата бергенін көп көрдім. Басым бөлігі жаттанды, бірсарынды. Мысалы, "Әуелі құдай оңдасын, еш жамандық болмасын, не берсе де, бір Алла қайырымымен берсін" дейді. Олар мұны көп жерде айтады. Жалығып кетесің. Сондықтан осылай қайталай бермейін деген ниетпен батаны өзім құрастыратын болдым", - дейді Мырзабек ата.

Бата беруден чемпион Мырзабек ата
© Photo : Мырзабек Смағұловтың жеке архивінен
Бата беруден чемпион Мырзабек ата

Батаны өзі шығарады

79 жастағы қария батаны жаттамайды, өзі құрастырады. Мырзабек атаға суырып салма ақындық қасиет марқұм әкесі Мағауиядан дарыған екен.

"Әкем Мағауия сөз шебері еді. Батаны өзім шығарамын. Адамдар "кітаптардан қарап алсаңызшы" деп кеңес береді. Жасым келіп қалды, биыл 80-ге толамын. Сондықтан Азамат деген немеремнің дәптеріне ойыма бата келген кезде жазып отырамын. Арасында қайталаймын", - дейді ақсақал.

Бата беруден қалай чемпион атанды?

Әңгіме барысында Мырзабек ата бата беруден жарысқа қалай қатысқанын айтып берді.

"Есімде қалғанын айтайын. 2015 жылы Өскемен қаласында өткен Қазақстанның тұңғыш президенті күніне арналған "Атамның ақ батасы" атты конкурсының жүлдегері атандым. Облыстың 16 ауданы қатысты. Жюрилер "жазып алғаныңыз болса, оқи беріңіз" деді. Мен батамды жатқа айттым. Кейін 2016 жылы Күршім ауданында ұйымдастырылған батагөйлердің сайысында бас жүлдені жеңіп алдым", - дейді қария.

Мырзабек атаның жетістігі
© Photo : Мырзабек Смағұловтың жеке архивінен
Мырзабек атаның жетістігі

Батагөй ақсақалды бүкіл аудан халқы таниды

Мырзабек атаны Катонқарағай ауданында танымайтын адам кемде-кем. Ақсақалдың бата беріп жүргеніне он жыл болыпты.

"Бата беріп жүргеніме 10 жыл болды. Тойда жастарға шын ниетіммен ақ батамды беремін. Өлім-жітім де болады. Ол кезде "Бүгін бармыз, ертең жоқпыз, шырақпыз. Бәрімізде бұл өмірде қонақпыз. Алладан уақыт келген соң, қара жерде қалмақпыз. О дүниеге ерте ме, кеш пе - мәңгілікке бармақпыз" деп жиналғандарға жақсы сөзімді айтамын", - дейді ата.

Айта кетсек, 79 жастағы Мырзабек Смағұлов Катонқарағай ауданы Үлкен Нарын ауылында қайтыс болған ұлының шаңырағында, келінінің қолында тұрады. Бұл елді мекенде марқұм ұлының балалары да тұратын көрінеді.

"Үлкен ұлымның өмірден озғанына 12 жыл өтті. Гүлия келінімнің қолында 14 жыл тұрып жатырмын. Жақсы күтіп жүр. Оған айтар сыным жоқ. Келінім осында жұмыс істейді. Үлкен ұлымның балалары да осында тұрады. Өскеменде тұратын балаларым да бар. Ол жақта 2-3 күн ғана бола аламын. Кейін ауылға қайтқым келіп тұрады", - деп әңгімесін аяқтады ақсақал.

Тақырып бойынша

Жеті атаңды білесің бе?
Басты әкесі бар адамға беруге бола ма - этнограф қазақтың дәстүрін түсіндірді
"Ажырасу көбейіп кетті": этнограф қазақтың ежелгі салтын жаңғыртуды ұсынды
Ат тергеу дәстүрі туралы не білеміз?
Кілт сөздер:
бата
Загрузка...

Басты тақырып