07:21 10 Тамыз 2020
Тікелей эфир
  • USD418.17
  • EUR494.07
  • RUB5.68
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
Шетел қазақтары (36)
319730

Мұхаммед Әлім Түркияның қазағы болса да, жиырма екі жыл Голландияда тұрған. Қазақ мәдени орталығының басшысы ғана емес, бармағынан бал тамған аспаз

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik, Нұргүл Абай. Түркияның Конья қаласында бүгінде жиырма шақты қазақ отбасы түтін түтетіп отыр. Олар сонау зұлмат жылдарда тағдырдың жазуымен өзге елде табан тіреуге мәжбүр болған қандастар. Атажұрттан жырақта жүрсе де, тілі мен дінін, дәстүрі мен ғұрпын көздің қарашығындай сақтап келеді. Бұған біз ел астанасында қонақ болған Түркия қазағы Мұхаммед Әліммен сұқбаттасу барысында көз жеткіздік.

Түркияда туып, Голландияда аспаз болған қазақ

53 жастағы Мұхаммед Әлім – Коньядағы қазақ мәдени орталығының басшысы. Әкесі – қазақ, анасы – пәкістандық. Отбасында бес ағайынды екен. Тума-туыс, дос-жаранның бәрі Анадолы жерінде қоныс тепкен.

Мұхаммед Әлім Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басшылығымен кездесті
© Photo : Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметі
Мұхаммед Әлім Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басшылығымен кездесті

"Қазір біздің ауданда алты қазақ үйі бар. Тағы он бес шаңырақ – Коньяның тап орталығында. Қала маңында Алтай деген шағын ауыл да бар. Ол елді мекенде отыз шақты қазақ отбасы тұрады. Жылына ең кемі үш-төрт рет ауылға барып тұрамын. Ағайын-туыстың той-томалағынан қалмауға тырысамын. Екі арада алыс-беріс, барыс-келіс үзілмейді, әйтеуір", - дейді қандасымыз.

Бір қызығы, Мұхаммед Әлімнің 22 жыл ғұмыры Түркия топырағында емес, Голландияда өткен. Қандасымыз Нидерланды астанасы Амстердам қаласында аспаз болып істепті. Айтуынша, пиццадан бастап, барлық тағамды дәмді дайындайды.

"Амстердамда 55 қазақ үйі бар. Одан бөлек, алты жүз мыңдай түрік тұрады. Солардың алпыс пайызын танитын едім. Ол жерде де туыстық байланысымыз үзілген емес. Бір-бірімізбен жақсы араласып, қонаққа барып тұратын едік", - деп еске алды ол.

Десе де, Әлім Голландияда тұрақтап қалғысы келмеген. Оған басты себеп – жергілікті халықтың мұсылмандарға деген көзқарасы.

Тағы оқыңыз:"Боғауыздың өзін сағынамын": Бразилиядағы жалғыз қазақ балуанның ашық әңгімесі

"Ол жақта мұсылмандарды ұнатпайды, бәрі лаңкес деп ойлайды. Басыңа іс түссе, қол ұшын созатын жан баласы жоқ. Өз еліңде қиындыққа тап болсаң, көмек беретіндер адамдар бар ғой. Ал Амстердамда көшеде өліп жатсаң да, ешкім бұрылып қарамайды", - дейді Түркия қазағы.

Қандасымызға Нидерландының құбылмалы ауа райы да жақпаған тәрізді.

"Мен өзім 45 жаста шаңырақ көтерген адаммын. Жарым Қытай қазағы болатын. Екеуіміз Германияда танысқан едік. Алайда дәм-тұзымыз жараспай, екі жылдан кейін ажырасып кеттік. Түркияға оралуға жеке басымдағы проблема да себеп болды", - дейді ол.

"Қазіргі жастар қазақ тілін білмейді"

Әлімнің айтуынша, Коньяда қазақ мектептері атымен жоқ.

"Қазақ балалары қазақша сөйлемейді. Отыздан асқандар ғана біледі. Менің шешем пәкістандық болса да, өз тілін ұмытып, қазақ тілінде ғана сөйледі. Бала кезде үнемі көрші-қолаңға көмектесуге жіберетін. Сол кезде ақсақалдардың әңгімесін көп тыңдайтын едік. Содан бері өз тілімізді ұмытқан емеспіз", - дейді қандасымыз.

Десе де, ол болашақта Түркиядағы қазақтар ана тілін мүлдем ұмытады деген пайыммен келіспейді.

"Бала кезімізде бізге ата-анамыз "сендер өскенде, қазақ тілін ұмытасыңдар, қазақтың еті мен бауырсағы, көжесі жайына қалады. Түрік болып кетесіңдер" дейтін еді. Құдайға мың да бір шүкір, бірде-бірі ұмыт қалған жоқ. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр", - дейді Әлім.

Осы орайда ол Қазақстанның латын әліпбиіне көшуіне қатысты пікір білдірді.

"Маған кирилл қарпінде жазылған кітаптарды оқу өте қиын. Көп оқысам, басым ауырады, түсінбей қиналамын. Сондықтан қазақ елінің латын әліпбиіне көшкенін толығымен құптаймын. Шеттегі қандастар үшін жақсы болар еді", - дейді орталық басшысы.

Тағы оқыңыз: Латын әліпбиіне көшу тағы 10 жылға созыла ма - министрліктің жауабы

Айтуынша, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтау мақсатында Коньяда түрлі шаралар атқарылады. Жастар домбыра сабағына барады, үш айда бір қазақ тілінде журнал жарық көреді. Қазақтың әр ұлттық мейрамы той-думанға ұласып, ән мен жырдан шашу шашылады. Қазақтың мол дастарқаны жайылып, ұлттық тағамдар әзірленеді.

Аралас неке һәм 500 кісілік той

Жырақтағы қандасымызды қазақтар арасында аралас некенің таралуы да алаңдатады екен. Айтуынша, осыдан он бес-жиырма жыл бұрын қазақ қыздары түрікке тұрмысқа шығу үшін үйінен қашып кететін. Ал қазір бәрі ашық.

"Түрік құдалар келіп, қызымызға үйленуге рұқсат сұрап жатады. "Кетемін" деген қызды байлап қоя алмайсың ғой. Бата беріп, шығарып саласың", - дейді түркиялық қазақ.

Неке жайын қозғаған ол қазақтардың тойын да айналып өтпеді.

"Сіздер білесіздер ғой, түріктер тойға аз адам шақырады. Өйткені біз секілді құда-құдағи, ағайын-жекжаттарымен жақын араласпайды. Ал қазақтың тойына, тым құрығанда, 300-400 кісі келеді. Соңғы рет жездемнің тойында болдым. 500 кісі шақырып еді, сенесіз бе, 550 адам жиналды. Қалалардан ғана емес, Франция, Голландия, Германиядан ат терлетіп келген меймандар бар", - дейді Әлім.

Оның сөзіне сенсек, Анадолы қазақтары той-томалақты жаздың шілде мен тамыз айларында көп жасайды. Ондағы мақсат – алыс-жақын елдердегі туыстарының демалыста басын қосу.

Казахский дастархан
© Sputnik / Владислав Воднев
Қазақтың дастарқаны

"Сосын бізде қонақтарға палау пісіреді. Ал мына жақтың дастарқаны мол екен, бір табақ ет асылады. Әйтсе де, өз басым мұны ысырап деп ойлаймын. Бостан-босқа қалып қояды", - дейді қандасымыз.

Әлім Түркияда қазы-қартаны сағынатынын жасырмады. Ара-тұра жылқы бағатын досынан сатып алып жеп тұрады екен. Ал қымызды су араластырып сататындықтан, ішпеймін дейді.

"Назарбаев шаршаған шығар деп ойладым"

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кеткені Түркия қазақтары үшін де күтпеген жаңалық болған.

"Біздің жақта Нұрсұлтан Назарбаевты тұтас түркі әлемінің ақсақалы деп құрметтейді. Ол кісінің кеткенін естігенде, талай жыл ел басқарып шаршаған шығар деп ойладым. Миы ашып кеткен шығар. Біреулер "ол кетсе де, орнына өз адамын қойып кетті" деп те жатыр", - деген ол Қазақстанның екінші басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты танымайтынын жеткізді.

"Өзгелер бізден үйренсін"

Мұхаммед Әлім қазақ болып туғанына мақтанады. Оның пікірінше, қазақтар ешбір ұлттан кем емес, керісінше, өзгелердің бізден үйренері мол.

"Қазақ кеңпейілді, жаны жомарт, қолы ашық халық. Қонақ келсе, жылы қабақпен қарсы алып, дастарқан жаямыз. Барымызды алдына қоямыз. Түріктерде мұндай жоқ, мәселен. Қазақтың осы қасиеті үшін қазақ болып туғанымды мақтан етемін", - деп ағынан жарылды шеттегі қандас.

Тағы оқыңыз: Лондон қазағы шетелдегі қандастарымыз туралы ащы шындықты айтты

Қазақстанға осымен алтыншы рет аяқ басқан түркиялық қазақ атажұртына оралуға асықпайды. Оған себеп те жоқ емес.

"Алғаш рет Қазақстанға келгенімде, менен "ұнады ма?" деп сұрады. Сол сәтте "жоқ, бұл елге мен ғашық болдым" деп жауап қаттым. Қазақстан атамекеніміз ғой, оның орны әрдайым бөлек. Бірақ, дәл қазір біржолата көшіп келу ойымда жоқ. Өйткені тәуелсіздік жылдарында заңы дұрысталмай-ақ қойды. Құжат дайын болмайды, көп қиыншылық көресің", - дейді ол.

Қазақтар үшін тегін қонақ үй

Қазір Түркияның Конья қаласында қазақ мәдени орталығының жаңа ғимараты бой көтеріп жатыр. Үш қабатты кешеннің іргетасы баяғыда-ақ қаланған, енді құрылысты жалғастыруға біраз қаржы керек. Мұхаммед Әлімнің осы жолы Қазақстанға ат басын бұруы да осыдан екен.

"Ғимарат жартылай дайын. Бірінші қабаты түрлі жиынға арналған мәжіліс залы. Екінші қабатта – алыс-жақын шет елдерден келген қазақтарға арналған жатақхана. Мәселен, Қазақстаннан қазақ жастарының ата-анасы келсе, қонақ үйге күніне 20 доллар төлеп тұрады. Көбі кемінде он күн қалады. Сонда есептей беріңіз, қанша ақша жұмсайтынын. Ал мына кешенде бәрі тегін", - дейді қандасымыз.

Тағы оқыңыз: Қытай елшісі Шыңжаң "лагерьлеріндегі" шынайы ахуалды айтып берді

Айтуынша, ғимараттың үшінші қабатында мешіт орналасады. Адам аз болған күндері балаларға діни сауатын ашуға мүмкіндік беретін сабақтар да өткізіледі. Бұдан бөлек, қазақтың мәдениетін танытатын музей ашу жоспарланып отыр.

"Мақсатымыз ақша табу емес, қазақ ұлтына көмек беру. Басқа ойымыз жоқ. Енді бізге қаржылай көмек керек болып тұр. Осы Қарағандыда Ерлан Әшім деген досым тұрады, өзі кәсіпкер. Сол шақырды. Бес жыл бұрын Түркияда танысқан едік. Қолдан келген көмегін аямауға уәде етті", - дейді Әлім.

Түркиялық қазақ Нұр-Сұлтандағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен Отандастар қорында да қонақта болды. Шеттегі қандастарға арналған үш қабатты кешеннің мәселесі ол жерде де көтерілмек.

Тақырып:
Шетел қазақтары (36)

Тақырып бойынша

Тоқаев қазақ тіліне қатысты мәлімдеме жасады
"Мен тек әншімін": Димаш Қытайдағы қандастар туралы айтты
Қытайлық миллиардер қазақтар туралы не ойлайтынын айтты - видео
Таразда дауға қалған қандастар елден қуылмайтын болды
Мәскеудегі қазақ мәдениеті қоғамының басшысы он жылға сотталуы мүмкін
Моңғолиядағы қазақтар да алаңдап отыр – қандас ақын
Кілт сөздер:
қандастар, Түркия
Загрузка...

Басты тақырып