Қоғам

"Қол қусырып отырмыз": депутат жұртты алаңдатқан мәселені көтерді

© Sputnik / Ксения ВоронинаДепутат мажилиса Омархан Оксикбаев
Депутат мажилиса Омархан Оксикбаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Омархан Өксікбаев елге контрафактілік тауарлардың көптеп әкелініп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ол үкімет шекарадан тауар өткізу саласындағы қайшылықтарды түбегейлі жоюы тиіс деп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев Қазақстанға басқа елдерден жеткізілетін контрафактілік тауарлар мәселесін көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Өксікбаев еліміздің кеден саласында осы уақытқа дейін тиісті шешімін таппаған өзекті мәселелерге тоқталды.

"Қазақстан басқа елдерден әкелінетін контрафактілік тауарлардың салдарынан үлкен шығынға ұшырауда. Әкелінетін тауар туралы қазақстандық және шетелдік ақпарат арасында алшақтық бар. Бүгінде біздің нарығымызда растаушы құжаттар жоқ. Шығу тегі түсініксіз, қолдан жасалған тауарлар өте көп екені құпия емес", - деді депутат мәжілістің жалпы отырысында.

Айтуынша, бұл тоқыма өнімдері, косметика, тұрмыстық техника, байланыс құралдары, жеміс-жидек пен көкөніс, және тағы басқа.

"Олардың көбі адамдардың денсаулығына зиянды екені анықталып жатыр. Бұл тауарларды кедендік рәсімдеу саласында проблемалар барын көрсетеді. Өкінішке қарай, қолданыстағы тәртіп импорттаушыларға сертификаттау рәсімін өтпеуге мүмкіндік береді. Ал бұл елге сапасыз, сұр тауарлардың келуін арттыруда. Мұндай жағдай неліктен осы күнге дейін орын алып отыр деген сұрақ туындайды. Бұл, бірінші кезекте, еліміздің экономикалық қауіпсіздігі мәселесі. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджетке қомақты қаражат толығымен түспей жүргенін де үнемі айтамыз", - дейді Өксікбаев.

Мәжілісмен 2015 жылы үкіметтің алдына Ұлт жоспары аясында қойылған міндеттемелер іске аспай жатқанын алға тартты. Атап айтсақ, экпорттаушылар мен импорттаушылар үшін кедендік рәсімдерін өту кезінде "бір терезе" қағидатын енгізу, электронды декларациялау жүйесін дамыту, кеден және салық жүйелерін интеграциялау, Еуразиялық трансконтиненталдық дәліз құру және тағы басқа.

Тағы оқыңыз: Қатерлі ісік пайда болады: дәрігерлер қандай тағамнан бас тарту керектігін айтты

"Осы міндеттердің барлығы еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға жұмыс істеуге тиіс еді. Алайда жағдай олай болмай отыр. Электронды декларациялау жүйесі енгізілсе де, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардан көптеген шағым түседі. Ал біз болсақ, барлық есік-тереземізді ашып қойып, қол қусырып отырмыз. Сондықтан ел үкіметі өз шекарамыздан тауар өткізу саласындағы қайшылықтарды түбегейлі жою шараларын қабылдайды деп үміттенеміз", - деді депутат.

Айта кетсек, төменгі палата депутаттары 1994 жылғы 15 сәуірдегі кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісмге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Құжат ТМД-ға қатысушы елдердің үкіметтері арасында жасалған.

Заң жобасы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің кеден органдары арасында өз бастамасы немесе сұрау салу бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Хаттама ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасында ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге, жәрдемдесуге және өзара көмек көрсетуге бағытталған.

Жаңалықтар
0