16:57 22 Қазан 2019
Тікелей эфир
  • USD389.86
  • EUR435.32
  • RUB6.12
Нұрлан Ныгматулин

"Бәрі түсінікті": министрден көңілі қалған Нығматулин қолын бір-ақ сілтеді

© Sputnik / Болат Шайхинов
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
393810

Мәжілісте "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер енгізу туралы" заң жобасы қаралды

НҰР-СҰЛТАН, 9 қазан – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін мәжілісте "2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға өзгерістер енгізу туралы" заң жобасы қаралды. Сұрақ-жауап барысында депутат Сергей Симонов сумен қамту жүйелерін салу және қалпына келтіру бағдарламасы бойынша қаржыландырудың едәуір қысқартылғанына алаңдады. Айтуынша, он нысанның құрылысын аяқтауға бағытталған қаражат азайып қалған.

"Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы Пресновка топтық су құбыры құрылысының бірінші кезегінде 2,60 миллиард теңге қарастырылған. Ал қазір бұл сома 81 миллион теңгеге дейін қысқарды. Сонда үкіметтің 2019 жылғы республикалық бюджетті орындау туралы есебі 99,99 процентке шығу үшін осындай түзетулер енгізілетіні көрініп қалды. Ақшаны игеру жағын әдемілеп көрсеткенмен, нәтиже жоқ. Осылайша біз Елбасының 2020 жылға қарай елді мекендерді ауыз сумен қамту туралы тапсырмасын орындамай отырмыз", - деді Симонов жалпы отырыста.

Тағы оқыңыз: "Кейін көреміз оны": Нығматулин қарсы дауыс берген депутат жайлы пікір білдірді

Депутат Мағзұм Мырзағалиевтен бөлінген қаражаттың 50 процентінің неге игерілмей қалғанын сұрады. Экология министрі мәжілісменнің сөзімен келісіп, екі-үш себепті атады.

"Біріншісі, жобалық-сметалық құжаттаманың сапасыз дайындалуы. Екіншісі, сот шешімдері, мердігер дұрыс таңдалмаған", - деді ол.

Мырзағалиев Солтүстік Қазақстандағы су құбыры екі кезектен тұратынын атап өтті. Айтуынша, екінші кезек бойынша ешқандай проблема байқалмайды. Құрылыс жүріп жатыр, келесі жылдың басында аяқталады.

"Бірінші кезек бойынша мәселе жоқ емес. Қазір біз басқа мердігер таптық, ол жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл мәселе біздің бақылауымызда болады", - деп сендірді министр.

Алайда Мырғазалиевтің жауабына мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің көңілі толмады.

"Мағзұм Маратұлы, сіздің емес, біздің бақылауымызда болады. Ал сіздер оны іске асыруыңыз керек. Депутаттың айтқанын неге қайталап отырсыз? Себептерін атаңыз", - деп ұрысты Нығматулин.

Мырзағалиев жобаны іске асыру процесінде техникалық қателік байқалып отырғанын алға тартты. Айтуынша, құрылыс алаңына барған кезде, жобалық-сметалық құжаттаманың техникалық міндеттерге сәйкес келмейтіні анықталады. Ал құжаттаманы мердігер ұйым әзірлейді екен.

"Енді мердігер таңдауда бақылауды күшейтеміз", - деді министр.

"Жаңа ғана депутат қаржының 50 проценті игерілмегенін айтты. Қалайша сонда? Бұл сіздің жұмысты қалай ұйымдастыруды мүлде түсінбейтініңізді көрсетеді. Берген жауабыңыздан осындай ой түюге болады. Мағзұм Маратұлы, бұл іспен тиіп-қашып емес, кәсіби түрде айналысу керек. Бұл өте маңызды жұмыс  жобалық-сметалық құжаттамадан басталады. Кәсібилікті, міне, осы тұста көрсеткен жөн. Кәсіби деңгейіңіздің қандай екенін көрсетіп қалдыңыз, министр мырза", - деген Нығматулин "бұл жерде бәрі түсінікті" деп, қолын бір-ақ сілтеді.

Тақырып бойынша

Бозымбаев жаңа министрлікке басшы болған орынбасары туралы ойын айтты
Нығматулин жұмысына жаңадан кіріскен Нұрлан Әлімжановқа ескерту жасады
Қазақстанның бас экологы Арыстағы жарылыстан кейін мәлімдеме жасады 
"Бос сөзді қойыңдар" Нығматулин пікірін аяқасты өзгерткен вице-министрге шүйлікті
"Мұның өзі жақсы" Нығматулин базар аралайтын министрді мақтады
Кілт сөздер:
Мәжіліс, Нұрлан Нығматулин, министр
Загрузка...

Басты тақырып