13:02 13 Қараша 2019
Тікелей эфир
  • USD388.81
  • EUR429.01
  • RUB6.08
дастарқан

"Тойдың тең жартысы керек емес": Мамандар қазақша "понтты" сынап тастады

© Photo: СС0 / Anastasia Zhenina
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
275010

Біз пікірін сұраған адамдардың барлығы тойдағы дарақылық пен ысырапшылдықты, мақтаншақтық пен жарысты тоқтататын уақыт келгенін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 13 қазан – Sputnik, Дәурен Ерболат. Соңғы жылдары қазақтың тойы тәрбиелік мәнінен айырылып, бақталастықтың, ысырапшылдық пен астамшылықтың алаңына айналды деген пікірлер көп айтылып жүр. Тіпті, кейбірі шамасы жетсін-жетпесін, кредитке белшеден батып, дүбірлетіп той жасағанын көріп жүрміз. Осы орайда қазақтың кейбір тойларын шектеу қажет пе деген сұрақ туындайды. Sputnik Қазақстан тілшісі бұл сауалға жауап іздеп көрді.

Елордалық асаба Нәзір Сүлейменұлының той жүргізіп жүргеніне 13 жыл болыпты. Ол "Шаншар" әзіл-сықақ театрының әртісі Жүсіп Ақшораевтың тойдың тең жартысын алып тастау керек деген пікірді қолдайды.

"Жүсіп Ақшораевтың пікіріне қосыламын. Ол қазақтың көкейінде жүрген, көп адам білсе де, аузынан шығарып, тіс жарып айтпай жүрген мәселе еді. Сондықтан дарақылықтан, ысырапшылдықтан арылатын уақыт келген сияқты. Себебі, басқа халықтардан үнемшілдікті, уақытты тиімді пайдалануы үйрену керек", - дейді ол.

"Сылтау тауып, той жасап жүрміз"

Асабаның пікірінше, сүндет той, келін түсіру, үйлену тойы – маңызды тойлардың бірі. Оны дүркіретіп өткізуге болады. Себебі, бұл тойды жасау – ата-ананың парызы.  Ал қалған тойларды шағын түрде, жақын туған-туыстардың арасында ұйымдастыруға болады.

"Мысалы, тұсау кесу, үкі тағу, сырға салу. Тіпті, құдалықтың өзі бір той болып кетті. Қазір мүшел жасты тойлайтын болдық. Қазақта мүшел жасты ауыр жас дейді. Менің білуімше, бұрындары адам өзінің мүшел жаста екенін айтпаған. Әйтеуір сылтау тауып, той жасап жатқан сияқтымыз. Сондықтан біреудің сөзіне, сынына қаламыз ғой деген ойдан аулақ болу керек. Адам көрпесіне қарай көсілу қажет", - дейді Нәзір Сүлейменұлы.

Қазақ мүшел жасты тойламаған

Этнограф Меруерт Егізбаева дәстүрлі қазақ қоғамында бесік той, сүндет тойды кішігірім түрде отбасының ортасында атап өткенін айтады. Оның пікірінше, бүгінде адамдар дарақылыққа, ысырапшылдыққа барып жатыр.

"Бұл тойларды тойлама деп айтуға болмайды. Бірақ отбасында қарапайым түрде атап өтуге болады. Сондай-ақ қазақ мүшел жасқа толғанда дүркіретіп той жасамаған. Халқымыз мүшел жасқа ерекше көңіл бөлген. Оны қауіпті кезең деп санаған. Сондықтан адам бұл жасқа толғанда жақсы бір затын, әдемі киімін, асыл затын біреуге берген", - дейді ол.

Қыз ұзатудың сипаты өзгерді

Этнограф келін түсіргенде, жастар отау құрғанда олардың бақыты үшін той жасау орынды екенін айтады. Себебі, бұл олардың жаңа өмірге қадам басқанын, есейгендерін көрсетеді. Ғалым бүгінде қыз ұзату тойының сипаты өзгеріп бара жатқанын жеткізді.

"Бұрынғы кездері қызды ұзатқанда қимай сыңсу айтылатын. Үйдегі жақындары баласын қимай әрең жіберетін. Ал бүгінде қызды ұзатқан кезде дүркіретіп той жасап, оны қуанышты жағдай сияқты атап өтіп жүрміз. Бұл – менің жеке пікірім. Келін түсіргенде, жастар үйленгенде той жасау орынды деп санаймын", - дейді Меруерт Егізбаева.

Бұл пікірді қазақтың дәстүрін жаңа қырынан танытып, халқымыздың қолөнерін қайта жандандырып жүрген азаматтың бірі – этнодизайнер Ырза Тұрсынзада да қолдайды. Оның айтуынша, тұсау кесер, бесік той, шілдехана тойы, қыз ұзату жақын туыстардың арасында жасалуы керек.

"Баяғы заманда қызды ұзатқан кезде сыңсу айтылатын. Себебі, қыз бөтен жұртқа бара жатыр ғой. Ал қазір мың адамды шақырып, той өткізіп, қуанатын болдық. Осыған таңғаламын. Менің ойымша, қыз ұзатуды жақындардың арасында шағын ғып өткізуге болады", - дейді ол.

"Тоқшылыққа мас болып жүрміз"

Сонымен қатар этнодизайнер кейбір тойда ысырапшылдыққа, дарақылыққа жол берілетінін ашық айтты. Оның пікірінше, әр нәрсенің сұрауы бар, тоқшылыққа мас болмау керек.

"Өз басым той-томалақта асыра сілтеп, шектен шыққанды ұнатпаймын. Қаншама тамақ ысырап болып қалады. Маған атам мен әжем "Бұрындары қариялар ел берекелі, тоқшылық болған кезде Алладан "осы берген берекеңнің артындағы жоқшылығыңды аяп берші" деп тілейтінін айтып, тәрбиелі әңгіме айтқан еді. Қазір біз тоқшылыққа мас болып жүрміз. Сондықтан әр нәрсенің сұрауы барын халық ұмытпауы керек", - дейді Ырза Тұрсынзада.

Жоқтарға көмектес

Ол жағдайы келсе тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созу артық етпейтінін жеткізді. Осы орайда қолөнер шебері шаңырақ көтерген кейбір жас отбасылардың тойдың ақшасын жетім-жесірге, қиналып жүрген адамдарға беріп жүргенін мысалға келтірді.

"Қазіргі заман баршылық пен тоқшылықтың заманы шығар. Бірақ бар екен деп шашқаннан гөрі барыңды жоқтармен бөліскен дұрыс сияқты. Қиналып жүрген адам көп қой. Бір нанға зар болып отырған адамдар бар. Кейбір шаңырақ көтерген отбасылар той жасамай, оның ақшасын жетім-жесірге, жағдайы жоқтарға беріп жүр. Бұл – сауапты іс", - дейді ол.

Сонымен қатар этнодизайнер ауылдарда тойхана емес, кітапхана көптеп ашылса деген тілегін білдірді. Бұл адамдардың білім алуына, ысырапшылдыққа, мақтаншақтыққа жол бермеуіне жол ашар еді дейді ол.

"Байлығын көрсету үшін жасайды"

Жазушы-сатирик, журналист Көпен Әмірбек бүгінде адамдар бір-бірінен асып түсу үшін той жасап жүр деген пікірде. Оның айтуынша, ата-бабаларымыз шектен шығып, той жасамаған.

"Бүгінде жағдайы бар азаматтар, аспаннан ақша шашып, өзінің байлығын көрсету үшін дүркіретіп той жасап жүрген жоқ па деген ой туындайды. Бәйге өткізеді, көкпар тартқызады. Ондағы ой қазақтың дәстүрін дамытайын деп емес, өзінің бай екенін көрсету сияқты сезіледі маған. Байлығы шексіз болса, жетім-жесірге, жағдайы жоқ жандарға берсе, жақсы болар еді. Оны қазақ сауапты тірлік деп атайды", - дейді сатирик.

"Понтты" тоқтататын кез келді

Ал танымал журналист Асхат Садырбай тойды әрбір адам шамасына қарай жасау керек деген пікірді ұстанады. Басты принцип – көрпеге қарай көсілу.

"Дарақылық пен ысырапшылдықты, мақтаншақтық пен жарысты, "понтты" тоқтататын уақыт келді. Әркім шамасы келгенше жасау керек. Қаншама адам "жұрттан қалмайын, сөз болады" деп қарызға батып той істейді. Кредит алып шығындалады. Шамасы келсе жасасын. Бірақ оны жұрттың бәріне көрсетіп, мақтанып, жар салудың қажеті жоқ", - дейді ол.

Айтуынша, шамасы келмегендер жастарды қинамай, тойды шағын қылып өткізуі керек. Нәтижесінде аз да болса ақша үнемделеді, баспана алуға мүмкіндік болады.

"Той деген бір күндік. Ойын-сауыққа шашылу оңай. Үй болу, үй алу қиын. Сондықтан да біз негізгі құндылықты ұмытып кетеміз де, бір күндік "понт" үшін ақшамызды шашамыз. Үлкендер жастарға осы негізгі құндылықты түсіндіруі керек. Мұнда ең бастысы ысырапқа жол берілмеуі шарт. Ол экономикалық тұрғыдан да, шариғат, қазақы дәстүр бойынша алып қарайтын болсақ, жағымсыз әрекет", - деп түйіндеді сөзін Асхат Садырбай.

Тақырып бойынша

Күйеу жігіттің бұрынғы қызы тойдың тас-талқанын шығарды – видео
"Той кредитіне" тыйым салына ма – Досаев несие беруді шектеу мәселесін көтерді
"Не деген көргенсіздік!": Белгілі этнодизайнер бүгінгі тойдың кемшілігін атады
Төрт жас бақытты болсын: Жаңаөзенде ерекше той өтті – фото
Жітіқарада той қарсаңында оқыс оқиға болды: күйеу жігіт көз жұмды   
Той үстінде күйеу жігіт қалыңдығын батпаққа батырып, қасына жатты – видео
Той қарсаңында қалыңдығынан айырылған жігіт жерлеу рәсімінде жұрттың жағасын ұстатты
Кілт сөздер:
той
Загрузка...

Басты тақырып