Қоғам

Жаңа ту бекітілді деген ақпарат жалған – Қазақстанның қорғаныс министрлігі

© Sputnik / Болат ШайхиновЗдание министерства обороны РК
Здание министерства обороны РК - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Әлеуметтік желіде "Қазақстанның жаңа әскери туы" бекітілгені жайлы ақпарат тарап, оны желі қолданушылары қызу талқылады

НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. Әлеуметтік желілерде Қазақстанның жаңа әскери туы бекітілгені туралы ақпарат тарап кетті. Алайда қорғаныс министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджерінде "Қазақстанның жаңа әскери туы" бекітілгені туралы ақпар қызу талқыланып жатқанын хабарлады.

"Осыған байланысты менің ұялы телефоныма ашынған азаматтардан хабарламалар түсе бастады. Бұл жаңалықтың жалған екенін жария еткім келеді. Аңғал болмайық, ағайын! Көрінген құйтырқы әзіл мен фейкке сүйеніп, қазіргі аумалы-төкпелі заманда алтыннан да қымбат тыныштығымызды тоқырата бермегеніміз жөн", - деп жазды депутат Facebook желісіндегі жеке парақшасында.

Депутаттың айтуынша, бұл жалған ақпаратты сатиралық "Панорама" басылымы таратыпты. Депутат бұл басылым әзіл-қалжыңдарды ғана жазатынын атап өтті.

Тағы оқыңыз: Қазақстанның елтаңбасы өзгерді

"Біріншіден, "Президент құрлық әскерлері, әуе күштері және әскери теңіз флоты үшін бірыңғай әскери тудың дизайнын бекітті және ол елдің барлық әскери бөлімдері мен оқу орындарында пайда болды" деген ақпараттың бастапқы қайнар-көзі "Панорама" басылымы. Ал ол өзін "сатиралық басылым" деп атайды, яғни жазатындары ақиқат ауылынан алыс қонған әзіл-қалжыңдар ғана", - дейді Бақытбек Смағұл.  

Екіншіден, оның мәліметінше, әскери бөлімдер мен әскери оқу орындарында жаңа байрақ пайда болған жоқ, бәрінде қолданыстағы ту тұр.

"Үшіншіден, қорғаныс министрлігінің басшылығымен де хабарластым, олар осы күндері әскери ту өзгертілмегенін растады", - деп түйіндеді депутат.

Оның сөзін қорғаныс министрлігі ақпарат және коммуникация департаментінің басшысы Данияр Әлжанов та растады.

"Бұл – ақпарат жалған, сенуге болмайды", - деп қысқа қайырды ол.

Жаңалықтар
0