Қоғам

"Бір уақытта өзгерді": ұялы байланыс операторларының қулығы әшкере болды

© Sputnik / Владислав ВодневМобильный телефон в руке, архивное фото
Мобильный телефон в руке, архивное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Арнайы ережеде тарифтік жоспарлар туралы хабарландыру міндеті болса да, заңда әкімшілік жаза қарастырылмаған

НҰР-СҰЛТАН, 20 қараша – Sputnik. "Ақжол" фракциясының депутаттары үкіметке сауал жолдап, ұялы байланыс операторларының әрекетіне арызданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутат Екатерина Никитинскаяның айтуынша, биыл Activ, Kcell мен Beeline жаңа тарифтік жоспарға ауысты. Оған сәйкес, абоненттік төлемді төрт аптада бір рет жасау қажет.

"Бұрын ондай төлем айына бір рет жасалатын. Ал жаңа тарифтік жоспардың нәтижесінде әрбір абонент енді бір жылда 12 рет емес, 13 рет төлем жасайды. Былайша айтқанда, тарифті жасырын түрде 8 процентке көтеріп тастады", - деді Никитинская.

Оның сөзіне қарағанда, ұялы байланыс операторлары ресми түрде ескерту де жасаған жоқ. Себебі индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығында олқылық бар. Операторлар соны пайдаланып, тарифті көтеріп отыр. Ал арнайы ережеде тарифтік жоспарлар туралы хабарландыру міндеті болса да, заңда әкімшілік жаза қарастырылмаған.

"Бір қызығы, операторлардың тарифтік жоспарлары бір уақытта өзгерді. Соның арқасында олар жылына 38-50 миллиард теңге көлемінде қосымша табыс табады", - деп атап көрсетті Никитинская.

Тағы оқыңыз: Алматыда студенттің ажалына ұялы телефон себеп болды

"Ақжол" фракциясының депутаттары өз сауалын үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға жолдап, ұялы байланыс туралы ережеге өзгеріс енгізу мәселесін қарастыруды сұрады. Ал ұлттық экономика министрлігі арнайы тергеуді өткізуі шарт. Себебі операторлар өзара келісуі мүмкін.

Жаңалықтар
0