Қоғам

Тоқаев "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын қарайды

© Sputnik / Владислав ВодневУчитель на уроке с учениками
Учитель на уроке с учениками - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін ер азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру нормасы кеңейтілді

НҰР-СҰЛТАН, 26 желтоқсан – Sputnik. Парламент сенаты "Педагог мәртебесі туралы " заң жобасын бірден екі оқылымда қарап мақұлдады. Осыдан кейін құжат мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, заңда материалдық ынталандырудың бірнеше тетігі қарастырылған. Мәселен, дәптерді тексергені үшін қосымша ақылар екі есеге артады. Тәлімгерлік үшін бір базалық жалақы немесе 17 500 теңге ай сайын төленеді.

"Педагогикалық шеберлік үшін барлық мұғалімге 30-50 процент арасында қосымша ақы қарастырылған. Тағы бір маңызды мәселе, біраз жылдан бері колледж мұғалімдері, қосымша білім беру мен балабақша мұғалімдері категория бойынша ақы алмаған. Енді, осы мәселе де қарастырылды. Аттестация бойынша қосымша ақылар төленеді. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде педагогтерге қосымша ақы төлеуге құқылы", - деді Аймағамбетов сенаттың пленарлық отырысында.

Тағы оқыңыз: Білім министрі таяуда жақсы жаңалық болатынын мәлімдеді 

Заң жобасында педагог қызметімен айналысуға тыйым салу шарттары да бар. Атап айтқанда, психикалық және мінез-құлықта ауытқуы бар, дәрігердің бақылауында тұрған қабілеті шектеулі адамдарға педагогикалық қызметпен айналысуға рұқсат жоқ. Бұдан бөлек, мұғалімдердің этика мәселелеріне баса назар аударылады. Ол үшін әрбір білім беру мекемесінде әдеп кеңестері жұмыс істейді.

"Ал материалды емес ынталандыру тетіктері аясында мұғалімдердің балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беру нормасы қарастырылып отыр. Барлық педагог алдағы уақытта 56 күндік демалысқа шыға бастайды. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін ер азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру нормасы кеңейтілді", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.

"Педагог мәртебесі туралы" заң әзірленді

Білім және ғылым министрлігі "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын әзірлеп, мәжілістің қарауынан өткізген болатын. Осы құжаттың негізгі бағыттары:

  • Халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке үш лауазымдық айлық мөлшерінде біржолғы сыйақы төлеу;
  • "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағымен марапатталған педагогке 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2019 жылы 2,5 миллион теңгеге тең) біржолғы төлем беру;
  • 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектеп мұғалімдері үшін нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету;
  • Магистр дәрежесі үшін 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (25 250 теңге) қосымша ақы енгізу;
  • Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мұғалімдерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басым тәртіппен беру.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын біртіндеп екі есе арттыруды тапсырды. Осылайша, келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі.

Жаңалықтар
0