11:54 06 Шілде 2020
Тікелей эфир
  • USD405.69
  • EUR455.51
  • RUB5.72
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
190120

Өткен жылдың соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Педагог мәртебесі туралы" заңға қол қойды. Биылдан бастап осы құжаттың барлық бастамалары қолға алынуы шарт

НҰР-СҰЛТАН, 1 қаңтар – Sputnik, Арман Асқар. "Педагог мәртебесі туралы" заңда ұстаздар жалақысын көтеруден бастап олардың абыройына нұқсан келтіргені үшін айыппұл төлеуге дейінгі шаралар қарастырылған. Sputnik Қазақстан тілшісі заңның негізгі нормаларына шолуды ұсынады.

Қосымша ақылар

Заңда материалдық ынталандырудың бірнеше тетігі қарастырылған. Мәселен, дәптерді тексергені үшін төленетін қосымша ақы екі есе артады. Тәлімгерлік үшін ай сайын бір базалық жалақы немесе 17 500 теңге төленеді.

"Педагогикалық шеберлік үшін барлық мұғалімге 30-50 процент арасында қосымша ақы қарастырылған. Тағы бір маңызды мәселе, біраз жылдан бері колледж ұстаздары, қосымша білім беру мен балабақша мұғалімдері категория бойынша ақы алмаған. Енді осы мәселе де қарастырылды. Аттестация бойынша қосымша ақы төленеді", - дейді білім министрі Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган педагогтерге 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша ақы төлеуге құқылы.

Этика мәселесіне баса назар аударылады

Заң жобасында ұстаздық қызметпен айналысуға тыйым салу шарттары да бар. Атап айтқанда, психикалық және мінез-құлықта ауытқуы бар, дәрігердің бақылауында тұрған қабілеті шектеулі адамдарға педагогикалық қызметпен айналысуға рұқсат жоқ.

Бұдан бөлек, мұғалімдердің этика мәселесіне баса назар аударылады. Ол үшін әрбір білім беру мекемесінде әдеп кеңестері жұмыс істейді.

Тағы оқыңыз: Назарбаева "Күнделіктің" жұмысын кімдер шектеп отырғанын айтты

Ал материалды емес ынталандыру тетіктері аясында ұстаздардың балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беру нормасы қарастырылып отыр. Барлық педагог алдағы уақытта 56 күндік демалысқа шыға бастайды.

Сондай-ақ, білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін ер азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру нормасы кеңейтілді. Бұған дейін тек ауыл мұғалімдерінің әскери қызметі кейінге шегерілсе, енді осы жеңілдік барлық ұстазға таралады.

"Педагог мәртебесі туралы" заңның негізгі жаңалықтары

  • 2020 жылдан бастап жалақыны 25 процентке өсіру, осылайша төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есеге артады;
  • Халықаралық олимпиадалар, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған ұстазға үш лауазымдық айлық мөлшерінде біржолғы сыйақы төлеу;
  • "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағымен марапатталған педагогке 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2019 жылы 2,5 миллион теңгеге тең) біржолғы төлем беру;
  • 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектеп мұғалімдері үшін нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету;
  • Магистр дәрежесі үшін он еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (25 250 теңге) қосымша ақы енгізу;
  • Тәлімгерлік үшін қосымша ақы енгізу;
  • Сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе мөлшерде қосымша ақы төлеу;
  • Біліктілік санаттары бойынша мектеп директорлары мен орынбасарларының жалақысын арттыру;
  • Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру;
  • Ұстазды өз міндетіне жатпайтын жұмыстан босату; 
  • Педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30-50 процент аралығында жаңа қосымша ақы енгізу;
  • Мұғалімдердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беру.

Заң бұзғаны үшін қандай айыппұл қарастырылған

  • Жеке тұлғалардың ұстазға тіл тигізгені үшін 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде осы тәртіп бұзушылық қайталанса, онда 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынады;
  • Кәмелет жасқа толмағандардың педагогке тіл тигізгені үшін ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 30 АЕК-ке өседі;
  • Мұғалімді өз міндетіне жатпайтын функцияларға тартқаны үшін ескерту беріледі. Егер жыл ішінде қайталанса, 20-120 АЕК көлемінде айыппұл салынады;
  • Қарастырылмаған есептілікті талап еткені үшін алдымен ескерту жасалады. Егер бір жыл ішінде қайталанса, 20-120 АЕК көлемінде айыппұл салынады;
  • Қазақстан Республикасы заңнамасында қарастырылмаған тексерістер жүргізгені үшін ескерту беріледі. Егер бір жыл ішінде қайталанса, 20-120 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Тақырып бойынша

Білім министрі таяуда жақсы жаңалық болатынын мәлімдеді
"Кім жауап береді?": Сенатор білім саласындағы былықты жайып салды   
Тоқаев педагог мәртебесі туралы заңға қол қойды
2019 жылы бүкіл елді дүрліктірген оқиғалар - видео
Тышқан жылы: 2020 жылы болатын маңызды оқиғалар
Кілт сөздер:
заң, тіл тигізді, мұғалім
Загрузка...

Басты тақырып