Қоғам

Қазақстанда бірнеше қылмыстың жазасы қатаңдатылды

© Sputnik / Рамиль Ситдиков / Медиабанкке өтуАрхивное фото человека в клетке для подсудимых
Архивное фото человека в клетке для подсудимых - Sputnik Қазақстан
Жазылу
2019 жылдың соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық заңнаманы жетілдіруге арналған заңға қол қойды   

НҰР-СҰЛТАН, 3 қаңтар – Sputnik, Арман Асқар. 2020 жылдан бастап көлік құралын мас күйде жүргізу, мал ұрлығы, есірткі жарнамасы және браконьерлік үшін жаза күшейтілді. Sputnik Қазақстан заңның негізгі нормаларына шолу жасайды.

Көлікті мас күйінде жүргізгені үшін қандай жаза беріледі?

Бұған дейін сау жүргізушіге де, мас жүргізушіге де жаза бірдей болды. Биылдан бастап ол норма өзгерді. Мәселен, бұрын мас күйде ұсталған жүргізуші көлік жүргізу құқығынан екі жылға айырылып, 40 күнге дейін қамауға алынса, жаңа норма бойынша ондай адамдар 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Оған қоса, он жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айыру қарастырылған.

Өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру: жаңа норма түсіндірілді 

Ал мас жүргізуші біреуді мерт қылса, мынадай шаралар қарастырылған:

  • 10 жылға дейін түрмеге қамау;
  • өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру;
  • 30 күнге дейін қамауда ұстау.

Бұдан бөлек, көлік жүргізу құқығынан айырылған адам рөлде мас күйінде ұсталса, өмір бойына көлік жүргізе алмайды.

Есірткі жарнамасы үшін түрмеге қамайды

Қылмыстық заңнамаға есірткіге жарнама жасауға қатысты жаңа бап енгізіліп отыр. Себебі соңғы кездері интернетте де, ғимараттардың қабырғасында да есірткі заттарының жарнамасы көбейіп кетті. Енді, ондай әрекеттердің жазасы ауыр болады, тек бас бостандығынан айыру көзделген. Мерзімі – 6 жылға дейін.

Бұдан бөлек, заңсыз есірткі айналымы бойынша жазаны күшейту жоспарланған.

"Енді интернет арқылы, қоғамдық жерлерде, түнгі клубтарда, дәмханада, саябақта есірткіні таратқаны үшін жаңа құрам қарастырылып отыр. Жазаның мерзімі 15 жылға дейін болады. Ал кәмелеттік жасқа толмаған балаға осы жолдармен таратса, тіпті, өмір бойына бас бостандығынан айырамыз", - дейді бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

Мал ұрлығына қатысты бөлек бап болады

Заңнамаға енгізілген тағы бір жаңа бап – мал ұрлығы. Осы қылмыста "теріс қылық" пен "орташа ауыр қылмыс" деген анықтама болмайды. Ал жазасы күшейтіліп отыр. Соның ішінде келесі шаралар қарастырылған:

  • 7 миллион теңге көлеміндегі айыппұлдан бастап 5 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза;
  • ірі мөлшерде адамдар тобымен алдын ала сөз байласып жасалса, 7 жылға дейін түрмеге отырғызу
  • бірнеше рет немесе мал қораға кіріп жасалса, 10 жыл;
  • аса ірі көлемде және қылмыстық топ болса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Осы санаттағы қылмыстар бойынша татуласуға рұқсат жоқ. 

Педофилия үшін жаза күшейтілді

Биылдан бастап жыныстық қатынасқа қатысты қылмыстар ауыр қылмыс санатына өтті. Ал балаларға қарсы жасалған осындай қылмыстар аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылады.

"Сосын педофилия бойынша айғақтарды бұрмалағаны, жасырғаны үшін, жасырып қана қоймай, білім тұрып, хабарламағаны үшін де жауапкершілік көзделген. Бұл әрекеттер ауыр қылмыстар санатына кіреді. Мысалы, баланың зорланғаны туралы хабар бермегендер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - дейді бас прокурордың орынбасары.

Осы санаттағы ауыр қылмыстар бойынша татуласуға жол берілмейді. Ал балаларды зорлағаны үшін жазаның мерзімі 20 жылдан басталады.

Бұрын балаларды зорлау қылмысы бойынша жаза мерзімі 15-20 жыл аралығында, одан кейін жоғары кете беретін. Енді, тек 20 жыл және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы болады. Баланы өлтіргені үшін тура сондай жаза қарастырылған.

Браконьерлер қатаң жазаланады

2020 жылдан бастап Қазақстанда заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шығарылып, орта деңгейдегі қылмыс санатына жатқызылатын болады. Ондай қылмыстар үшін келесі жаза түрлері қарастырылған.

  • 10 миллион теңгеге дейінгі айыппұл және 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
  • қорықта заңсыз аңшылық пен балық аулағаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру; 
  • ірі мөлшерде және ұйымдасқан қылмыстық топпен жасалса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
  • киіктерді атқаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
  • браконьерлік қылмыстың барлық санаты бойынша заңсыз аң аулау құралары – қару-жарақтар, көлік пен мүлікті тәркілеу.

Заң бойынша орман шаруашылығы инспекторының өміріне қауіп төндіру құқық қорғау органдары қызметкеріне шабуыл жасаумен бірдей болады.

Жаңалықтар
0