Қоғам

2020 жылға жұлдыз жорамал: тышқан жылы кімдер үшін сәтті болады?

© Sputnik / Абзал КалиевВиды Нур-Султана зимой
Виды Нур-Султана зимой - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстандық танымал астролог Ирина Әбдірайымова алдағы 2020 жылға болжам жасады. Тышқан жылының кімдер үшін табысты болатынын жұлдыз жорамалдан оқыңыздар

НҰР-СҰЛТАН, 18 желтоқсан – Sputnik. Жаңа жылда әр жұлдыз белгісінің өз басымдықтары болады. Күтпеген өзгерістерді де ұмытпау қажет. Sputnik Қазақстан танымал астролог Ирина Әбдірайымованың 2020 жылға болжамын ұсынады.

Тоқты

Астролог мәліметінше, жаңа жылда Тоқты белгісінде туған адамдар негізгі үш мәселеге тап болады. Олар – қоғамда өз орнын табу, мансапқа жету және табысты болу.

"Әрине, олар көздеген мақсатына жету үшін тура жолмен жүруі керек. Дегенмен 2020 жылы Тоқтылар шытырман әрі құпия элементтерді іске қосады. Жұмыста сан алуан шиеленістерден алшақ жүріңіз. Әйтпесе, абыройдан айырылуыңыз мүмкін", - дейді Әбдірайымова.

Жылдың екінші жартысында сәттілік серік болады деген болжам бар. Ол үшін мақсат айқын болуы шарт.

Алайда оған жету жолында бір нәрседен бас тартуға тура келеді. Табандылық пен еңбекқорлық өз нәтижесін береді. 

"2020 жылы денсаулыққа қатысты көп проблема болмайды. Бірақ бірдеңе болып қалса, мысалы ота жасалса, Тоқтылар өз энергиясының арқасында тез жазылып, аяққа тұрып кетеді", - деп атап көрсетті астролог.

Торпақ

Бұл жұлдыз белгісі үшін жаңа жыл сәтті болады. Күтпеген жерде алыс сапарға шығуыңыз мүмкін.

Торпақтарды талқыға салады, бұқаралық ақпарат құралдары олар жайында жазуы да мүмкін. Бұл - бизнестің жарнамасын жасауға ыңғайлы уақыт.

"Жылдың бірінші жартысында көп өзгеріс болады. Иә, Торпақтар тұрақтылықты жақсы көреді, өзгерістерді онша ұнатпайды. Дегенмен жаңа жылда оған дайын болу қажет. Сол өзгерістерге өзіңізге де бастамашы болуға тура келеді", - дейді маман.

2020 жылы Торпақтар табысқа кенеледі. Энергиясы артып, өз-өзіне деген сенімі күшейеді.

Оптимизмі мықты болады. Алайда 21-22 күндері туғандар кәсіби тұрғыда қиындыққа тап болады.

Тағы оқыңыз: Қазақстандық маман 2020 жыл қандай болатынын айтты

Қателік кесірінен сәуір-тамыз аралығында мансапқа жету жолында проблемалар туындауы мүмкін.

28-і мен 2-сі аралығында туған Торпақтар күтпеген өзгерістерге кезігеді. Бұл өзгерістердің оң әсері де, теріс әсері де болады.

Алыс жолға шықпаған жөн. Шетелдік компаниялармен келісімге отырғанда барынша абай болу қажет.

Ал 8-13 аралығында туғандар бақытқа кенеледі. Бұрыннан бері ойлап жүрген арман-тілектері орындалады.

13-15 күндері дүниеге келген Торпақтардың аты кеңінен танылады.

Егіздер

Басқа жұлдыз белгілеріне қарағанда Егіздер үшін бұл жыл тыныш және бірқалыпты жыл болады. Шипажайға барып, жақсы демалып қайтасыз. Сол жерде жаңа таныстар табасыз.

"Еңбек жолында оң өзгерістер болады. Қызмет бабымен өсуіңіз әбден мүмкін. Жалақы көтеріледі деген болжам бар. Ақшамен жиі жұмыс істеуге тура келеді. Ол кредит пен қарыз мәселесі болуы мүмкін. Осы орайда банктен қарызға ақша алу жағынан абай болған жөн. Сосын, біреуге қарыз беруге асықпаңыз. Себебі ол ақшаны бірден қайтармауы ықтимал", - дейді Әбдірайымова. 

2020 жылы Егіздер өзге біреудің қаржы мәселесімен айналысады. Одан ірі көлемде пайда түседі, я болмаса, үлкен шығын келеді. Жұмысқа көп энергия кетеді.

Шаян

Бұл жұлдыз белгісі үшін оңай жыл болмайды, күрделі өзгерістерден өтуге тура келеді. Оның оң және теріс әсері болады.

Жалпы, өмірді түбегейлі өзгертуге дайын болу қажет. Шаяндарда ішкі трансформация процесі жүреді.

2020 жылы шығармашылық әлеуетіңізді толығымен ашуға мүмкіндік болады. Өзіңізді жаңа қырынан танисыз.

Құмар ойындар, инвестициялар мен бағалы қағаздармен абай болған жөн.

Тағы оқыңыз: Тышқан жылы: 2020 жыл қандай болады?

"Адамдардың уәделеріне көп сене бермеңіз. Сіздің өтінішіңіз орындалмай қалуы мүмкін. Бірақ өзіңіз де көп уәде бермеңіз. Себебі кездейсоқ жағдайларға байланысты айтқаныңызды орындамай қаласыз. Содан шиеленіс туындауы мүмкін. Әсіресе, мемлекеттік қызметте отырған адаммен, сондай-ақ өзіңіздің жеке басшыңызбен арадағы қарым-қатынасқа баса назар аударыңыз", - дейді маман.

13-20 күндері дүниеге келген Шаяндарда жылдың басынан сәуірге дейін, сосын тамыздан жылдың аяғына дейін жасы үлкен кісілермен және басшылықпен қарым-қатынас шиеленісіп кетуі мүмкін.

Айналадағы адамдарға ренжіп, тұйық болып кетуіңіз де ғажап емес. Осындайда бәрін кінәлайсыз.

13-і мен 15-сі аралығында туғандар үшін онша сәтті жыл емес. Жақын адамдардан айырылу мен туыстардың ауырып қалу қаупі бар.

Сот процесі болса, одан ұтылуыңыз мүмкін. Ал 28-2-сі күндері дүниеге келген Шаяндарға сәттілік серік болады.

Арыстан

2020 жылы өзгерістерге дайын болу қажет. Күтпеген жерде жұмыс бабымен көтерілуіңіз мүмкін.

Денсаулық пен гигиена мәселесіне баса назар аударуға тура келеді.

"Осы жұлдыз белгісінің кейбір өкілдері үй жануарларын әкелуге ниет танытады. Соның арқасында күйзелістен құтылуға тырысады. Әсіресе, жұмыста стреске салынбау керек. Өз-өзіне деген сенім төмендейді. Алаңдауышылық жиі болады. Осының бәрі денсаулыққа кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Сол себепті денсаулыққа мән беріп, тамақтану мен күн тәртібін сақтауға тырысасыз", - деді ол.

Жүкті болып қалуыңыз мүмкін. Бала немесе немере сүюіңіз де әбден мүмкін. Қаржы жағынан қиындық туындамайды.

Ал еркек Арыстандар жауапкершіліктен қашпай, үлкен шаруаларды атқарып шығады. Соның нәтижесінде қаржылық жағдайы жақсара түседі.

21-22 күндері дүниеге келген Арыстандар сәуір мен тамыз аралығында энергияның таусылғанын сезеді. Осы уақытта көздеген мақсатқа жету оңай болмайды.

Жұмыста біршама қиындық туындауы мүмкін. Денсаулыққа баса мән берген жөн. Күйгелектік жүрекке кері әсерін тигізеді.

28-і мен 2-сі аралығында туғандар күтпеген оқиғаларға тап болады. Әсіресе, кәсіби қызметте өзгерістер басталады.

Мысалы, басшылық ауысуы мүмкін. Содан жұмыс орнын ауыстыруға тура келеді.

Ал жыл соңында көңіл-күй көтеріледі. Негізі, Арыстандар үшін 2021 жыл әлдеқайда сәтті болады.

Бикеш

"Бұл жыл сан алуан қызықты оқиғаларға толы болады. Бикештердің оптимизмі күшейеді. Амбициясы да күшті болады. Келесі жылы үлкен махаббатқа тап болуыңыз әбден мүмкін. Романтикаға жақын боласыз. Мейрамхана, театр, музей, клуб пен көрмеге жиі барасыз", - дейді астролог.

Оның айтуынша, Арыстандар Бикештер сияқты нәрестелі болуы мүмкін. Шығармашылық бастамаларды іске асыруға, бизнес пен оқыту курстарын ашуға ыңғайлы уақыт.

Құмар ойындарда сәттілік серік болуы мүмкін. Алайда 8-13-і күндері дүниеге келген Бикештерге құмар ойындарға қатыспаған дұрыс, қатты ұтылуыңыз ықтимал.

28 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында туғандар күтпеген табысқа кезігеді. Ол махаббат болуы мүмкін. Онда бірден некеге тұрасыз, я болмаса, баспана сатып аласыз.

Бұдан бөлек, жақсы ұтыс немесе қызмет бабымен өсуіңіз әбден мүмкін. Ал 13-15-сі күндері дүниеге келген Бикештер күш-қуаттың артқанын сезеді. Оны ауыр мақсат-міндеттерге жұмсауға болады.         

Таразы

Бұл жұлдыз белгісі жұмыс, үй, отбасы, тұрғылықты жерді ауыстыру, жылжымайтын мүлікті сатып алу сияқты мәселелермен жиі айналысады.

Жанұя құрамы кеңейеді. Бұл дегеніміз, бала туады, я болмаса, үйге келін (күйеу бала) келеді.

Келесі жылы отбасылық бизнес мәселелері де көтеріледі. Бәлкім, дәл сол 2020 жылы ортақ бір кәсіпті бастайсыз. Жаңа үйді бірлесіп салуыңыз да мүмкін.

"Үй мен жұмыс мәселелері бойынша келіспеушіліктер болады. Бірақ осы жолы қоғамға қызмет етуден бұрын үй мәселелеріне көбірек мән беруге тура келеді. Сол себепті басшылықпен түсініспеушіліктер де туындауы мүмкін", - дейді Әбдірайымова.

Артық шығын шығармауға тырысыңыз. Жалпы, ақша жағынан абай болу қажет. Қамқоршылық пен ата-анаға деген құрметті ұмытпаған жөн.

13-20-сы күндері дүниеге келген Таразылар қаңтар мен сәуір аралығында, сосын тамыздан бастап желтоқсанның ортасына дейін психологиялық шаршау мен енжарлықты барынша сезеді.

Жұмыста қателік жіберуіңіз мүмкін, одан сөз естіп қалуыңыз да ықтимал. Сол себепті тым көп шаруа атқарап шығамын деп сөз бермегеніңіз жөн.

Ал 13-і мен 15-і аралығында туғандар үшін одан да ауыр жыл болады. Отбасында түсініспеушілік туындауы мүмкін. Өкпе-наз болады.

Ата-анаға ренжіп, бөлек шығып кетуіңіз ықтимал. Бірақ жылдың соңында бір жеңілденіп қаласыз. Өйткені жағымсыз нәрсенің бәрі артта қалады.                

Сарышаян

"Жаңа жылда Сарышаяндар өздері өзгеріс іздейді. Олар үнемі қозғалыста болады. Біраз шаруаны тындыруға тырысасыз. Сол себепті жаңа таныстар мен байланыстар көп болады. Қосымша білім аласыз, курстарға жазыласыз", - дейді Ирина Әбдірайымова.

Қағазбен көп жұмыс істеуге тура келеді. Құжат рәсімдейсіз, мақала жазасыз. Бәлкім, өз сайтыңызды немесе баспаханаңызды ашасыз. Халық арасында кеңінен таныласыз.

"Жалпы, Сарышаяндар үшін жақсы жыл болады. Ең бастысы, өз мүмкіндігіңізді жіберіп алмаңыз. Ондай мүмкіндіктер аз болмайды. Алдағы жылдың басты көрсеткіштері – оптимизм, жанұядағы береке және өзін-өзі дамытуға деген ұмтылыс. Қала немесе облыс аумағында көшуіңіз әбден мүмкін", - деп атап көрсетті маман.

Тағы оқыңыз: 2020 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар

Іссапар, қаржы салымдары, оқыту мен отбасылық мерекелер үшін сәтті жыл. Алайда 21-22-сі күндері туған Сарышаяндарға сәл қиындау болады.

Сәуірден бастап тамызға дейін сәттілік серік болмауы мүмкін. Сіздің ортаңыздан кейбір адамдар кетіп қалуы ықтимал. Дегенмен сенімді әрі адал адамдар қалады.

28-і мен 3-і аралығында дүниеге келген Сарышаяндар да күтпеген жерден жағымсыз жағдайларға тап болуы мүмкін. 8-13-і күндері туғандар махаббатын кездестіріп, үйленеді.

Мерген

Бұл жұлдыз белгісі үшін ақша, материалдық табыс, жақсы жұмыс жылдың негізгі басымдықтары болады. Күтпеген қонақтар келіп, жағымды өзгерістерге себеп болуы мүмкін.

Мергендер жаңа жылда жеке бизнес ашу жағын ойластырады. Дегенмен қаржы жағынан керемет табыс болады деп айту қиын. Оң нәтиже тек ақшаны үнемдеуден ғана шығады.

"Келесі жылы мекенжайыңызды ауыстыруыңыз мүмкін. Қала немесе облыс аумағында басқа жерге көшесіз. Іні-қарындастың мәселесін шешуге тура келеді. Дегенмен олар да өз қолдауын жасайды. Көлік сатып алу мәселесі көтерілуі мүмкін. "Сабыр түбі – сары алтын" деп, бір нәрсеге басымдық берсеңіз, сөз жоқ, көздеген мақсатыңызға жетесіз. Сізге жауапты іс жүктелуі мүмкін. Оған біраз уақыт пен күш-жігер жұмсауға тура келеді. Алайда оны да абыроймен атқарып шығасыз", - дейді ол.

8-і мен 13-і аралығында туған Мергендер, алдауға түсіп қалмаңыз. Көліктен құжат, телефон, сөмке ұрлануы мүмкін.

Қаржы келісімдері мен биржалық операциялардан алшақ жүріңіз. Ол жерде алаяқтыққа тап болуыңыз ықтимал.

Тауешкі

"2019 жыл онша жайлы жыл болған жоқ. Дегенмен 2020 жылы үлкен бақыт ғаламшары – Есекқырған Тауешкі белгісі арқылы өтеді. Бұл барлық Тауешкіге табыс әкеледі. Бірақ бақытсыздық ғаламшары – Сатурн да осы белгіден тек жыл соңында шығады. Сол себепті жаңа жыл сан алуан оқиғаларға толы болады. Әсіресе, бірінші жартыжылдықта көп өзгеріске дайын болу қажет", - деп атап көрсетті Әбдірайымова. 

Кәсіби қызмет жағынан күрделі өзгерістер болуы мүмкін. Басқа мамандықты игеріп кетуіңіз де ғажап емес. Дегенмен Тауешкіге тән сақтыққа басымдық беріледі.

Күтпеген жерде шығын шығуы мүмкін. Алайда қосымша табыс та болады. Мәселен, жалақы өседі.

13-і мен 20-сы аралығында дүниеге келген Тауешкілерде қаңтар-наурызда және тамыздан бастап желтоқсанның ортасына дейін қосымша жұмыс алуға тура келеді. Бірақ одан қашпау керек.

Себебі бұл алдағы 30 жылға пайдасын әкеледі. Сондықтан дәл осы міндеттерді шешуіңізге қарай болашағыңыз айқындалады.

Ал 8-13-і күндері туған Тауешкілерге өзге адамдардың ықпалы түсуі мүмкін.

Суқұйғыш

2020 жыл жұмбақ пен құпияның жылы болады. Жасырын дұшпандар болуы мүмкін. Өзіңіз құпия кездесулерге қатысып, алыс сапарға шығасыз деген болжам бар.

"Барлық жоспарды орындауға көп энергия кетеді. Суқұйғыштар барлығына өздері бастамашы болады. Спортты қолға алып, өзіңізге де уақыт бөлу керек. Имиджді өзгертуіңіз де әбден мүмкін. Еркіндік шекарасын кеңейтуге деген құлшыныс болады. Интернет арқылы танылатын Суқұйғыштар да болады", - дейді маман.

27-сі мен 2-сі аралығында туғандар көңілге келетін хабарды алады. Осы хабар сіздің өміріңізді өзгертуі мүмкін.

Идеялар көп болады. Бірақ оның бәрін жүйелеп алған жөн. Сапарлар кезінде жағымсыз жағдайлар болуы мүмкін. Туған-туыс пен дос-жаранмен байланыс үзілуі ықтимал.

20-21-сі дүниеге келген Суқұйғыштарға денсаулыққа баса назар аударған жөн. Онсыз ауруханаға түсіп қалуыңыз әбден мүмкін.

Әсіресе, наурыздың ортасынан маусымның ортасына дейін абай болыңыз. Депрессияға түспесеңіз, тез жазыласыз.

Балықтар

Жылдың басы, нақты айтқанда, бірінші тоқсан жайлы болады. Шабытыңыз тасып, мансабыңызға жетесіз. Ондай мүмкіндіктер көп. Сіз оны қалт жібермейсіз.

"Балықтар көбінесе жасырын әрекет етеді. Жаңа жылы дәл осы әдіс оң нәтиже береді. Дегенмен қоғамда ашық түрде әрекет етуге тура келеді. Сонда сізді байқайды, жұмысыңызға баға береді. Соның арқасында қызмет бабымен өсуге мүмкіндік бар, нақты нәтижеге де жетуге болады", - дейді астролог.

Шығармашылық қызметте кездейсоқ жағдайлар болуы мүмкін, күтпеген жерде табыстың көлемі де өсуі ықтимал. Алайда ақшаны жинау қиынға түседі.

Себебі жоспардан тыс шығындар болады. Әсіресе, 13-15-сі күндері дүниеге келген Балықтарды өте жайлы өзгерістер күтіп тұр.

Жаңалықтар
0