Қоғам

Жылап жүріп күйеуіме телефон шалдым – "Бек Эйр" бортсерігінің жұбайы

© Photo : Александр МирогловСпасательные работы при крушении самолета под Алматы
Спасательные работы при крушении самолета под Алматы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Алматы қаласының түбіндегі әуе апатынан аман қалған екінші бортсерік Мұрат Саховтың жұбайы мәлімдеме жасады

НҰР-СҰЛТАН, 8 қаңтар – Sputnik. Алматы маңындағы ұшақ апатында жанқиярлық танытқан экипаж мүшелеріне құрмет көрсетілуі тиіс. Әуе кемесі құлаған сәтте өмір мен өлім арасында жолаушыларды жанталаса құтқарған екінші бортсерік Мұрат Саховтың жұбайы Шахноз Сахова осындай пікірде.

Айта кетейік, 27 желтоқсанда "Бек Эйр" әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырап, 12 адам қаза тапқан еді. Опат болғандардың арасында экипаж командирі де бар.

Тағы оқыңыз: Bek Air-дің аман қалған жолаушысы ұшақта не болғанын айтып берді

Ал, Шахноз Сахованың айтуынша, бір өлімнен аман қалған күйеуі әлі өз-өзіне келе алмай жүр екен. Десе де,  қызметін тастауға ниеті жоқ.   

Шахноз Сахова – апатқа ұшыраған әуе кемесінің екінші бортсерігі Мұрат Саховтың жұбайы. Жолдасының тірі қалғанына мыңда бір шүкіршілік еткен келіншек ұшақ жерге құлаған сәтте қаннен-қаперсіз үйде болғанын айтады. Апат туралы таңғы тоғызда бір-ақ естіген, оған ең әуелі күйеуінің досы хабарласыпты.

"Ол маған, Шахноз, ұйқыңнан оян, ұшақ құлады деді. Қатты шошып кеттім. Жалмажан жылап жүріп күйеуіме телефон шалдым. Мұрат тұтқаны көтерді де: "Менде бәрі жақсы, жарақат алмадым, сабыр ет. Қазір сөйлесе алмаймын, адамдарды шығарып жатырмыз" деп жауап берді", - дейді Шахноз Сахова.

Ол адамдар толық құтқарылғанша, сол жерде болыпты.  

Шахноздың айтуынша, түс кезінде өңі қуарып үйге жеткен күйеуі қан жұққан киімін ауыстырып, мешітке барыпты. Артынша оны жауап алуға шақырған. Содан бері бірнеше рет тергеушілердің алдына барыпты. Бірақ, апатты өз көзімен көрген Мұрат отбасы ошақ қасында бұл тақырыпқа оралғысы келмейді, деп хабарлады КТК.

Айта кетейік, үш ұл өсіріп отырған бортсерік осы салада 3 жылдан бері қызмет етеді. Ал жолдасының әлі де өз-өзіне келе алмай жүргенін жеткізген келіншек апат кезінде жанқиярлықпен жолаушыларды құтқарған экипаж мүшелері "назардан тыс қалмауы керек" дейді.   

"Бір жігіт апат кезінде аяғы ауыр келіншекті денесімен жауып қалған. Оның әрекетіне ерекше сүйсіндім. Кейін оған медаль тапсырғанын көрдім. Сондықтан әйел ретінде күйеуімнен "неге сендер туралы ештеңе айтылмайды" деп сұрадым. Ол мені сабырға шақырғаннан басқа жауап қатқан емес. Ұлдарым әкесін әрқашан мақтан тұтса екен деймін", - деп атап өтті келіншек.

Әуе аптынан жүрегі шайлыққан келіншек жолдасынан жұмыс ауыстыруын өтінген көрінеді. Бірақ, бір өлімнен аман қалған Мұрат Сахов қызметінен кетпейтінін айтыпты.

Алматы түбіндегі ұшақ апаты

Ұшақ апаты 27 желтоқсан таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш жансақтау бөліміне түсті. Қазір ол есін жиды.

Ішкі істер министрлігі әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаж қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызмет жұмысы.

Ұшақтың қара жәшігі Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне тапсырылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланбақ.

Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Жаңалықтар
0