04:07 09 Сәуір 2020
Тікелей эфир
  • USD435.54
  • EUR473.08
  • RUB5.76
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
493 0 0

Ухань қаласынан елге жеткізілген қазақстандық студенттер екі апта бойы астанаға жақын жердегі көпбейінді ауруханада карантинде болған

НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik. Бүгін Қытайдың Ухань қаласынан қайтарылған қазақстандық студенттер халық алдына шығып, тілшілердің сұрағына жауап берді. Арнайы баспасөз мәслихатына 80 студенттің атынан екі адам келді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Оқуымды аяқтап шығуым қажет"

Гүлбақыт Болатбекқызы - Ухань университетінің Phd студенті. Оның айтуынша, қаланың жабылатыны туралы ақпарат 22 қаңтарда жарияланды. Аталған шара Қытайдың жаңа жылымен тұспа-тұс келді. Ондайда барлығы дүкеннен тамақты көптеп сатып алады. Себебі мереке күндері супермаркеттер жарты күн істейді.

"Біз бір-екі аптаға тамақ сатып алдық. Содан 22 қаңтарда Ухань қаласының жабылатыны туралы хабар келді. Әуе мен жол қатынасын толығымен тоқтатты. Төтенше жағдай жарияланды. Бәрімізге үйден шықпасын деді. Жарайды, тамақ бар дедік те, кампуста отырдық. Бетпердені де таратып берді", - дейді Болатбекқызы.

Оның айтуынша, студенттік кампустың аумағы үлкен, Нұр-Сұлтанның сол жағалауымен бірдей. Оның ішінде дүкен де, кинотеатр да, бәрі бар. Ол жерде тек оқытушылар мен студенттер ғана тұрады.

"Дүкенге бір маршрутпен ғана барып жүрдік. Кураторға нақты келетін уақытымызды да айтып кететінбіз. Бетперде, көзілдірік пен қолғап киіп жүрдік. Сөйтіп, бір сағат, ары кетсе, екі сағатқа шығып тұрдық. Қалада дүрбелең болған жоқ. Нан үшін ешкім төбелескен жоқ. Барлығы тәртіппен атқарылды", - деді Болатбекқызы.

Тағы оқыңыз: "Бұл нақты дерек": дәрігерлер Қытайдан Нұр-Сұлтанға келген қызға диагноз қойды

Гүлбақыт елге эвакуацияланғаннан кейінгі карантинге де тоқталды.

"Қазақстанда біз көпбейінді ауруханада жаттық. Барлық сынамалар алынды. Бәрімізде теріс нәтиже тіркелді. Жалпы, Қытаймен бірге санағанда біз карантинде 24 күн отырдық. Негізі, шипажайдың демалысынан кем болмады. Төрт мезгіл тамақ берілді, психологтар жұмыс істеді. Бәрі кәсіби деңгейде атқарылды. Сол үшін үлкен алғыс айтамыз", -  деп атап көрсетті Болатбекқызы.

Студент қыз шекараны ашқаннан кейін Қытайға барып, оқуды жоспарлап отыр. Мамандығы – халықаралық құқық. Ғылыми жұмысы - Еуразиялық экономикалық одақ. Гүлбақыт Phd дәрежесін алып шығуға мүдделі.

Қытай билігі қысым жасаған жоқ

Дәурен Уришанов та Ухань қаласына қатысты алыпқашпа әңгімелерге сенбеуге шақырды.

"Уханьда тамақ жоқ деген видеолар тарады. Бұның бәрі – өтірік. Мен өзім сол қалада оқимын. Супермаркеттер күні бойы ашық тұрады. Азық-түлікті күнде әкеледі. Су да, дәрі де, бәрі бар. Ал интернетте жүрген видеолардың біреуі ескі болса, енді біреуі Уханьға ешбір қатысы жоқ", - дейді Үришанов.

Оның айтуынша, бас кезінде жергілікті халық жаңа вирусқа қатысты әңгімелерге көп мән бермеді. Артынан үкімет ресми ақпарат таратып, ескерту жасағаннан кейін барлығы сақтық шараларын қолға алды. Ал қазақстандық студенттерге елшілік мамандары хабарласып, санитарлық-гигиеналық шараларды барынша сақтауды тапсырды.

"Далаға шықсақ, тек бетпердемен жүрдік. Үйге келгеннен кейін қолға дезинфекция жасап отырдық. Бәрін инструкция бойынша жасадық қой. Қала тыныш, ешқандай дүрбелең болған жоқ. Адамдар үйде отырады. Азық-түлік керек болған жағдайда ғана дүкенге шығады. Көшеде ешкім құлап жатқан жоқ", - деп атап көрсетті Уришанов.

Студент Ухань қаласында жүргенде өзіне хабарласқан тілшілерге не себепті сұхбат бермегенін де түсіндірді.

"Маған да бір-екі рет хабарласты. Мен сұхбат бермеймін дедім. Себебі бізге ата-атамыз күніне он бес рет қоңырау шалады, ағайындар бар, достар хабарласады. Сұрайтыны бір – коронавирус. Шынымды айтсам, біз ол сұрақтан моральды тұрғыда шаршап кеттік. Содан бәріміз чат арқылы ақылдасып, сұхбат бермейміз деп келістік. Қытай билігі тарапынан ешқандай қысым жасалған жоқ", - дейді Уришанов.

Студенттерді қалай эвакуациялады?

Қазақстан екі апта бұрын коронавирус тараған Қытай қаласынан 83 қазақстандық (олардың 80-і – студент), бес Беларусь азаматы мен бір Армения азаматын әкелген болатын.

Бұған қоса, 18 қырғызстандықты эвакуациялады, оларды арнайы бортпен Бішкекке жіберді.

Қазақстанға келгендер астананың көпсалалы ауруханасы жанындағы арнайы бөлінген инфекцияға қарсы корпуста 14 күндік карантинде болды. Ол аурухана Нұр-Cұлтан қаласынан жеті шақырым жерде орналасқан.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов карантинттен шыққандардың барлығын тұрғылықты мекенжайлары бойынша қосымша бақылауды тапсырды.

Тақырып бойынша

Қытай Қазақстанға өтініш білдірді
"Қорқынышты": Қазақстан студенттері Уханьда не боп жатқанын айтты - видео
Нұр-Сұлтанда әйел коронавирус жұқтырдым деп күдіктеніп, емханаға келді  
Коронавирус тараған лайнердегі қазақстандықтарға қатысты тың дерек айтылды
АҚШ елшісі Қазақстанның коронавирус қаупіне дайындығы жайлы мәлімдеме жасады
Кілт сөздер:
сұхбат, студенттер, карантин
Загрузка...

Басты тақырып