04:15 06 Сәуір 2020
Тікелей эфир
  • USD443.50
  • EUR479.47
  • RUB5.79
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
117110

Кәсіпкер Анар Бексұлтанова – ерекше қабілеті бар адам. Ол мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп, нағыз мүмкіндігі шектеусіз адамның тұлғасын қалыптастыра білді

НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik, Асқар Арман. Туғаннан екі қолы жоқ болса да, аяғымен сурет салып, кесте тігуге үйренді, ана болды, жеке бизнесін ашты. Sputnik Қазақстан тілшісі кәсіпкер әйелмен кездесіп, өмірдегі ең үлкен мотивациясын білген еді.

"Әрбір істе қайыр бар"

Анар Бексұлтанова Жамбыл облысының Талас ауданында дүниеге келген. Көпбалалы отбасыда жеті бала болған. Анар – бесіншісі. Анасы аяғы ауыр болып жүргенде сырқаттанып қалған. Бұның бәрі жатырдағы балаға да әсер етті.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Анар Бексултанова/JASAUTARAZ (@ademi_qyz_jasay)

Содан Анар басқалардан өзгеше болып туды. Дегенмен, кішкентай қыз ата-анасының тәрбиесі мен құрбы-құрдастарының қолдауы арқасында басқа адамдардан өзгеше екенін сезген жоқ. Барлық баламен бірдей сабаққа барды. Сөйтіп, мектепті де бітірді, университетке грантқа да түсті.

Анар мұғалім болуды армандайтын. Бірақ дәл осы арманына жақындағанда ауыр сынаққа тап болды. Университетте мүгедектікке байланысты сабақ беруге рұқсат берілмейтінін ескертсе де, оқуды бітіргесін ол да курстастары сияқты жұмыс іздеуге кірісті.

"Талай жерге бардым, талай есікті қақтым. Сөйтіп, маған мүмкіндік береді-ау деген бір кісіге бардым. Мен мұғалімдікті алып кете аламын, бір ай мүмкіндік беріңізші, болмаса, өзім-ақ кетемін дедім. Сол мүмкіндікті бермеді. Сен бірінші топтағы мүгедексің, жәрдемақы аласың, заң бойынша жұмыс істеуге қақың жоқ деп қайтарып жіберді. Шынымды айтсам, сол нәрсе мені жігерлендірді. Одан кейін мен ауылға қайтпадым. Қазір ойлап қарасам, әрбір істе қайыр бар", - дейді Бексұлтанова.

Жақсы сөз - жарым ырыс

Анар мұғалім қызметіне тұра алмаса да, облыстық мұражайға жұмысқа орналасты. Өзінің қарым-қабілетін дамытуға күш салды. Сурет салып, кесте тігуді қолға алды. Сөйтіп, өз кәсібін бастауға шешім қабылдайды.

"Бизнесті бастау қатты қиын болған жоқ. Қарызға ақша алып, жайлап бастап кеттік. Қасымда екі әкпем болды. Тауарға өзіміз барып жүрдік. Алдымен өзіміздің таныс-тамырлардан бастадық. Сөйтіп, адамдар бір-бірінен естіп келе берді. Бизнесті бастасаң, тұтынушылар не керек екенін өздері айтады. Солай алып кетуге болады", - деді Бексұлтанова.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Анар Бексултанова/JASAUTARAZ (@ademi_qyz_jasay)

Оның айтуынша, қыздың жасауына тапсырыс көп. Басында тапсырыс аз болса, бара-бара көбейе түсті. Жасаудан бөлек жұмыс та аз емес.

Анар мемлекеттік қолдауды да қалт жібермейді. Бизнес бағдарламаға қатысып, ақшалай грантқа ие болды. Оған қосымша техника сатып алды. Бүгінде үйдің жанынан шеберхана да ашты. Жеке бутигі де бар.

"Қазір сауда орталығында "Әдемі қыз жасауы" деген бутигіміз бар. Үлкен қызым Әдеміге осыны сен жалғастырасың деп, ылғи айтып отырамын. Ал, кіші қызыма "Саған Сұлуайым кондитерлік фабрикасын" ашамыз деп айтамын. Жақсы сөз - жарым ырыс", - дейді Бексұлтанова.

"Енді жыламаймын..."

Бүгінде Анарды мотивациялық дәрістерге жиі шақырады. Ол әрбір адамның мүмкіндігі шектеусіз екенін үнемі айтып отырады.

"Ештеңеден қорықпаңыз. Адамда ниет болса, кез келген мақсатқа жете алады. Қиыншылықсыз болмайды. Мысалы, мен университетке бірден түсе алмадым. Бірақ екінші рет тапсырғанда грантқа түсіп кеттім. Бизнеске гранта алғанда да солай болған. Иә, оңай емес. Бірақ оған да жеттім. Табандылық таныту қажет. Сонда бәрін жасауға болады", - деп атап көрсетті Бексұлтанова.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Анар Бексултанова/JASAUTARAZ (@ademi_qyz_jasay)

Оның айтуынша, "Мен істей алмаймын, қолымнан келмейді" деген сөз – жалқаудың әңгімесі. Бір адам істей алатын нәрсені екінші адам да жасай алады.

"Иә, бұл – менің ұстанымым. Бір адам істей алатын нәрсені екінші адам да жасай алады. Соған көзім жетті. Адамның қолынан келмейтін кәсіп жоқ. Болмай бара жатса, басқа салаға ауысу керек. Сонда ғана өз жолыңызды, өз кәсібіңізді, өз ісіңізді таба аласыз. Нақты нәтижеге ұмтылсаңыз, көздеген мақсатыңызға жетесіз", - дейді әйел.  

Анардың өзі кез келген істі барынша үздік жасауға тырысады. Сурет дұрыс шықпаса, жаңадан салады. Жастық-көрпенің оюы ойдағыдай жатпаса, тағы тігіп шығады. Осылайша, өз шеберлігін шыңдап отырады.

"Мен құласам, одан сайын жігерленемін, енді құламаймын деп. Жыласам, енді жыламаймын деп өзімді қайрап келемін. Қиыншылықсыз іс болушы ма еді? Одан қашпау керек. Адам алдына мақсат қойып, жоспар құрса, ал, ең бастысы, нәтижені көремін десе, бір күн, бір ай, бір жыл өтер, бірақ ол нәтижесін көреді. "Осы мен кіммін?" деген сұрақты жиі қою керек", - деді Бексұлтанова.

Кәсіпкер Анар Бексұлтанова
© Photo : Анар Бексұлтанованың жеке архивінен
Кәсіпкер Анар Бексұлтанова

Анар өз қыздарын да солай тәрбиелейді. Екеуі де құрақ құрап, тігуді үйренді. Тәтті торт та пісіруді біледі.

"Мен өзім тағдырыма ризамын. Өмірді жақсы көремін, өз ісімді жақсы көремін. Екі тамаша қызым бар. Үлкен қызым оң қолым болса, екінші қызым - сол қолым. Олар менің кәсібімді жалғастырады деген үміт бар", - деп түйіндеді Анар.

Тақырып бойынша

"Сау жерім қалмады": жазылмайтын ауруға шалдыққан астаналықтың әңгімесі
"Балталап тастадым": павлодарлық қанішердің өлер алдындағы ашық әңгімесі
"Алғаш рет шын ғашық болдым": қарттар үйінде сүйіктісін кездестірген қарияның әңгімесі
Келіндердің аузына түкіреді: елордалық егіз қарияның қызықты әңгімесі – видео
Гауһар тойын дүркіретіп тойлады: 60 жыл отасқан қариялардың әңгімесі - видео
Загрузка...

Басты тақырып